Басты бет » Жаңалықтар » ТІЛ — ҰЛТТЫ ҰЙЫСТЫРУШЫ ҰЛЫ КҮШ

ТІЛ — ҰЛТТЫ ҰЙЫСТЫРУШЫ ҰЛЫ КҮШ

Әділбек ҚАБА, 

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы: 

— Қадірменді тілім тірегім деп танитын қауым, тіл жанашырлары, тілші ғалымдар, сала мамандары! Сіздерді бүгінгі Тіл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Тіл — ұлттың жаны. Тіл — ұлттың рухы. Ұлттық нышаны.

Мемлекеттік тіл — Қазақстан халқын ұйыстырушы бола алатын ұлы күш.

Бұл орайда Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында: «Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюы тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі» — дегені, мемлекеттік тілдің мәртебесін айқындай түсетіні сөзсіз.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту арқылы ел бірлігін күшейту, мемлекет тұрақтылығын қамтамасыз ету тұрғысынан бірқатар нақты іс-шаралар жүзеге асырылуда. Соның бірі — қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру.

Осы бағытта «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында техникалық және кәсіптік білім беру, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі ұйымдар үшін қазақ тіліндегі оқулықтар әзірлеу, тіл үйретуді қазіргі техника мен заманауи технологиялар арқылы іске асыру, жалпы цифрлық кеңістікке қазақ тілін енгізу, «Abai.institute» жобасы арқылы ел азаматтары мен шетелдегі қазақ диаспорасына қазақ тілін оқыту, терминдерді біріздендіру, қазақ тілінің ұлттық корпусын әзірлеу, көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру, ортологиялық еңбектер басып шығару, ересектерге тіл оқыту әдістемесін жетілдіру және т.б. бағыттарда жұмыстар жүргізілуде.

Мәселен, қазақ тілінің ұлттық корпусына биыл 10 миллионға жуық ауызекі тіл және публицистикалық мәтіндер жинақталып, енгізіледі. Бұл қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруға бір қадам жақындатпақ.

Тіл үйрету мәселесі әр кезде де өзекті. Бүгінгі күні өңірлердегі 111 тіл оқыту орталықтары арқылы кез келген азамат қазақ, орыс, ағылшын тілдерін тегін оқи алады.

Биыл Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі ұлт ұстазы, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орайластырылып белгіленгені мәлім.

Осыған орай ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб-пәтерінде, ТҮРКСОЙ аясында отандық және шетелдік зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Ыстамбұл қаласында және Түркістан қаласында өткізілетін халықаралық іс-шаралар Ахаң мұрасын жас ұрпаққа насихаттауды, жеткізуді мұрат етеді.

Жыл көлемінде ұлт ұстазының таңдамалы еңбектерін орыс, ағылшын және түрік тілдеріне аудару, ғылыми еңбектерінің толық жинағының 12 томдығын баспадан шығару, Ахмет Байтұрсынұлының және «Алаш» қозғалысының басқа да қайраткерлерінің еңбектерін шетелдердің архивтерінен іздестіріп, ғылыми айналымға енгізуге бағытталған зерттеу жұмыстары жүргізіледі.

«Ахмет Байтұрсынұлы» ведомстволық төсбелгісі, мерейтойлық пошта маркалары, коллекциялық монеталар әзірленіп, айналымға шықты.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қазақстан Республикасының гуманитарлық ғылымдар саласындағы мемлекеттік сыйлығын тағайындау жұмысы жүргізілуде.

Өз дәуірінде «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген Ахмет Байтұрсынұлының ұлағаты бүгінде ұлттың рухын көтерер орынды сөз. Еліміздің татулығы мен бірлігін, ынтымақтастығы мен елдігін арттыратын, елдігімізді паш ететін, жас ұрпақты патриотизмге баулитын – осы тілдің құдіреті.

Тіліміздің мерейі асқақтай берсін! Мереке құтты болсын!