Адасу

 

%d0%b0%d0%b4%d0%b0%d1%81%d1%83

 

«Сорлатты ғой… Сорладым ғой… Жастайымнан жесір қалып қиямет көрген жүрегім бұл сорақылыққа төзе алмады ғой… Түн ұйқымды төрт бөлген құлынымнан мұндайды күтпеген едім… Балам, менің осымен көрер жарығым таусылған сияқты, енді бәрі сенің қолыңда! Құтқара көрші, анау адасқан бауырыңды!!! Қайтейін… Құлыншағым… Құылыным… Жарығым-ай…» Жүрегі мұңға толған ананың ақтық сапарға аттанарда айтқан соңғы сөзі осы болды. Бірер айда ажарын бұрынғысынан терең әжім торлаған Айжан апаның жасы 58-ге енді ғана келген еді. Мамырдың мамыражай күнінде жан азабынан о дүниелік болған оның соңғы бір жарым айда отбасында орын алған сұмдық жағдайлардан кейін денсаулығы күрт нашарлаған еді. Кенжесінің әкелген кесапаты өзіне ажал сыйлайтынын о бастан білген әйел онсыз да інісінің қылықтарынан ығыр болған үлкен ұлына тіс жармады. Қос қанаты, ұлдарынан басқа ешкімі жоқ ол дәрігерге жасырын барып көрініп жүрген еді. Баласының теріс ағымдағы дінге бет бұрғанын білген күні-ақ жүрек талмасымен ауруханаға жеткізілді. Ұзақ жыл балаларын жетілдірем деп жүріп, бірде-бір рет дәрігердің есігін қақпаған Айжан, өзінің аты жаман жүрек ауруына шалдыққанын білді. Көп уайымдамау, тыныш ұйықтау керектігін түсіндіріп, түрлі қымбат дәрілерді жазып берген дәрігерге ол, ұлына бұл туралы айтпауды өтінді. Ұлына дейтіні кіші ұлы анасына қарайласатын жағдайда емес еді, есіл-дерті иманды санайтын «бауырларында». Дәрігердің біраз күн ем алуыңыз қажет дегеніне қарамастан, үйіне кетуге тырысты. Жай ғана қан қысымы жоғарылап кеткен деген сылтау айтқан дәрігер науқастың өтініші бойынша, баласы Ержанға үйге шыға беруіне болады деген болатын. Қатты уайымға салынған үлкен ұлдың көңілі, әйтеуір, орныққандай болды. Бірақ әлденені сезгендей жүрек құрығыр, тулай берді, бір жамандық келердей болады да тұрады. Соңғы кезде інісінің қамы үшін зыр жүгірген Ержан бұл жағдайды қалыпты деп түсінді. Алайда аз уақытта жанары мұңлы болған, екі айға жуық уақытта жиырма жылға қартайғандай қуарып, ақсары дидары бозғылт тартқан анасына қарап, дәрменсіздігіне қатты налыды.
Анасы о дүниелік болғанына әлі де сене алмаған күйі есеңгіреп, отырып қалды. Қолы ақшылданып, жүзінен нұры кеткен анасын бетінен сүйіп, ағарған шашын сипалай берді. Жасқа толған қос жанарын жауып, кеудесіне басын қойды да, ұзақ отырды. Есін жиған соң, көрші-көлемді шақырып, жаназа шығаруды ұйымдастырды. Бар жауапкершілік өзіне артылғанын енді сезінгендей еді. Мешіттің бас имамы келіп, ауыл адамдарының қатысуымен жерлеу рәсімі де өтті.
Бүгін жетісін беріп, үй ішінде тек көрші әйелдердің ас берілген дастарқанды жинастырып жүрген еді. Анасына құран бағыштап, міндетін атқарған Ержан, сыртта бір нүктеге қадала кеш батқанша отырды. Күн ұясына батар шақта терең ойға шомған еңгезердей азаматты «әй, балам-ай, жаурайтын болдың ғой, кірсеңші үйге» деген көрші Майра апайдың дауысы елең еткізді. Орнынан шошыған күйде атып тұрған ол алғаш көрші әйелді анасы деп ойлап қалды. Көзін уқалап жіберіп, қайта қарады. Анасы емес, басында жасыл шыт орамалы, қолында жаңа сауылған сиыр сүтіне толы шелегі бар, толық, қара торы көрші әйел тұр. «Қара бұлт аспанды торлап, түстен бері дауылдатып тұрған еді, енді жаңбыр тамшылап жатыр, жай жауын-ау деймін, түнімен жауатын сияқты… Жаурайсың ғой, құлыным. Үйіңе кіре ғой, неше күннен бері ұйқы көрмедің, өлгеннің артынан өлмек жоқ деген, тынығып ал. Денсаулығыңды күт, әлгі жүгірмек те қажытты ғой. Анаңның аманатын орында, қарағым. Кіре ғой…», – деді Ержанды арқасынан қағып. Басы төмен қараған күйі үйге қарай беттеді. Жауып тұрған жаңбырға қарамастан, көрші Майра көзімен шарасыз жігітті үйіне кіргізіп тастады да, басын шайқап, үйіне енді.
Ержан түні бойы терезеге тиген жаңбыр тамшыларымен сырласып, жұмыс үстелінде ұзақ отырды. Бала кезіндегі бақытты сәттерін еске алып отырып, анасы мен әкесінің суретін кеудесіне қысып, жанарынан тамшы жастың қалай үзілгенін аңғармай да қалды. Оңашада бар шерін тарқатып, өксігін басқандай болды. Жиырма беске келген еңселі азаматтың егіле жылағаны нендей өкінішті еді. Дала қосылып жылап тұрғандай, тырс-тырс еткен тамшы дыбысы да жүректегі жараны одан сайын тырнай түседі. Бір кезде бар жігерін жиып, төзімді болуға бекінді. Алдағы күнін ойлап, інісі үшін қолынан келмейтін істі болса да жасауға міндетті екенін ұқты. Анасының аманатын орындап, жастайынан айырылған әкесінің үмітін ақтауға талпынуы керектігін түйді. Жарықты өшіріп, бөлмесіне барып, кереуетіне жантая кетті. Бірнеше күннен бері тынықпай, еш демалыс көрмеген жігіт төсекке жатқанымен, біразға дейін көзін іле алмады. Есіне сол бір сойқанды алғысы келмесе де ойлатпай қояр емес.

%d0%be%d0%ba%d0%b8%d0%bd%d0%b8%d1%88
Шешелері күн-түн демей еңбектеніп, ұлдарын ешкімнен кем қылмай өсірді. Отағасы жол апатынан қаза болғанда балаларының алды 5 жаста, кішісіне енді ғана алты ай толған еді. Жоғары қызметте істейтін Асқар Айжанға алғаш үйленген жылдары жұмыс жасатпай, үйде отырғанын қалады. Тарих мамандығында үздік оқыған Айжан дипломын сандықта ғана сақтайтын. Ақшадан қысылған емес, зәулім үйлері, соңғы үлгідегі көлік, ішкені алдында, ішпегені артында, дәулетті отбасы еді. Апаттан кейін бұрын жеңге деп сызыла қалатын Асқардың қарындастары ентелеп келе бастады. Ағасының артында қалған байлықты талан-таражға салды. Табиғатынан ибалы, иілгіш келген жас келінді жер-жерден табалап, үйінен басқасының бәрін тартып алды. Екі сәбидің көзін жәудіретіп, анасымен бірге далаға қуған күндері де болды. Ауыл ақсақалдарының көмегімен үйіне оралған Айжанға күн сайын келіп, ауыздарына келгенін айтатынды шығарды. Құныққан үстіне құныға түскен олар, ақыры, үйді өртеп тынды. Ымырт жабылған кезде үйде қамсыз балаларын тамақтандырып отырған Айжан үйдің өртке оранып жатқанын мұрнына келген ащы түтін иісінен бір-ақ білді. Дереу бауыр еті балаларын сыртқа ала жүгірді. Жан ұшыра айқайлап көршілерді көмекке шақырды. Балаларды алып көршінің үйіне апарып тастап, өзі үйден құжаттарын алып шығу үшін жалындаған отқа ене бергенде, көмектесуге келген ауыл адамдары бөгет болады да, сол күйі құжаттар қалып қояды. Содан кейін, аздаған әлеуметтік көмекпен екі баласын алып, таныстардың алыс ағайынының үйіне, басқа облысқа, қоныс аударады. Қаншама қиындық көрсе де мойымаған Айжан, ұлдарының оқыған азамат болғанын қалайды. Өзі дипломы жанып кеткеннен кейін өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай, тұрған үйлеріндегі балалары тастап кеткен әжейге қарайлап, табыс табады. Өз баласынан көрмеген жақсылықты өзгеден көрген кәрі жүрек, фәниден кетерінің алдында, бар мүлігін Айжанның атына жазып қалдырады. Осының бәрін анасы өз аузымен айтып берсе де, балаларына әрқашан «туыстарыңды жек көрмеңдер, қандарың бір сендердің» деп отыратын. Ержан жоғарғы оқу орнын үздік тәмамдап, ауылға келді. Қазір мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Ал кенже ұл Нұржан белді оқу орынында техникалық мамандықтың 2-курсында оқиды. Шаңырақтың шырғалаңы да осы баладан басталған еді. Ұлыстың ұлы күнінде демалысқа шығып, екі аптада үй ішін есеңгіретіп кетті. «Құлынымдап» бәйек болып, ұлының келуіне бар тәттісін дайындап жүрген анасы баласын көргенде, тіптен танымай қалды. Жанарындағы жастық оты сөнгендей, көзқарасы, киім киісі өзгерген Нұржан үйге кірер-кірместен, есік-терезені жауып, дастарқанға отырмай, бөлек тамақтанды. Анасы әзірлеген асқа тіпті қараған да жоқ.
– Балам-ау, не болып кеткенсің, бұның не? Сен сүйіп жейтін бәліштеріңді дайындадым, өзің жақсы көретін тәттілерді пісірдім, ет асып, сен сорпа ішсін, студент болып, қарны ашып жүрген болар деп ойлап едім… – Анасының даусы бәсеңдеп кетті. Баласы ештеңе демеді, өз бөлмесіне кіріп, бір нәрсені тінтіп іздеп жүр. Ана жүрек әлденені сезгендей тыпыршып, тыным таппады. Есікті тарс жауып алған баласының қылығын ерсі көрді. Ойланып тұрып қалған ана, жанына үлкен ұлының келіп тұрғанын да байқамады. Ешнәрсені түсінбеген Ержан: – Әй, апа-ау, тұрғаның не? Жүгірмегің келмеді ме? Сонша дайындалғаныңда кешіккені несі?
– Жоқ, келді ғой, жарығым. Жүдеп қалған ба, өзі? Бөлмеге кіріп кеткен қағаз ба, кітап па, бірдеңе іздеді-ау деймін. Сенің заттарыңды ақтарып жүрген…
– Онысы не, ей! – есікті ашпақ болып тұтқасын ұстай бергені сол еді, арғы жақтан әлдененің тарс еткен даусы естілді. – Нұржан-ау, не істеп жатырсың? Ағаңмен амандаспаймысың? – деп анасына қарады. Анасы иығын көтеріп, білмеймін дегендей сыңай танытты.
– Қайда ана құрығыр жинақ ақшамыз? – деп бөлмеден атыла шыққан інісін көріп, Ержан шошып кетті. – Ақша деймін, кішкенемізден мынаның бізге жинаған ақшасы, әкеміз өлген соң берілетін пенсия! – деді жекіп, сұқ саусағымен анасын нұсқап. Айжанның жүрегін біреу пышақпен тіліп жібергендей болды, сыздап кетті. – Сосын сөйлесеміз! – деген Ержан, көзі аларып, адамды елемейтіндей халге жеткен інісінің бет-әлпетінен де, киген киімінен де өзгеріс байқады. Үрейленген анасының мөлдір жанарына үңіле қарап, істің мәнін ұққандай болды. Алайда анасы ештеңе байқамағандай боп: – Құлындарым, жүріңдер дастарқанға, «анасының шырақтары» деп қос ұлын жетектей ас бөлмеге әкелді. Екеуінің алдына бар дәмдіні тосып, қаладан келген ұлына қарап, хал-жағдайын сұрай бастады.
«Жақсы. Мен бұдан былай дінге бет бұратын болдым. Бар өмірімді Жаратқанға құлшылық етуге арнаймын» деген ұлының сөзіне анасы: – Иә, балам, иманды болғаның дұрыс, – деп басын изеді. – Әкелерің де ниеті түзу, намазын қаза қылмаған ардақты азмат еді, – деп ғибратты әңгіме бастаған анасын ұлы бөліп жіберді: – Сондықтан бұдан былай мен сенің дайындаған тамағыңды жемеймін, харам бұл! Кәпірлермен бір дастарқан басында отыра алмаймын, – деп ағасына көз қиығын салып, үстелден тұрып кетті. «Қайда барасың? Отыр! Отыр деймін!» деген ағасының сөздерінен именді ме, орындыққа қайта отырды. – Бұл айтып отырғаның не? Анамызға қалай-қалай сөйлейтін болғансың? Ата-анасын сыйламаған қай имандыны көріп ең? Отбасымен бірге ас ішпейтін ата дінімізде бар ма еді? – деп дүрсе қоя берді.
– Иә, сен өзі не білесің? Ауылдың кішкене мешітіне барып, анау бір сексендегі шалдан бірдеңе үйреніп жүрмін дейсің бе? Үйдің есік-терезесін ашып, қорғамайтын сендер, діннен не түсінесіңдер? Ақшаның артынан қумай, дін үйретсең болар еді, сен әйел? Сендерге тәрбие бердім дейсің енді келіп.
– Балам-ау о не дегенің? Сендерді жақсы болсын деп…
– Доғар, сандырағыңды, тыңдағым келмейді! Харам тамағыңды да жемеймін, өңшең кәпірлер! Құдай жолында құрбан болу, дінге бет бұру дегендерден еш хабарларың жоқ сендердің, ақыл үйретпеңдер! Ағасы үстелді қатты ұрып қалды, Нұржан орнынан тұрып, тысқа шығып кетті. Еңкілдеген күйі анасы есінен танып қалды. Ауруханадан келгенше Нұржан үйде болмады, үйде кісі барын біліп, үйге келген күні қайта келді. Уағызы мен жат ағымның шартын орындап жүргелі үй-ішінің берекесін қашырды. Оның үстіне ақша сұрап қоймайды, анасының бағалы бұйымдарын сатамын деп әлек. Дүние жинауды күнәға санап, бар ақшаны дін үшін соғыста жүрген бауырларыма жіберемін дейді. Күні-түні айтатыны бір нәрсе: дін жолындағы күрес, бауырларды қорғау және анасы мен ағасының кәпір саналатыны. Ызыңдаған шыбындай айтады да отырады. Анасы мен Ержан әрі түсіндіріп, бері түсіндіріп, теріс жолда жүргенін ұқтыра алмады. Үйде болған екі аптасында үйдің астан-кестеңін шығарды, ақша, бағалы заттарды сұрай берді. Бір күні Ержан жұмыстан оралса, анасын қансыраған күйінде ас бөлмесінен табады. Жедел ауруханаға апармақ болған ұлын тоқтатқан анасы: – Иттік жасаса да, өз балам ғой, қайтейін… Ақша бер деп қоймай, тепкіге алды. Барымды бердім. Алысқа кететінін айтты… Ол елден кеткенше бір айдай уақыт барын телефонмен біреумен сөйлескенінен естіп қалдым. Құтқару керек ол баланы. Ержаным, ақылдым, ашуға булығып ініңе бірдеңе жасап жүрме, санасы уланған ғой, қайтсін? Аманатым болсын… құтқар оны!
Осының бәрін ойлап жатып, Ержанның көзі де ілініп кеткен екен. Оянған кезде айнала жап-жарық. Сағатқа қараса, тоғыз болып қалыпты. Жуынып алып, мектепке қарай тартты. Бір айға еңбек демалысын алатын болып, директормен келісті. Үйге қайтар жолда мешітке кіріп, Аллаға құлшылық жасап, сәждеге маңдайын тигізген соң, имаммен сөйлесіп, көмек сұрады. Қандай ағым екендігін біліп, олардың ұстанымдарымен, ұрандарымен танысты. Інісін қалай құтқаруға болатынын ойластырып, осы жолда нені болса да істеуге бел байлап, қалаға жол тартты. Нұржанды тауып түрлі насихат айтты, жекіді, таяқтады, имамдардың алдына апарды. Теріс жолда екенін ұғындырды. Санасын сүрең ойлардан арылту үшін қамап та ұстады, ішкі істер органдарының көмегіне жүгінді. Сөйтіп жүріп Ержан үлкен террористік ұйым өкілдерін ұстауға жәрдемдесті. Нұржанды психолог мамандардың алдынан өткізді, түрлі дәрістерге қатыстырды.

Осы аралықта бір ай емес, алты ай уақыт өтеді. Бауыры да жат ағымнан санаға сіңірген идеяларынан толықтай арылып, аман-есен жанында болғанына қуанған Ержан інісінің оқуын жалғастыруы үшін қалаға көшеді. Ісіне қатты өкінген Нұржан Раббысынан сан мәрте кешірім сұрап жалбарынады. Ата дінге ден қояды.

 

%d0%b8%d0%bc%d0%b0%d0%bd

Содан бері, міне, бірнеше жыл өтті. Ана аманатын орындап, әке үмітін ақтау жолында еңбектенуде. Бүгінде Нұржан – қалалық мыс комбинатының директоры, ал Ержан қаладағы белді, мектеп-лицейді басқарады. Адасып от басқан азаматымыз өз ортасына қайта оралады. Өзегін өртейтіні – анасына қиянат жасап, сорлатқаны ғой…

Ақтоты Кабиева

Пікір жазу