Басты бет » Тіршілік ырғағы » Армандары бір арнаға тоғысқан маңғыстаулық қос дәрігер

Армандары бір арнаға тоғысқан маңғыстаулық қос дәрігер

Жас болса да көпке үлгі болып жүрген Әлішер мен Шаттық өңірдің денсаулық сақтау саласында елеулі үлес қосып келеді.
Отағасы Әлішер Көмеков Жаңаөзен қалалық көпбейінді аурухана директорының орынбасары, ал отанасы Шаттық Бітімбаева Жаңаөзен қалалық №2 емхананың эпидемиолог дәрігер қызметін атқарады. Жас мамандар 2010 жылы Ақтөбе қаласындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығына оқуға түседі. Арман-мақсаттары бір арнаға тоғысқан жастар 2012 жылы бас қосып, шаңырақ көтерді. Сөйтіп, оқу мен отбасылық өмірді қатар алып жүрген студенттердің ұлдары да өздерімен қатар өсті.
— 2010-2015 жылдары М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің «Қоғамдық денсаулық сақтау» факультетінде білім алдық. 2012 жылы 3-курс оқып жүрген шағымызда үйлендік. Медицина оқуында сырттай оқиды деген түсінік жоқ. Әрине бастапқыда оқу мен отбасылық өмірді қатар алып жүру оңайға соқпады. Студент бола жүріп ұлдарымыз бізбен қатар өсті. Мамандығымызды шын жақсы көрдік. Басты мақсатымыз – сара жолдан таймай, еміне шипа іздеп келген әр жанға қолдан келгенше көмек көрсетіп, халыққа адал қызмет ету , – деді қос дәрігер.
Әлішер Көмеков алғашқы қызметін 2015 жылы Жаңаөзен қаласының №2 емханасында дәрігер статист болып бастаған. Кейін бөлім меңгерушісі, қалаға іргелес Теңге ауылдық емханасының аға дәрігері қызметіне дейін өскен. 2019 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін Жаңаөзен көпбейінді қалалық аурухана директорының орынбасары болып қызмет етуде. Ал, Шаттық Бітімбаева 2015 жылы Жаңаөзен қалалық «№2 емханада эпидемиолог дәрігері ретінде бастаған. 2020 жылы 2 –ші санаттағы дәрігер-эпидемиолог дәрежесін алған. 2021 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық алғысы» медалін иеленген.
Қызметтік міндеттерін адал орындайтын Әлішер мен Шаттық денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін қала, облыс әкімінің алғыс, құрмет грамотасымен марапатталған. Ұжымда беделді әрі талапшыл басшы Әлішер Көмеков 2021 жылы пандемиямен күрес кезінде атқарған адал жұмысына «Жанқиярлық еңбегі үшін» мерекелік медалімен марапатталды. Сондай-ақ «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы қалалық кезеңнің жеңімпазы атанған. Гиппократ антына адал білімді де білікті ақ халаттылардың бүгінде 3 ұл, 1 қызы бар.
Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының
баспасөз қызметі