Қазақстандағы бірнеше ІТ-жобаны біріктіруші Bugin Holding компаниясына бизнесмен Балтабек Мұқашев пен EPG Education адам капиталын дамыту қоры 2,4 млн доллар инвестиция салды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Инвестиция аталмыш компанияның Қазақстандағы жобаларын дамытуға, LMS жаңа өнімі (мектеп процестерін автоматтандыру) мен ТМД-дағы алғашқы гибридтік мектепті құруға жұмсалады. Сонымен бірге Daryn.Online мен EduCenter жобалары Өзбекстан нарығына жол тартпақ. Одан кейін Орта Азия мен Иран нарығына шығу жоспарлануда. Осылайша, отандық стартап жоба әлемге әйгілі брендке айналады деген үміт бар.
Стартаперлер жасаған республикалық білім беру платформасына бүгінде 3,6 млн оқушы мен 350 мыңға жуық мұғалім тіркелген. Платформа базасында министрлік стандартына сай жаңартылған бағдарлама бойынша 1-11 сынып оқушыларына 24 000 астам видеосабақтар түсіріліп, 250 000 тест тапсырмалары дайындалған. Мектеп түлектері білікті методистер дайындаған ҰБТ байқау сынағын 1,2 млн рет тапсырған. Республика бойынша платформамен 2000-нан астам мектеп жұмыс жасаған.
Айта кетейік, инвестиция алып, жаңа мүмкіндіктерге қолы жеткен компания «OrdaGen» атты балаларға арналған арнаулы жобасымен (мобильді қосымша, кітап және анимациялық мультфильм) де белгілі. Онда қазір мыңнан астам қазақша ертегі бар екені белгілі.
Сонымен бірге Daryn Tandau атты мектеп бітіруші түлектерге немесе мамандандырылған мектептерге түсуге үміткер оқушыға дұрыс таңдау жасауға көмек беретін жобасы да белгілі. Онда отандық оқу орындарын ғана емес шетелдік оқу орындарын да таңдауға болады.
2022 жылы холдингтің табысы шамамен 2,8 млрд теңгені құрайды деп күтілуде.