Басты бет » Жаңалықтар » МАЙРА — ҮЗДІК КӘСІПКЕР

МАЙРА — ҮЗДІК КӘСІПКЕР

Жақында «BILIM-ORKENIETI» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен 18-39 жас аралығында «Жылдың үздік жас кәсіпкері» атты республикалық форум өтті. 

Еліміздің белсенді жас кәсіпкелерінің арасында байланыс орнату, жасап жатқан еңбектерін қоғамға кеңінен насихаттау, жас кәсіпкелерге қолдау көрсету, кәсіби біліктіліктерін шыңдау — форумның басты мақсаты.

Кезең шарты бойынша «Кәсіпкер — тәуекелге бел буған көшбасшы тұлға!» атты тақырыпта эссе жазып бақ сынады. Байқау нәтижесінде, батысқазақстандық Майра Исенова «Жылдың үздік жас кәсіпкері» төсбелгісін иеленді. Сондай-ақ, «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Ол өзінің өмір жолы һәм еңбегі, кәсібі хақында жазған туындысы «Жылдың жас үздік кәсіпкері» атты кітапқа енбек.

Майра Қуанышқызы — Батыс Қазақстан облысы  Теректі ауданы жұртшылығына танымал жеке кәсіпкер. Подстепный ауылындағы «Мерси» мейрамхананың иесі. Ол тек кәсіпкер қана емес, сонымен қатар қоғамдық шаралардың белсенді қатысушысы. Теректі аудандық іскер әйелдер кеңесінде атқарған еңбегі орасан. Жалпы, аудандағы іскерлікті дамыту барысында біраз маңдай терін төгіп жүр. Қайырымдылық көрсетіп, елдің алғысына бөленген жан. 

— 2014 жылы телеарна арқылы мемлекет жаңа кәсіпкерлік бастамаларға аз мөлшермен несие беретінін естіп, «Даму» қоры арқылы мейрамхана құрылысына қаржы алған болатынмын. Кәсіп ашып көрмеген анам үшін де, ветеринария мамандығын аяқтаған мен үшін де бұл сала жат көрінді. Дегенмен өз ауылымда халыққа тиімді бағамен қызмет көрсететін мейрамханалардың жоқтығы, сонымен қатар бұл кәсіптің сұранысқа ие болуы мені қызықтырды, — деген кейіпкеріміз кәсіпке қалай келгенін әңгімелеп берді.

— Бірнеше алғыс хаттармен марапатталып, аудан, облыс басшылығының алғысын алғаным бар. Бірақ мен үшін халықтың сенімі, құрметі мен мен көмек көрсеткен адамдардың жетістікке жетуі, олардың алғысы ең құнды марапат, — дейді «Құрмет грамотасының» иесі.