Басты бет » Руханият » ҚАДЫРДЫҢ ҚАНАТТЫ СӨЗДЕРІ

ҚАДЫРДЫҢ ҚАНАТТЫ СӨЗДЕРІ

5 қаңтар Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Қадыр Мырза Әлидің туған күні!

ҚАДЫРДЫҢ ҚАНАТТЫ СӨЗДЕРІ:

Халықты ерту үшін халқыңа еруің керек.

Халқыңа жеккөрінішті болғанша,
Ханыңа жеккөрінішті бол!

Еліңді қаншалықты сүйсең,
Соншалықты ерлік жасайсың.

Қолдағы кісеннен мойындағы қамыт жақсы.

Рушылдық – іріткі,
Ұлтшылдық – ұйытқы.

Жан-жаққа тартқан жұрт жұтап тынады.

Әкіммен бірге әндеткенше, халықпен бірге қамық.

Елдің жоғын жоқтау үшін, Елбасы болу міндет емес.

Отанына оралған – гүлге,
Оралмаған – күлге айналады.

Қазақ болып туғаныңа өкінбе,
Қазақ болып жарыта алмағаныңа өкін.

Рухы биік кісі –
Ұлтының ұйытқысы.

Ұлттың төлқұжаты – тіл,
Діні – қосымша куәлік.

Ынжық халық жоғалып тынады.

Рухың бір болса,
Рудың бөлектігі түк емес.

Ұлтыңа деген махаббаттан асқан
Ұлы сезім жоқ.

Халықтан басым боламын деген хан,
Басын алдырып тынады.

Ұлт діңгек, ру бұтақ.

Ең жоғары сана – ұлттық сана.

Әкім нашар сөйлесе,
Ақын нашар сөйлесе,
Ана тілде кінә жоқ.

Тіл – ұлттың нәр алатын тамыры, сыйынатын тәңірі.

Халық патшаның тілінде емес, патша халықтың тілінде сөйлесін!

Сөз сәйгүліктен бұрын жетеді.

О дүниедегі адамның өзі жетпесе де, сөзі жетеді.

Оңбаған сөз оңайда тұрады.

Ақиқатты әдетте не ақын айтады, не ажалы жақын айтады.

Өсек біткен арызқойдың үйінде бас қосады.

Өгіздей өтіріктен, шыбындай шындық артық.

Шындық шірімейді.

Ақиқатты арғымақтың үстінде отырып айтқан абзал.

Шындық пен өтірік – өмір атты медальдің екі беті.

Шындық не шыңның ұшар басында, не шыңыраудың түбінде.

Ақиқатқа тез апаратын жолды,
Арамдар баяғыда бітеп тастаған.

Дарынды тірісінде байқамайды, өлсе ұмытпайды.

Абыройдың анасы – ақыл, атасы – еңбек.

Бір аптаның ішінде сегіз күн жұмыс істемесең, дегеніңе жете алмайсың.

Жалқаудың төсегі тез тозады.

Жұрттың бәрі жалқауды жамандайды,
Сөйте тұра оның өміріне іштей қызығады.

Нағыз мейрам – жұмыс күні.

Ең жаман жұмыс жұмыссыздықтан жақсы.

Арзан бас қымбат бөрікке құмар.

Айлықтың байлыққа бір әріпі жетпей қалған.

Біреудің байлығына қызығу, оның қасыретіне қызығумен бірдей.

Байлық, әдетте арамға қонады,
Қала берсе, сараңға қонады.

Қалталы заңнан қаймықпайды.

Ұрлықпен келген малдың күзеті мықты болады.

Балға қонған шыбын батып өледі.

Терлетпей келген дәулет, теріңе сыймайды.

Ақша әжімнің өзін тегістеп жібереді.

Біреуге қарыз болмасаң, соның өзі байлықпен бірдей.

Ақшаң жоқта ағайының да айналып өтеді.

Сараңның жинағаны жаназасына кетеді.

Байлықтың бір атасы-қарақшы, бір атасы-ұры.

Оқыстан келген байлық оңдырмайды.

Ақшамен ауырған ақшадан өледі.

Билікке өз еркімен барады, бірақ өз еркімен кетпейді.

Жағымпаздарды жинаған патша жардан құлап өледі.

Пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған,
Президенттер де солай.

Тақтан құлаған таудан құлағаннан жаман.

Ақынның тілі ұзын, қолы қысқа,
Әкімнің қолы ұзын, жолы қысқа.

Бірді өлтірген түрмеге, мыңды өлтірген таққа отырады.

Жағымпаз қашанда жеңімпаздың жағында.

Тоқал үйге кіріп келе жатқанда, тыныштық үйден шығып бара жатады.

Жігіт бақытты болу үшін өзі бір қызды бақытты қылу керек.

Әйелді әшкерелейтін – әжім.

Өзгенің әйелі – әйел, өз әйелің – қатын.

Сұлуға үйленген сері сапарға шықпайды.

Күшті әйел ғана байына бағынады.

Әдемі емес әйелдің ақылды болмасқа амалы жоқ.

Кейбір еркек өзінің күзетшісіне үйленген.

Әйелдің ақылдысы сенде, әдемісі құрдасыңда болсын.

Көп балалы отбасын он қабатты үй десек, соның тоғыз қабатын көтеріп тұрған – әйел.

Әйелдер қызық;
Мықты жігіттің бойынан осалдық, осал жігіттің бойынан мықтылық іздейді.

Күйеу сабайтындай күші болса, әйел қулыққа бармас еді.

Әйел бойындағы бар қасиеттен гөрі жоқ қасиеттерін мақтағанды ұнатады.

Анасы өлген баланың әкесі көп кешікпей нағашысына айналады.

Әйел бала көтеру үшін жаралған, заман оларға жүк көтертіп қойды.

Жақсы жар — Жаратқанның сыйлығы.

Жас кезіңде баратын жерің бар, әйелің жібермейді,
Қартайғанда әйелің жібереді, баратын жерің жоқ.

Бала жақсы болса – ажарың, жаман болса – ажалың.

Көршісі жақсының қоймасы жанында.

Достар бөлінбейді, достарды бөледі.

Арақ – Әзірейлінің лақап аты,
Маскүнемнің махаббаты.

Арақ – ажалдың агенті.

Арақ алдымен дәулетіңді, ақыры әулетіңді құртады.

Арман қуған алысқа барады,
Арақ қуған танысқа барады.

Рухы өлген ел, ел болып жарытпайды.

Есектің екі аяқтысынан төрт аяқтысы тәуір.

…Сері қатынға жарымайды.

Шын жүйріктер – пырақтар,
Жүлде алатын мәстектер.

Ауырды нардың нары, ауыртпалықты жардың жары ғана көтереді.

Күш-қуатың азайған сайын шаруа көбейе береді.

Түзу терек алдымен кесіледі.

Сұлу қызды көргенде ақылды қызға жаның ашиды.

Санасызға сақал көмектеспейді.

Келелі сөзге кеңкелес қана тоқтамайды.

Кітап өртеніп жатыпта жарық береді.

Шын талант даңқты қумайды, даңқ өзі талантты қуады.

Бүрісіп сарайда жатқанша, көсіліп күркеде жат.