Басты бет » Жаңалықтар » «БАЛАПАННЫҢ» «МИСС КӘУСАРЫ»

«БАЛАПАННЫҢ» «МИСС КӘУСАРЫ»

Балалар жылы

 «Балапан» арнасында «Мисс Кәусар» бағдарламасын жүргізетін кішкентай Кәусар есімді сүйкімді бүлдіршін аталған телеарна көрермендерін өзінің пысық, әрі алғыр қылығымен бірден баурап алады. Өзі ағылшын тіліне де судай. Сонымен, бұл балақай кім? Жақынырақ танысқыларыңыз келе ме?

Біз сонау Ұлыбритания елінде тұратын Кәусармен әдемі де әсерлі сұхбат құрдық.

 

МИСС КӘУСАР КІМ?

– Кәусар, көпшілік сен  туралы жақынырақ білгісі келеді. Сені жақсы танығысы келеді. Бізге өзің туралы әңгімелеп берсең… 

–  Мен Қызылорда қаласы, Тасбөгет кентінде 2012 жылы 2 шілде айында дүниеге келдім. Менің аты-жөнім, тегім Кәусар Ғалымжанқызы Қараман. Үйде төрт ағайындымыз. Қос ағам және інім бар. Ата-анам қазақстандық телеарналар – «Хабар 24», «Қазақстан Ұлттық» арнасының Ұлыбританиядағы тілшілері. Олардың жұмыс барысымен уақытша Лондонда тұрып жатырмыз.

– Шет елдің топырағын алғаш басқанда қандай сезім болды?

–  Әлбетте,  ерекше сезім болды. Ол кезде небәрі 3 жаста болдым. Қазір Лондонда  өмір сүріп жатқанымызға 7 жылға жуықтап қалды. Осы жақта балабақшаға бардым, бастауыштың табалдырығын аттадым. Әу баста жаңа ортаға бейімделу, тіл үйрену жағы қиынға соққаны рас. Өйткені, бұл түсінікті еді. Себебі, шет елдің мәдениеті, дәстүрі, заңы мүлдем бөлек. Алайда уақыт өте келе, бәрінде үйреніп кеттім.

– Ағылшын тілін қалай меңгердің?

– Жалпы, ағылшын тілін бала кезден бастап үйрену оңайырақ, өйткені бұл уақытта тез меңгеріп алу қабілетіміз басым. Есте сақтау,  тың ақпаратты қабылдау қабілетіміз,  ересектерге қарағанда жақсы болады. Ең әуелі жарты жылда жақсы,  бір-екі жылдаң соң тіпті еркін сөйлейтіндей жағдайға жеттім. Ең басында бұл тілді мүлдем түсінбедім,  суды қалай  сұрау керек екенін білмедім. Ал қазір достарыммен емін-еркін сөйлесемін.

Шетелдік достарың бар ма? Олар кімдер? Көбінесе қандай тақырыпта әңгімелесесіңдер? Оларға Қазақстан туралы, біздің елдің тыныс-тіршілігін айтасың ба?

– Руби, Кристи,  тағы басқа шетелдік достарым көп. Сыныбымда ең жақын құрбыларым бар. Күнде сөйлесіп, әңгімелесіп, ойнаймыз. Қыз балаларға қатысты тақырыптарда сөйлесеміз. Әлеуметтік желі, ойындар туралы ойымызды айтамыз. Оларға біздің елдің салт-дәстүрін, тілін әңгімелеймін. Жалпы, елім турлы ақпарат беріп отырамын. Лондон, Ұлыбритания – көпұлтты мемлекет.  Дәстүрге, дінге шектеу қоймайды. Әр адам өз пікірін еркін білдіре алады. Бәріне ортақ қарайды. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері олар үшін өте қызық және жақсы құрметтейді.

– Отаныңдағы мектеп пен шет елдегі мектептің айырмашылығы бар ма?

– Айырмашылық бар. Бұл жақта сабақты ойын түрінде өткізеді, үй тапсырмасын бермейді,  тек ғана жұма күні береді. Кітап, дәптерімізді тасымаймыз,  барлығын мектепте қалдырамыз. Мектеп ішінде бәрі тегін қамтамасыз етілген. Түскі ас та тегін беріледі. Апайларымыз өте жұмсақ,  еркіндік беріп қояды. Дауыс көтермейді. Біздермен балаша сөйлеседі. Туған  елімдегі мектеп те жаман емес. Тасбөгет кентіндегі №11 мектепте оқыдым. Өз апайымды жақсы көремін. Ол жерде жарты жыл  оқығанымда бәрі де ұнады. Жазда барғанымда, қазақ тілін,  әдебиетін ұмытпау мақсатында қосымша сабақтарға қатысамын. Онлайн арқылы білім де алдым. Мектеп бағдарламасынан қалыс қалмауға тырыстым.

– «Болашақ» дегенде көз алдына не елестейді? Келешекте Кәусәр кім болғысы келеді?

– Егер Қазақстанда тұратын болсам, ағылшын тілінің мұғалімі болуды армандаймын. Шет елде алған білімімді, көрген-білгенімді қазақстандық балаларға үйретсем деймін. Екіншісі, киім үлгілерін жасайтын фэшн дизайнер болғым келеді. Бағдарламаны жүргізуде киетін киімдерді,  пальтомды,  шляпаны, яғни образымды өзім ойластырдым. Жалпы,  болашағымды шығармашылықпен байланыстыру – басты мақсатым.

– Оқудан бос кезде немен шұғылданасың?

– Бос уақытымда түрлі тәттілер дайындаймын. Мәселен,  сенбі, жексенбі күндері ерте тұрып, французша таңғы ас әзірлеймін. Анам торт пісіргенде, қасында жүріп қолғабыс етемін. Тортқа арналған құрамдарын дайындап беруге жәрдемдесемін. Сонымен қатар, кітапханаға барып, өз жасыма сай кітап таңдап оқимын. Өзімнің сүйікті кейіпкерлерім бар. Сосын билегенді ұнатамын.

– «Мисс Кәусар» бағдарламасы қалай дүниеге келді?

–  Жалпы, бұл бағдарламаны жасаушы, негізгі өнім өндірушісі, продюсері – өзімнің әкем Ғалымжан Қараманұлы.

Мен ютуб желісіндегі шетелдік, америкалық, британиялық блогерлерге еліктеп блогтар түсіріп жүрдім. Әкем менің видеоға түсіріп жүргенімді сырттай бақылап, қабілетімді байқаған екен. Бір күні әкем бағдарлама туралы айтып, ұсынысын білдірді. Қуана келістім. Себебі, тек өзім білім алып қана қоймай,  елімдегі балаларға ағылшын тілін үйреуге сеп болып, баулығымыз келді. Сөйтіп, әкем «Балапан» телеарнасының басшылығына ұсынысын айтып, жоспарымызбен таныстырды. Олар қабылдады. Осы жылы «Мисс Кәусардың» екінші маусымын жалғастырамыз.

 

«БЕРЕРІ  БАР БАҒДАРЛАМА»

Қымбатты, оқырман! Мінекей, кішкентай Кәусар, осындай жан! Оның бағдарламасын еліміздің түкпір-түкпіріндегі балғындар сүйіп қарайды. Үлгі алады, Көп жақсылықтар үйренеді. Ата-аналардың дені бағдарлама туралы жылы пікірде, «Берері бар бағдарлама» дейді. Ал балалар «біздің сүйікті Кәусарымыз!» деп тілектерлерін жаудырды.

«Мисс Кәусардан» ағылшынша үйреніп жүрміз. Онда әр түрлі тақырыптарды көрсетеді. Мысалы, қыс, көктем айлары жайлы болады. Сондай-ақ, іс- қимылдың  атын ағылшынша айтып, кері қайталауын сұрайды. Бағдарлама соңында өздері көрсеткендерін кері еске түсіреді. Бұл бағдарламаны сыныптастарым мен достарыма көруге кеңес беремін.

Гүлназ СЕРІК, 

3-сынып оқушысы,

****

         Бағдарлама өте қатты ұнайды. Үйренерім көп. Қазірдің өзінде тұрмыстық заттардың жан-жануарлардың атауын ағылшын тілінде айта аламын. Сонымен қатар, сұраққа жауап беру арқылы ағылшынша сөйлеймін. Шет елге саяхаттауға қызығушылығым басым.

Мен бос уақытымда қызықты кітаптар оқығанды, сурет салғанды жақсы көремін. Қолөнермен, соның ішінде бисерлерден әдемі моншақ, сақиналар жасаумен шұғылданамын. Бес жасымнан бастап оқуды үйрендім, қазір сабақ үлгерімім жақсы. Келешекте математика пәнінің мұғалімі болғым келеді.

Еркеназ ТЕМІР,

1-сынып оқушысы

****

Федоров қазақ ЖОББМ-нің  2- сынып оқушысы Әмина Байсеит те аталмыш бағдарламаны сүйіп қарайды екен.   – Жүргізуші Кәусар Ғалмыжанқызы ағылшын тілін керемет үйретеді. Арасында ән салып, би де билейді. Жобасы өте қызық, – дейді ол. Айта кеетйік, Әмина – оқу озаты. Өзіне берілген тапсырмаларды тиянақты орындайды, мектепте өтетін іс – шараларға белсене араласады, әр іске жауапкершілікпен қарайды. Сынып ішінде, оқушылар арасында беделді. Кішілерге қамқор болып, үлкендерге құрмет көрсетеді.

 

****

«Балапан» арнасындағы «Мисс Кәусарды» қызыға қараймын. Жүргізушісі шет тілін жақсы үйретеді, біз де соған қарап әр сөздің ағылшын тіліндегі атауын жаттап жүреміз. Мен осы «Балапан» телеарнасының инстаграм парақшасында ұйымдастырған шығармашылық байқауда тапсырмаларды дұрыс орындап, сұрақтарға ең бірінші болып жауап беріп, жеңімпаз атандым.  Телеарна директоры Қымбат  Досжанның  атынан маған алғыс хат пен сыйлыққа үлкен ертегі кітабын жіберді. Бұл қуанышыммен ең бірінші сынып жетекшім Тулпан Маратқызымен және сыныптастарыммен бөлістім. Апайым мен үшін қатты қуанды! Алдағы уақытта сыныптастарыма осындай жеңіс тілеймін!

Радмир ТІЛЕКҚАБЫЛОВ,

1 «в» сынып оқушысы

 

 

Материалды дайындаған 

Самал ЖОЛДЫҒАЛИҚЫЗЫ,

Батыс Қазақстан облысы