Басты бет » Жаңалықтар » ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІ ҚОЛҒА АЛМАЙ, ҚОҒАМ ДА, МЕМЛЕКЕТ ТЕ ОҢАЛМАЙДЫ

ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІ ҚОЛҒА АЛМАЙ, ҚОҒАМ ДА, МЕМЛЕКЕТ ТЕ ОҢАЛМАЙДЫ

Тұрар Шәкен, этнолог, тарихшы

Бүгінгі қоғам құндылықтарсыз құлазу жағдайында тұр, дәстүріміз құнсызданып, айтуға ауыз бармайтын келеңсіздіктер орын алуда. Неше жыл бойы ұрандатып рухани жаңғыру, рухани келісім деп келдік.
Тіпті жауыр болған көбік сөзге айналды десем болады.

Ең басты құндылығымыз, ұлтымыздың жаны -тіл десек, бүгінде Ана тіліміз лайықты тұғырына қона алмай, халі мүшкіл.

Тәуелсіздік алғалы отыз жылда ана тіліміз дамудың орнына, өз елінде аударма тілге айналғанына ішің удай ашиды, мүшкіл халіне жаның ауырады. Алдымен орысша жазылған мәтін сауатсыз аудармашының қолына түссе, адам түсінбейтін, кейде мазақ мәтінге айналатын болды.

Ана тілге деген сұранысты, қажеттілікті тудырмай, тіл ешқашан өз биігіне шыға алмайтынын түсінер кез жетті. Туған тілін жоғалтпайтын халық ғана өзін-өзі сақтап қалатынын ұғу керек.

Бүгінгі қоғам рухани адамгершілік дағдарысына ұшырап отыр. Күніне небір сұмдықты ести-ести, оғанда құлақ үйреніп кетті.
Тарихқа көз жүгіртсек, халқы рухани құлазуға ұшырап, рухани құлдыраған мемлекет ретінде жойылған.
Құдай сақтасын, әрине. Бірақ ойланатын жағдай!

Сан ғасырлар бойы ізгілік пен адамгершілікті дәріптеген ұлттық құндылықтарымыздың құны бүгінгі уақытта төмендеген. Материалдық құндылық алдыңғы орынға шыққан.

Оның зардабын да тартып отырмыз. Отбасы алдындағы міндетке салғырт қарау, ажырасу, зорлық-зомбылық, мейірім мен шапағаттың азаюы, пейілдің тарылуы, қатігездік пен қылмыстың өршуі, адамзат баласының рухани жұтаңдығы тәрізді келеңсіздіктер қазақтың қалыптасқан дәстүрлі құндылығына қауіп төндіріп отыр.

Қазақ ұлттық құндылығын мықтап ұстап, рухы мықты, ар-ұяты терең, намысты ұрпақ өсіріп, іргелі ел болған. Ол халықты, жерді, тілді, ұлттық құндылығымен қоса бізге аманаттап кетті. Ал біз қолда бардан айырылып, сол аманатқа қиянат жасап жүрміз.

Ұлтымыздың тілі, ділі, рухани құндылығы, ұлттық тәлім-тәрбиесі мен мәдениеті бұл -құндылықтың ең үлкені. Көп халықта мұндай ұлттық байлық, мол мұра жоқ. Осы рухани азықпен ұрпағымызды молынан сусындатып, келер ұрпаққа жеткізу бізге аманат екенін түсінбесек, ұлт ретінде жойыламыз.

Жеткізе алмай, ұрпақаралық сабақтастықты үзіп алсақ, бізге сын, кешірілмес қателік.

ҚОҒАМДЫ ҚАЛАЙ РУХАНИ ЖАҢҒЫРТА АЛАМЫЗ?

Адам баласы үшін рухани жұтаңдықтан арылу, адамгершілікке ұмтылу маңызды. Еліміздің ертеңіне, ұлтына қызмет ететін, ұлттық құндылықтар сабақтастығын жалғайтын, ұлтжанды, иманды, парасатты ұрпақ та отбасылық құндылықты сақтайтын отбасында тәрбиеленеді.

Енжарлық пен бойкүйездіктен сілкініп, қоғамда болып жатқан ахуалға үн қату үшін де асқақ рух, ұлттық болмыс қажет.

Ал мұндай сілкініс пен серпілісті рухани биікке ұмтылған, адамгершілік, адалдық пен ізгілікті ұлы құндылық деп ұғынған тұлғалар ғана жасай алады.

Ұлттық тәрбиені қолға алмай, қоғам да, мемлекет те оңалмайды.
Ана тілімен еркін сусындап, ұлт тәрбиесімен тәрбиеленген ұрпақ ғана ұлтқа қызмет етеді.

Ұлтының қамын жейді, халықшыл болады. Ұлт мүддесін қорғайды.
Ана тіліміз тұғырына қонып, ұлттық тәрбие, ұлттық құндылық патшалық құрған елде ғана нағыз ұлттық жаңғыру болады!