Президент Шарын шатқалындағы қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан Мерей Ибрагимовтың жақындары мен туыстарына көңіл айтты.
Мемлекет басшысы 29 мамыр күні Алматы облысындағы Шарын шатқалында болған қайғылы оқиғаны үлкен күйзеліспен қабыл алды. Қасым-Жомарт Тоқаев қайтыс болғандардың жақын туыстарына көңіл айтып, жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
– Шәкірттерін құтқарамын деп өзі құрбан болған білікті маман Мерей Нұрғазыұлы өмірін ұстаздыққа арнады. Оқушыларының сүйікті мұғалімі болды. Табиғат тосын мінез көрсеткен апатты жағдайда жас ұстаз батылдық танытып, оқушысына жанкештілікпен көмек көрсетуге ұмтылды. 26 жасында өмірден қыршын кеткен Мерей Нұрғазыұлының ерлігі мен жарқын бейнесі ұмытылмайды, – делінген көңіл айту жеделхатында.
Мемлекет басшысының Жарлығымен адам өмірін сақтап қалуға байланысты қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін марқұм Мерей Ибрагимов «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.
Есетіріңізге сала кетейік, 29 мамыр күні Алматы қаласындағы №199 гимназияның 8 оқушысы Шарын шатқалына экскурсияға шыққан болатын. Оларды 5 ата-ана мен 3 мұғалім ертіп жүрген.
Қайғылы оқиға салдарынан оқушы мен мұғалім көз жұмды, тағы бір оқушы жоғалып кетті. 30 мамырда сел ағызып әкеткен қыз аман-есен табылды.
«Шарын шатқалы және оның сай-саласы сел жүру қаупі бар аймақ екендігін түсінуге тиіспіз. Сол ауданда ТЖМ-ға қарасты «Қазселденқорғау» мекемесінің бөлімшесі жоқ. Осы күндердің ішінде Қазгидрометтен Алматы қаласы және Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменттеріне қандай да бір сел жүретіндігі туралы дауылды ескерту болған емес», деді комитет төрағасы.
Оның айтуынша, нөсер жауынның салдарынан лайлы сел жүрген.