Басты бет » Әдеби әлем » Ауылға барғым келеді

Ауылға барғым келеді

(әңгіме)

сканирование0002

— Паап, я сегодня поздно приду, — деп қызы баяғы әдетіне басты. Әлдекіммен телефон арқылы сөйлесіп жатқан әкесі тұтқаны алақанымен басып:

— Не, тағы қайда? — деп қатулана қарады.

— Ну, мы с подругами в кинотеатр хотели пойти… ну, паап, можно? Сөйлесіп болып, шаршаңқы жүзбен қызына бұрылған әке:

— Таак, мен саған қанша рет айтам? Қаңғуды доғар! Болды! Мектептен тура үйге қайтасың. Шоферды да шаршаттың. Ұялсаңшы… Білгенің ақша шашу. Сабағың нашар. Басты міндетің оқу емес пе, оқу! Сосын ең болмағанда үйде қазақша сөйле, орысша мектепке барады екем деп…

— Ну, папааа?

— Осымен сөз бітті, — деп әкесі асығыс шығып кетті. Анасы «әкеңді естідің ғой, сабақтан соң кешікпе» деп ескертті. Дана кешкісін бір келді. Ішке енгенде анасы: «қазір сазайыңды тартасың, өз обалың өзіңе» дегендей суық қарады. Сұраққа алған әкесіне Дана: «қыздармен… там… гуляли…» деп шаршаңқы жауап қатты.

— Жай айтқанға түсінбейді екенсің, ендеше сенімен басқаша сөйлесемін. Не жыным бар еді, осы қызды орыс мектебіне беріп!.. Так, енді қазақ мектебіне ауыстырамын!

— Нее? Ты че пап? Нет, нет. Я… я не могу! Я никуда не пойду! Нет, неет… — деп басын шайқалақтатып, қарсылығын білдірді. Дананың мінезі әкесіне тартқан, турашыл.

      Мектеп директоры оқушыларға жаңа шәкіртті таныстырды. Бұл мезетте әкесі «дұрыс істедім бе?» деген сұраққа жауап таппай сенімсіз түрде көлігіне мініп жатты.

Үзілісте сынып оқушылары Дана мен Нұргүлдің партасын айналдыра қоршап алды. Аузында сағыз, құлағында үлкен сырға, қысқа шашын үрпейте жинап, кекілі көзіне түскен «жаңа оқушыны» бәрі ұната қоймады. Дана мектептен шыққанда өзін жападан жалғыз қалғандай сезінді. Айналасының бәрі қазақша. Былайғыда білетін аз қазақшасы түкке аспай қалды. Үйге келісімен әкесіне жалынып, өтінгенмен әке шешімі өзгермеді.

      Арада ай өтті. Сыныптастары «шала қазақ» деп мазақтауға көшті. Оған қорланған Дана оңашада жылап алады. Жалғыз көршісі Нұргүл өзгелерге қосылмады, Данаға шындап жаны ашыды. Құрбылар бір-бірін ұғысып, достасып кетті.

      Жазғы демалыс таяды. Құрбысы: «Биыл қайда барасың?» дегенде Дана: «Конечно, шет ел!» деді. «Мәссаған! Сонда қайда?» деп таңырқаған Нұргүл Дананың жылда Англия, Франция, Италия елдерінде болатынын естігенде көзі бақырайып, аузы ашылды.

— Биыл, биыл қайда барасың?

— Индияға, но отец на меня обижен, басқа школға берді, даже Астанаға да апармайтын болар. Астананы әлі көргем жоқ. А ты сама қайда барасың?

— Ауылға әрине. Сенің әлемді шарлағанмен Астанада болмағаның қызық екен, мен былтыр барғам, сұлу қала. Ал сен ауылда болдың ба? Ауыл бәрінен артық. Солай ғой, дә?

— Нет, ни разу не была.

— Барғың келе ме?

— Незнаю даже… Менде ауыл жоқ… Куда я пойду?..

— Кеттік біздің ауылға, ата-әжеме. Ауыл ғажап, еш жалықпайсың.

— Егер папа рұқсат берсе…

Нұргүлдің ата-әжесі немересі мен қонақ қыздың келу құрметіне қой сойып, дастархан жайды. Ертеңіне жайлау қызықтары басталды. Қой бағып, қозы жамырату, құрт жасап, бауырсақ пісіру, арасында балалармен асық ойнап, көлге шомылды, құмсағыз теріп, ойдан қырға асты. Ал түнде заңғар кеңістіктен зулай қозғалған жерсеріктерін іздеп, «темірқазық», «жеті қарақшы» секілді жұлдыздар жайындағы әжейдің әңгімесін тыңдады. Далаға бауыр басқаны сонша Дана әке-шешесі өздері хабарласпаса, телефонды ұмытты.

Қыздар қалаға жаңа оқу жылы таяғанда бір оралды. Дана ауыл қызықтарын айтып, тауыса алар емес. Түрі де тілі де түлеп, нағыз қазақы болған Данасын құшағына алған әкей: «Қоңырым менің, қатты сағындырдың ғой, бұрынғы мектебің күтіп тұр» деп сынай қараған, қызы шошып: «Жоқ әке, мен қазақ қызы емеспін бе, Нұргүлмен бірге оқимын» деп ата-анасының мойынына асылып, алмакезек беттерінен сүйді.

 Айтолқын БАЛМУЛДИНА

                                                                                 

 

Пікір жазу