Басты бет » Жаңалықтар » Батыс өңірінің үш әуежайы Қазақтың қаһарман қыздарының есімімен аталады

Батыс өңірінің үш әуежайы Қазақтың қаһарман қыздарының есімімен аталады

Орал халықаралық әуежайы Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың есімімен аталатын болды.

Мәншүк Мәметова 1922 жылы Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында дүниеге келген. Әкесінің есімі – Жеңсігәлі (көптеген деректерде Жиенғали деп қате жазылып кеткен), анасы – Тойылша. Мәншүкті кішкентай кезінде Жеңсігәлінің немере інісі, белгілі Алаш қайраткері, қазақтан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі, ақын, ағартушы Ахмет Мәметов асырап алады. Анасы Әмина Сүлейменова да – қазақ оқығандарының бірі. 1938 жылы А.Мәметов «халық жауы» атанып ұсталып кеткеннен кейін Мәншүк әкесін қалайда ақтап аламын деп, майданға аттанған. Содан пулеметші қыз 1943 жылы 16 қазанда қаһармандықпен қаза тапқан. Оған 1944 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Биыл Батыс Қазақстан облысында Мәншүк Мәметованың 100 жылдығына арналған іс-шаралар өтеді.

****

Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Атырау халықаралық әуежайына аты аңызға айналған ұшқыш, Қазақстанның Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімі берілген болатын.

Хиуаз Қайырқызы Доспанова 1922 жылы 15 мамырда Гурьев облысы Ганюшкин ауылында (қазір Атырау облысы) дүниеге келген. Әкесi  Қайыр — балықшы, анасы Меруерт мұғалiм болып еңбек еткен.

Ұшқыштық өмір жолын Оралдың аэроклубында бастап, кейін әйгілі ұшқыш Марина Раскова басқарған 46-гвардиялық полкінің құрамында 300-ден астам әуе шайқастарына қатысқан Хиуаз Доспанова сол кездің өзінде теңдессіз ерлігі үшін «қанатты қыз» атанған еді.

Соғыстан кейін лауазымды қызметтер атқарған Хиуаз Доспановаға Елбасының Жарлығымен Халық Қаһарманы атағы берілген болатын.

2008 жылы 21 мамырда 21 Алматы қаласында 86 жасында дүниеден озды

****

Ал өткен жылы «Ақтөбе» халықаралық әуежайына Шығыстың шынары, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың есімі берілді.

Әлия Молдағұлова Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Бұлақ ауылында Сарқұлов Нұрмұхаммед пен Молдағұлова Маржанның отбасында 1925 жылдың 15 маусымында дүниеге келген. Қазір туған ауылында Әлия­ның тұрған үйінің орны мен ескерткіші һәм музейі бар.