ОН ТЕҢГЕ

Бір адам ұтыс ойынынан он миллион теңге ұтып алады. Ол бұған дейін де осыны ойнап келген, бірақ ешқашан ұтып көрмеген, бұл жолы ірі ұтысқа ие болды, мол олжаға кенелді. Дос-жараны «кедей жігіт бұл қыруар қаражатты қайда жұмсайды, жақсы үй, көлік алатын болар» деп ойлайды. Оны сыртынан барлығы «миллионер» атап та кеткен. Бірақ «миллионер жігіт» олар күткендей әрекетке бармады. Жұпыны үйі, қоңыр тірлігі сол бәз баяғы қалпында, өзгерген ештеңе жоқ. Әйелі мен балалары да үстеріне жаңадан сабақ жіп ілмеген, «миллионер» болса, сыртқа сыр бермейді. Жігіттің мол қаражатты қайда жұмсағанын білмей, діңкелері құрыған көпшілік сан-саққа ой жүгіртті, «ол ақшаны жетімдерге жұмсады» десе, біразы «мешітке берген болар» дейді, енді бірі «банкке депозитке салған шығар» деп түйін жасады. Бірақ олардың ешбіреуі де «миллионер жігіттің» өзіне тиесілі болған қаржыны шынымен қайда жібергенін білмеді, бұл жұмбаққа, құпияға айналған. Көрші әйелдер жігіттің жұбайынан суыртпақтап, сыр тартқан, ол: «оны менен неге сұрайсыңдар, ұтқан өзі, жойған да өзі, өзінен сұрамайсыңдар ма» деп сабырлы кейпінен айнымай, үй шаруасын істеп, тіпті бұрылмады, оған ақша мүлде керек емес секілді. Бәрі оның ұстамдылығына қайран қалған. Кейбірі «үйде отырған надан әйелге ондай ақшаның иісі де мұрнына бармас» деп кекетіп, күлкіге де айналдырып жатты. Ақыры шыдамдары таусылған топтың ішінен бұл жұмбақтың шешімін жігіттің өзінен сұраушылар табылды.
— «Миллионер», сен он миллионды не істедің? Үй-күйіңді жақсартпадың ба? Жаңасын сатып алып, су жаңа көлік мініп, жарқырап киініп, не ішем, не киемін демей, бір-ақ рет берілген өмірде шалқып, балқымайсың ба? Бала-шағаңды ойламайсың ба? Адамға ұқсап жаңа өмір бастамайсың ба? — деп жан-жағынан анталап, сұрақтың астына алды, — тіпті, өзіңнен артылса, керек болмаса, мына бізге, дос-жараныңа, тумаларыңа үлестіріп бермейсің бе? — дегендерге жігіт ләм-мим деп үн қатпады. Бар айтқаны: «Соны сендерге үлестіріп берер едім, бірақ қолымда жоқ. Жоқ ақшаны сұрап қайтесіңдер, одан ешкімге пайда келмейді» деген сөз ғана болды. Жігіт жұмбақ жайттың сырын біле алмай қалғандарды өз жайына қалдырып, үйіне келген, әйелі бір баланың мұны сұрап, келіп-кеткенін айтты. — Бала: «Ағама сәлем айтарсыз, менің арманым орындалды, сіздерге көп рахмет» деп шауып кетті, — деген жұбайына күлімдей қараған отағасына сауалын да қойып үлгерді,- әлгі «он теңгені» сол балаға бердің бе, айтпақшы, оның арманы не еді, өткенде кір жуып жүріп, дұрыс естімеппін, қайталап айтшы, әйтеуір, баланың өзі мәз-майрам, ақылды екені көзінен көрініп тұр, мынадай жағдайымды аңғарып, — ішін сипаған әйел жымиып, сөзін сабақтады, — маған құдықтан су әкеп те берді, — деп күлімдеген күйі күйеуінен жауап күтті.
— Иә, сол балақай ғой, мен күндердің бір күнінде ұтыс ойынынан жолым болар деп үміттеніп, тапқан табысымнан артылған тиын-тебеніме бір билеттен алып жүрдім, сөйтіп жүргенде әлгі баланы көшеден кездестірдім, ол аяқкиім тазалап отыр екен, сол маңайда ұтыс ойынының билеттерін сатып тұрған қыздың да үні елеңдетті, билетті алайын деп жатып көзім әлгі балаға түсіп кеткені, ол бір кісінің аяқкиімін тазалап жатып, маған қарап жымиып, көзін қысып қалды. Онысынан «баланың да арманы менікіне ұқсас-ау, ол да билеттен, ұтыстан дәмелі» деп ойладым, билетті алмай балаға таядым, ақшаны оның алақанына салдым, ол таңданыспен маған қарап: «Аға, рахмет, өзіңіз ала беріңіз, менің жұмысым бар, міне, қараңыз, көп ақша жинадым»деп кішкене құтыны көрсетті, «қара пақыр» ыдыстың ортасына келіпті. «Ә, еләуір екен. Жарайсың»деп оны мақтап жатсам, өзі әңгімешіл бала екен, «Аға, мен көп етіп ақша жинаймын, сосын жылы үй сатып аламын, ауру анамды емдетемін, қарындасыма қуыршақ алып беремін, өзім мектепке барамын» деп сырын ақтарып салды. Мен не істерге білмей, қолымды қалтама салып, іздегенмен билетке ғана жететін тиыннан басқа ақша табылмады. Барына тамақ алып қойыппын. Балаға тиынды тағы ұсындым. Ол басын шайқады. Оның еңбексіз ештеңе алмайтынын біліп, «қарызға аяқкиімді тазалап бере ғой, келесі жолы қалғанын жеткіземін» десем, балақай: «Бұған келісуге болады. Тек сіз былай істеңізші, аға, мен сіздің аяқкиіміңізді тазалап беремін, ал сіз барып маған ұтыс билетін сатып аласыз, менің де сіз сияқты ұтқым келеді, бәлкім жинаған ақшам ұтыспен көбейер» демесі бар ма?! Мен келісе кеттім. Ол жаман туфлиімді айнадай ғып жарқыратып берді. Уәделі биетті сатып алдым. «Аға, билет сізде болсын. Мен оның ұтқан-ұтпағанын қайдан қарау керегін де білмеймін. Егер мені іздесеңіз, осы айналадан табасыз» деп билетті алмады. Оқиғаның әрі қарай қалай болғанын өзің жақсы білесің. Газеттен сол баланың атына алынған билеттің ұтысқа ие екеніне сен де куәсің. Он миллион ұтты. Есіңде шығар, бала жайлы айтып бергенімде: «Балақайдың ақшасын тиісті жерінен тез алып бер, бәрінің дұрыс болуына көмектес. Қуанып қалсын, арманы орындалсын» деп маған тыныштық бермеген өзің ғой», — деп күйеуі жарын құшақтады,-жаңа сен «он теңге» дедің бе?! Соны жақсы айттың». Әйелі сыңғырлай күліп: «Бізге тиесілі болмағасын сәл кішірейтіп айтқаным ғой. Байғұс бала бақытты болсын! Анасы тәуір боп кетсін»-деді. Екеуі бір-біріне қарап күлімсірей берді. Иә, ерлізайыптылардың жұпыны тірлігі бар, олар осыны қанағат тұтқан. Екеуін Алла-Тағала әдемі сынады, сынақтан сүрінбей өтті, аманатқа қиянатқа қылмады, бұларды екі дүниенің бақыты күтіп тұр, иә, осы «жыртық үйдің құдайы бар», көптен бала көтере алмай жүрген жары жан дүниесіндегі жақсы өзгерісті де сезген, күйеуі еңбек етті, бұдан соң ұтыс ойынына жолаған жоқ, ол әуелден іштей өзіне серт берген болатын, «осыдан бір ұтсам, сонымен тоқтаймын, себебі, маңдай термен келмеген ақшаның берекесі болмас» деп, ақыры ұтты, және қалай ұтты, жетім бала үшін ұтты, солай бұйырған шамасы, зайыбы екеуі бәріне риза, алдарындағы бақытты ғұмыр жолын жүректері сезеді. Бұл фәниді қойшы, ақырет дүниесінде «ғадын жәннатының» тұрғындары болар, Алла осындай ақ жүрек құлдарына арнап, сол фердаус жұмағынан асыл тастардан сәулетті сарай соққызып қойған болар, кім білген?! Алла ~ ұлық! Ол бәрін білуші. Біз болсақ, осындай ғанибетті жай ғана жеткізушіміз. Алла жан-жүректерді мейірімге, адамға, адалға, Аллаға деген саф таза махаббатқа толтырсын!
Мұнайдар БАЛМОЛДА