Басты бет » Әдеби әлем » БІР ТАЛ БҰРШАҚ

БІР ТАЛ БҰРШАҚ

2

(Жапон аңызы)

Мен бір тал бұршақты өмір сүрудің мәні санайтын бір ананы білуші едім.
Оның үлкен ұлы үшінші сыныпта, ал, кіші ұлы бірінші сыныпта оқып жүргенде күйеуі автокөлік апатынан қайтыс болды. Осы адам жанын түршіктіретін оқиғадан кейін сот «өз өмірінен айырылумен бірге өзгелерге де зиян шектірді» деген үкім шығарды. Осындай жәйсіз жағдайға тап болған ол лажысыздан үйі мен жерін сатып, төлемге береді.
Ана мен қаршадай екі ұлы баспанадан айырылып, жер-көкті кезіп, сергелдең күйге түсті. Ақыры құдайға қараған біреу кездесіп қол ұшын беріп, қоймасының бір бұрышын оларға паналауға береді. Сондағы олардың бар үй-мүлкі — еденге төселетін бір жапырақ алаша, бір меш (пеш), ас ішетін әрі балалары сабақ қарайтын бір ағаш сандықша, тозығы жеткен көрпе-жастық, көне-тоз киім-кешек қана.
Тіршілік қамы үшін әр күні анасы азанда тұрып, сол маңдағы зәулім қабат үйлерге барып аула сыпырып, түнде асханаларға барып, ыдыс-аяқ жуады. Бір күндік жұмысты аяқтап үйіне қайтқанда түнгі сағат 11-12 болады. Үй шаруасының бәрін үлкен ұлы істейді.
Жанбағыс үшін анасы ай жамылып, түн қатып, жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс істесе де, тұрмыстары бір түзелмейді. Балаларының жоқшылықтан қиналып өмір сүруіне анасының төзімі жетпей, бұл дүниеден күдерін үзіп, екі баласымен о дүниеге күйеуінің қасына барғысы да келеді.
Бір күні азанда анасы қазанға бұршақ жібітіп, кетерінде үлкен ұлына «қазанға бұршақ жібітіп қойдым, пісіріп қой, кешке көкөніс орнына жейміз. Бұршақ езілгенде азырақ дәмдендіргіш құй» деп жазып кетеді. Кеште жұмыстан әбден діңкелеп келе жатқан ана тіршіліктен торығып, бір орам тыныштандыру дәрісін сатып алады да, балаларымен бірге өлмекші болады. Үйге кірсе, екі ұлы әлгі тозығы жеткен көрпеге кіріп, қатарласып жатып ұйықтап қалыпты. Ол үлкен ұлының бас жағында тұрған қағазды көреді. Қағазда былай деп жазылған екен: «Шеше, жазып кеткеніңіз бойынша бұршақты баптап қайнаттым, бұршақ езілгенде дәмдендіргіш құйдым, кешке бауырыма берсем, «ащы екен» деп жей алмады, ол салқын суға нан шылап жеп, жатып қалды. Шеше, бұған ренжімеңіз, менің бұршақты мұқият қайнатқаныма сеніңіз, мен пісірген бұршақтан бір тал татып көріңізші, таңертең қанша ерте болса да, кетеріңізде мені оятып, бұршақ қайнату әдісін тағы бір рет үйретіңіз! Бүгін қатты шаршаған шығарсыз, сіздің біз үшін михнат тартып жүргеніңізді білемін, сізге рақмет, денсаулығыңызды күтіңіз, жақсы жатып жәйлі тұрыңыз!».
Анасының көз жасы ерік бермей, жылап отыр, бұршақ жеді, «балаларым қаршадай болса да, менімен бірге өмір қиындығын қайсарлықпен қатар көтеріп жүр-ау» деп ойлады… Сөйтіп, әу бастағы өлмек болған ниетінен айнып, өмірге деген сенімі арта түсіп, балаларымен бірге тіршілік етуге бел байлайды…
Бұршақ салған дорбаны ұстап көрген еді, бір тал бұршақ қалған екен. Оны ұлының жазған қағазына орап, бойтұмар етіп мойнына тағып алды.
…Арада бірнеше жыл өте шықты. Ағайынды екеуі есейіп-ержетіп, шешесі армандағандай азамат болып, маңдай алды институт бітіріп, жақсы қызметке орналасты.
Ал, анасы қазірге дейін біртал бұршақ пен үлкен ұлы жазған қағазды мойнынан тастап көрген емес.
Қытай тілінен тәржімалаған
Әлімжан ӘШІМҰЛЫ.
«Жас алаш» газеті, 2000 жыл

Пікір жазу