Басты бет » Жаңалықтар » Ойыншық неге құбыжыққа айналып барады?

Ойыншық неге құбыжыққа айналып барады?

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті еліміздегі 1 499 ойыншық үлгісі тексеріп, оның 706-сы қауіпті екенін анықтады.

«706 үлгі «Ойыншықтар қауіпсіздігі туралы» ережеге сәйкес келмейтіні анықталды. Олардың ішінде 9 Қазақстанда (1,3%), 59-ы Еуропа экономикалық одағында (8,4%), 638-і өзге елдерде (90,3%) жасалған», – делінген комитет хабарламасында.

Санитарлық-химиялық тексеріс нәтижесінде 23 үлгіде ксилол, бензол, фенол, гептан, формальдегид және этилацетат секілді қоспалардың шамадан тыс көп екені анықталған.

Кәсіпорындардан 21,5 келі ойыншық тәркіленді. Сонымен қатар өнімдер қауіпсіздігін дәлелдейтін құжаттарсыз сатылып келген.

****

Жазушы Федор Достоевский «Бала бола алмаған адамнан жақсы азамат шықпайды» депті. Расында, ойынның қызығын алаңсыз көріп, бала кездегі достықтың ащы-тұщы дәмін татпаған ұл-қыздың көңілі жартыкеш болатын сияқты. Бала ойынмен өседі. Өзін достары арасында еркін сезінеді, білмегендерін бір-бірінен сұрайды, пікір таластырады, жаман мен жақсыны айыруға үйренеді. Олар бір-бірін тәрбиелейді. Ата-ана баласының ортасының қандай екенін білуі тиіс. Қалай болғанда да, балапандарымыз қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Сондықтан кіммен ойнайды, қандай тақырыпта сөйлеседі, соны суыртпақтап сұрап, біліп отыруымыз керек.

Еркелетудің де жөні бар. Ұл-қызым сұрайды деп кез келген нәрсені сатып әперуге тырысатын ата-аналарды түсінбеймін. Орақаңдар айтпақшы бәрі «в меру» болуы керек. Онысыз болмайды. Өмір деген даңғыл жол емес, бала: «Жоқ, болмайды, обал, ұят болады» деген сөздерді түсініп, санасына тоқып өссе, нұр үстіне нұр болады.

Мына суреттерідей Хаги-ваги деген үшбұрышты басты, тістері сақсиған, қорқынышты құбыжық жұмсақ ойыншықты іздеп, сабылып жүрген жұрт көп. Қолдарында осындай ойыншығы бар кішкентайлар толып кетіпті. «Мультик кейіпкері» дейді. Ондай ойын да бар екен. Қызым: «ол кісі жегішке айналған фабрика қызметкері» дейді. «Аномалия құрбаны» дейді. Сонда кей ата-ана осы ойыншық арқылы ойын баласының санасына қандай түсінік-ұғымды сіңіріп жатыр?

Гүлбаршын Әжігереева

Пікір жазу