Белгілі дипломат, ҚР Дипломатиялық қызметіне еңбек сіңірген қайраткер, мемлекет және қоғам қайраткері Сайлау Батырша-ұлымен эссе-диалогқа құрылған Мұрат Алмасбекұлының «Тәуелсіздік жолындағы дипломатия» кітабынан үзінді жариялаймыз. Мақалада 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі туралы тың деректер келтіріледі.
М. А.: ХХ ғасырдағы елдегі Азамат соғысы, кейін коллективизация, ашаршылық жылдары қазақ халқының тағдыры қиын болды. Совет үкіметі қазақ интеллигенциясын, білімді адамдарды қырды. Сол зұлмат жылдарда репрессияға ұшыраған жазықсыз адамдар кейін ақталды. Осы туралы пікіріңізді айтып берсеңіз…
С. Б.: Қазақ халқын бостандыққа жетелеген Алаш арыстарын жазалау, одан кейінгі тоталитарлық жүйенің жасаған зұлматын еске түсіргенде жан түршігеді.
Арғы Ресей патшалық уақытында бодандық кезеңді айтпағанның өзінде, қазақ халқы СССР құрамына кіргеннен кейін төрт қайғылы кезеңді бастан кешірді.
Бірінші кезең: 1916 жылғы Ресей патшалығына қарсы қарулы көтеріліс, оны орыс әскері жаншып тастауы. 1917-1922 жылдары Николай II Ресей патшасын жақтаған ақгвардияшылар мен Совет үкіметінің қызыл әскері арасында біздің жерде болған ақтар мен қызылдар шайқасында халық екі жақтан да қиянат көріп, малымен жаны күйзеліске түсті.
Екінші кезең: 1930-1934 жылдар аралығында күштеп ұжымдастыру (коллективизация) кезінде қолдан ұйымдастырған аштық, халықтың малын тартып алып, байларды тәркілеу шаралары аса қатаң әдістермен жүргізілді. Мұндай қиянат сол жылдары республиканы басқарған Ф.И. Голощекин (шын фамилиясы Ицкевич) және Л. Мирзоянның кезінде болды. Бұл Совет үкіметінің қазақ халқына әдейі жасаған геноциді еді. Соның зардабын бүгінге дейін көріп отырмыз, алайда толық шындық осы уақытқа дейін ашылмай келеді. Халықтың бір бөлігі тірі қалудың жолын іздеп Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Қытай, Ауғанстан, Иран сияқты елдерге босып кетті. Біздің көп туыстарымыз ашаршылықтан құтылу үшін Ташкент қаласына көшіп кеткен. Үйдегі жеңгеңіз Хадишаның әке-шешесі түгел туыстарымен Көкшетау облысы Қызыл ту ауданынан милиция білмесін деп үйлеріне шам жағып, бір түнде Ресейдің Омбы облысына көшіп кеткен. Оларды байсыңдар деп мүлкін конфискациялап, қудалау басталған. Соның арқасында аман қалып, 60-жылдары қайтып елге оралған. Біраз қазақтар сонда қалып қойды.
Бұл ауыр кезең 1937 жылы қайталанды. Қызыл империя 1937-1938 жылдары қазақ ұлтының білікті, қайраткер азаматтарын тұтқындап, халықтың ақылы мен айбарына айналған Алаш көсемдерін, білімді адамдарды (Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Тұрар Рысқұлов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Халел Досмұхамедов, т.б.) түгелге жуық атып-шауып, жойып жіберді. Халқымыздың денесі ғана тірі қалып, басы алынды.
Үшінші ауыр кезең: 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Совет Одағындағы барлық халықтарға оңай тиген жоқ. Алайда солардың ішінде орыс пен белорус, украиндардан кейін көп құрбан болған халық – қазақ болды. Соңғы деректерге жүгінсек, Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 миллион 300 мың адам қатысып, олардың 900 мыңға жуығы қазақтар болды. Солардың жартысы майданда қаза тапты, ал біразы мүгедек болып елге оралды. Бала күнімде есімде, Германияда екі аяғынан айырылып, елге мүгедек болып оралған бір туысымыз Шу қаласындағы көк базардың ортасында соғыстың зардабын домбырамен өлеңдетіп айтып, жұрттан тиын-тебен жинайтын.
Төртінші кезең: Совет Одағында 50-жылдары тағы да «ұлтшылдармен» күрес науқаны жүріп, ғалымдар, жазушылар, жалпы интеллигенцияны қудалау белең алды. Ол тұста белгілі жазушылар Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Сырбай, Әбділда, Мұхаметжан Қаратаев, Ахмет Жұбанов, Мәриям Хәкімжанова және басқа интеллигенция өкілдеріне қырғидай тиді. Біз қуғындалған атақты адамды ғана айтамыз, ал бізге белгісіз мыңдаған оқыған белсенділер сотталып, ату жазасына кесілді. Олардың бар кінәсі теңдік пен бостандық үшін күресті. Солардың бірі, тарихшы Ермұқан Бекмаханов еді. Ол кісі 1947 жылы орыс тілінде «ХІХ ғасырдың 20-40-жылдарындағы Қазақстан» атты монография жазып, осы тақырыпта 1946 жылы Мәскеуде докторлық диссертация қорғаған. Осы еңбегінен мін іздегендер оны Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалысты ақтау деп бағалап, тарихшыға буржуазияшыл-ұлтшыл идеологияны дәріптеуші деп саяси айып тақты. Оның «ұлт-азаттық күрес» дегені үшін «сен хан тұқымын, бай-манапты насихаттадың» деп 1951 жылы Қазақ мемлекеттік университетіндегі жұмысынан қуып, партия қатарынан шығарады. Ол Жамбыл облысы Шу ауданының орталығы, менің туған ауылым Төлебиге (бұрынғы Новотройцк) айдалып, сонда қазақ мектебінде мұғалім болды.
Бесінші кезең: Соғыстан кейінгі елдің еңсесін езген тағы бір жәйт – тың игеруші келімсектердің қазақ даласына ағылуы. Қазақ даласында тың игеру (целина), индустриализация жүргізу деген сылтаумен орыс, украин, белорусь және басқа ұлт келімсектері көбейді. Барлығы 2,5 миллионнан астам басқа ұлт өкілдері елімізге көшіп келіп, қазақтардың үлесін төмендетіп жіберді. Республика басшылығына мәскеуліктер келді. Соның салдарынан, қазақ мектептері жабылып, солтүстік облыстарда газет-журналдардың шығуы азая бастады, қазақ драма театрлары жабылды. Олар солтүстіктегі қара топырақты құнарлы жердің тас-талқанын шығарып, жерді эрозияға ұшыратты. Оның зардабын бүгінге дейін көріп отырмыз: топырақ желмен аспанға ұшып, шабындықты, ауыл, қалаларды басып тастады. Тың игеруге басқа ұлт өкілдерінің көшіп келуі Республиканың солтүстік облыстарында тілдік және демографиялық проблемаларды ушықтырды. Кейінірек тың игерушілердің үлкен бөлігі Ресейге, Украинаға кері қайтты.
Бұдан кейінгі қазақ зиялыларына, жастарға, жалпы халыққа жасалған қиянат 1986 жылдың 16 желтоқсанында басталды.
М. А.: Ал енді желтоқсан көтерілісінің алдында Республикада әлеуметтік-экономикалық жағдай қалай болды? Әрі қарай қазақ ұлтына үлкен қасірет әкелген желтоқсан жайлы өзіңізден білгіміз келеді.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қазақ тарихындағы ұлттық серпілістің толқыны іспетті болды. Аласұрған дауылды теңіздің асау толқыны Совет Одағы дейтін тас қамалдың қабырғасын соғып, кейін жамауға келместей үлкен жарқыншақ салып кетті. Кеңестік жүйе қанды қылышын оңды-солды сермеп, ұлттың бас көтерген жастары мен оларға тілеулестік танытқан зиялы қауымды жоюды көздеді. Олардың әрбір басқан қадамын тексеріп, соңдарына түсті. Солардың қатарында Сіздің де болғаныңызды газеттерден оқып білеміз. Тіпті, желтоқсан шеруіне қатысты адамдар ақталып, істері жабылса да, Сізді қудалау тоқтаған жоқ… Бұның себебі неде?
С. Б.: Өткен ғасырдың 80-жылдары қазақ халқы да басқа одақтас республикалар секілді бойын түзеп, ақыл-есін жинай бастады. Елдің әл-ауқаты жақсарып, жастардың оқу-білімге, жаңалыққа ұмтылуы күшейе түсті. Яғни, алдыңғы аға буын бастан кешкен қудалау, соғыс секілді ауыр қасіреттерді көрмеген жаңа ұрпақ, жас буын өсіп жетілді.
1986 жылға қарай республикадағы қазақ ұлтының саны 40 пайыздан асты, ал 1959 жылғы санақ бойынша қазақтар 29,3 пайыз ғана болды. Оқу орындарындағы қазақ жастарының саны 55 пайызды құрады. Мұны Мәскеу билігі «қазақтар басқа ұлттарды шетке қағып жатыр, оқу орындарында өздері білім алатын жағдай жасап алған» деп Алматыны кінәлады.
Шындығында, барлық республикаларда солай болатын. Грузия, Армения, Өзбекстан тағы басқа республикаларда жергілікті ұлттың студенттері мен оқытушы, профессорларының саны көп басым болды. Бұл – заңдылық еді. Совет Одағы кезінде бүкіл Одақ бойынша орыстардың саны 50 пайыз болса да, Ресей оқу орындарындағы 90 пайызы орыстар болды. Тіпті, Совет Одағының астанасы Мәскеуде 95 пайыздан астам орыстар ғана білім алды.
Алайда ұлтаралық қатынастардағы, ұлттық саясаттағы мұндай нәзік мәселелерді Совет Одағы Компартия Орталық Комитетінің Бас секретарі М.С. Горбачев ескерген жоқ. Ол қазақ халқының көбі орыс тілінде сөйлейді, олардың дені «интернационалист» болып кетті, қазақтардың ұлттық сана-сезімі төмен деген жалған шешім жасады. Сондықтан Кремль Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші секретарі Д.А. Қонаевты орнынан алып, республика басшылығына ұлты еврей, паспорт бойынша орыс Геннадий Колбинді жіберді.
Бұрын Қазақстан Компартиясын мәскеулік орыстар – Н. Скворцов, П. Пономаренко, И. Яковлев, Л.И. Брежнев басқарған.
Ол заман өтті. Енді халық Д. Қонаевтың орнына Қазақстан Компартиясының жетекшілігіне, яғни республика басшылығына қазақ келеді деп күтті. Ол кезде өсіп келе жатқан жастардың ұлттық сана-сезімі де жаңа сипатта жетіліп келетін. Олар бәрін көріп отыр. Қазақстанға қатысы жоқ, жергілікті халықты мүлдем білмейтін Ульянов обком партиясының секретарі Г. Колбиннің басқаруына жігерлі жастар жол бергісі келмеді.
Айта кету керек, барлық одақтас республикаларда мемлекетті жергілікті ұлт өкілдері басқаратын. Тіпті, автономиялы республикалар Татарстан, Башқұртстан, Мордва, Якутия, Бурятияның билік басына жергілікті ұлт өкілі отырды. Бүкіл қазақ жұршылығы Мәскеудің мұндай шешіміне наразылық білдіріп, бірден қарсы шықты. Алаңға шыққан жастар өздеріне тірек болар тұлғаларды іздеп, М. Шаханов, С. Әбдірахманов, Қ. Мырзалиев, Т. Молдағалиев және өзге де зиялы қауымнан қолдау күткен болатын.
Бұл туралы Президент Н. Назарбаев «Сын сағаты» атты кітабында Г. Колбин туралы: «…Тарихта билік басына кездейсоқ кісілердің келген кездері көп. Ондай жағдайларды тізбелеп жатпаймын. Мысалы, И. Сталиннен кейін елді Н. Хрущевтей кісінің басқара қалатын қандай қисыны бар еді? Бізге Г. Колбин қалай келді? – деген сұраққа тоталитарлық қоғамның белден басатын кадрлық саясатының кереғар табиғаты ғана жауап береді…» – деген болатын.
М. А.: Сөзіңіз аузыңызда, газет беттерінде желтоқсан жайында «жастар көтеріліске шыққанда «қазақ ұлтынан» болмаса да, «қазақстандық азаматтың» басшы болуын сұрады» деп жүргендер бар ғой.
С. Б.: Бұл – қате пікір. Билікте отырғандардың өтірігі. Демонстрацияға қатысушылар: «Қазақстанды тек қазақ басқаруы тиіс, әр ұлт өзін-өзі билеуге құқы бар!» деген талап қойды. Себебі жастардың көзі ашық, жаңа санадағы ұрпақ. Оның үстіне М. Горбачевтың әр республика өзі-өзі басқару құқығы бар, жариялылық, демократия, қоғамда «қайта құру» идеясын іске асыру айтылып жатқан уақыт еді.
Ең маңыздысы – Алматыда 1986 жылғы желтоқсанда жастардың алаңға шығуы бұзақылық емес, ол – көтеріліс. Оқиға деп бірнеше адам төбелесіп қалса, екі көлік соқтығысып қалса, соны айтады. Ал желтоқсанда тек Алматы ғана емес, Республикамыздың барлық облыс орталықтары мен қалаларында, аудандарда халық наразылық білдіріп көшеге шықты. Мәскеудің жіберген арнайы әскер жасақтары, «спецназ» қарусыз ұл-қыздарымызы ұрып-соғып, қорлап, айуандық жолмен азаптап өлтірді. Содан көп жерде «Колбин – фашист» деген ұрандар пайда болды. Кремль басшылары «Желтоқсан көтерілісін» арақ ішіп, наша шегіп алған қазақ жастарының бұзақылықтары деп, болып жатқан шындықты жасырып, әлемге өтірік ақпарат таратты. Жастарды бүлікші, маскүнем, нашақор ретінде көрсеткісі келді. Сонымен, ЦК КПСС «қазақ ұлтшылдығы» деген қаулы шығарды. Мұны мен Мәскеуде докторантурада жүргенімде орыстар талай бетіме басты.
Кез келген ұлт өз жерінде қорлық көріп, ешкімнен кем болғысы келмейтіні анық. Қазақтың ұлттық сана-сезімі көтеріліп, өзге халықтармен тең болғысы келді. Сондықтан, бүкіл халық Республиканың билік басына өз ұлтының азаматы келгенін қалады. Сөзімізге дәлел болуы үшін бұрынғы Торғай облысының орталығы Арқалық қаласында болған мына бір жайды айта кетуге болады.
Көтеріліске үн қосу үшін 17 желтоқсан күні Арқалықтың ұл-қыздары да көшеге шығады. Араларында Қазақ музыка драма театрының әртістері бар. Арқалық кішкене қала болғандықтан, милиция тез қоршап, көбін ұстап алып, түрмеге жауып тастайды. Сол күні кешке спектакль қойылуы керек болатын, алдын ала билет сатылып қойылған. Бірақ театрда ойнайтын әртістердің бәрі қамауда отыр. Егер спектакль қойылмаса, тағы да шу шығады. Облыс басшылары Алматыға «бізде бәрі тыныш, халық жайбарақат, театр көріп, мәдени шараларға қатысты» деген есеп беруі керек. Амал жоқ, спектакльдің басталуына аз уақыт қалғанда, жоғарыдан нұсқау келеді де, әртістерді босатып, автобуспен театрға апарады. Сөйтіп, актерлер асығыс-үсігіс киім ауыстырып, абақтыдан бірден сахнаға шығады. Міне, өмірде болған «шынайы спектакльді» өтірік «спектакльге» айналдырған жайттар да болды. Басқа облыстарда көтерілісшілерді қамап, алаңға шыққандарды күшпен таратып: «Бізде бәрі дұрыс, халық, партия Орталық Комитеттің пленумын қолдап жатыр» деп өтірік мәлімет беріп жатты.
М. А.: Сонымен, 1986 жылы 16 желтоқсан күні Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің пленумы өтті. Бірінші секретарь Дінмұхаммед Қонаев қызметінен алынып, оның орнына Геннадий Колбин тағайындалды. Наразылық сол күні басталып, 17-18-19 желтоқсан күндері халық алаңға сыймай кетті. Ұлттық намыс бойларын кернеген мыңдаған жастар Қазақстанды кім көрінген емес, қазақ басқаруын батыл талап етті. Ақыры, қызыл империя бейбіт шерудің соңын қантөгіспен аяқтады. Ұлттың тағдыры таласқа түскен дәл осындай қиын жағдайда Сіз қайда болдыңыз?
С. Б.: Мен 15 желтоқсанда Алматыдан Мәскеу қаласына баратын пойызға отырып, докторлық диссертация жұмысымен Мәскеуге кетіп бара жатқанмын. 16 желтоқсанда пойыз Орал қаласына тоқтаған сәтте, Алматыда пленум болғаны туралы, КП Орталық Комитетінің бірінші секретарі Г.В. Колбин сайланды дегенді радиодан естідім. Сонда бұның қателік болғанын, республика басшылығына басқа ұлт өкілін әкелуі жақсылыққа апармайтынын іштей сездім.
Иә, белгісіз Ульянов обком партиясының секретарі Г. Колбиннің Қазақстан басшылығына келуін саналы жанның бәрі тосырқай қарсы алғаны түсінікті. Әсіресе ұлттық жігері жалындай түскен жастар мұны қабылдаған жоқ.
М. А.: Мәскеуге келгесін ол Алматыдан жеткен сан түрлі ақпараттардан хабардар болады. Мәскеу радио, теледидар, газеттері Алматыда «ұлтшылдар алаңға шығыпты, анаша шегіп, арақ ішіп алған бұзақылар бүлік шығарып жатыр» деген жалған мәліметтер кейіпкеріміздің ызасын тудырады.
Істің анық-қанығына жету үшін ол Алматымен хабарласады. Алматыға Одақтағы тоғыз қаладан арнайы ішкі істер жасақтары жеткізіліп, жастарды күшпен басып, қыздарға овчарка ит жібергенін естиді. Мәскеуде оқып жатқан қазақ студенттерін, аспиранттар мен өзге де жерлестерін ұйымдастырып, М.С. Горбачевқа, СССР депутаттарына және одақтық қоғамдық ұйымдарға наразылық хат жазады. Республикада болып жатқан репрессияны тоқтатып, оң шешім шығаруын талап етеді. Хаттарды көбейтіп, ақпарат құралдарының редакцияларына, министрліктерге жібереді. Мәскеуден басқа одақтас республикалардың басшыларына да хаттар, телеграммалар жолдайды. Онда қазақтардың қолдауларын сұрайды, егер үнсіз қалатын болса, ертеңгі күні осындай жағдай өздерінің де бастарына түсетінін ескертеді.
Мәскеудегі қазақтармен басқосып, талай жиналыс өткізеді. Басқа республикалардан келген студенттер, аспиранттарға Алматыдағы жағдайдың мән-жайын түсіндіріп, алаңға шыққандардың ешқандай бұзақылар емес, өз ұлттық теңдігін сұраған жастар екенін ұғындырды. Оларға жала жабылғанын жеткізді. Бұл басқа ұлт өкілдерінің Қазақстандағы көтерілістің шығу себебін білуіне мұрындық болды. Мұндай әрекеттерін Қазақстан бойынша Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тапсырмасымен Мәскеу қалалық КГБ-сы бақылауға алған екен. Кейіпкеріміз ол уақытта Плеханов атындағы Москва халық шаруашылығы институтында докторант болатын. Ғылыми жетекшісі профессор А.А. Успенский Сәкеңді шақырып алып: «Ты думаешь, что если уехал из Алматы, не следят за тобой? Ошибаешься, у меня были оперработники Госбезопасности и рассказали о твоей деятельности Москве. Если хочешь защитить докторскую диссертацию в институте, прекрати собирать казахов и писать письма в высшую инстанцию» деп ашық айтады.
Үш аптадан соң Мәскеуден Алматыға оралған. Ол кезде көтерілістің жанышталып, енді соған қатысы бар «ұлтшыл», «бүлікші» деген адамдарды жаппай қуғындау жүріп жатқан кез. «Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» дегендей, бұрынғы Л. Брежнев атындағы алаңға барғандарға кінә тағып, бәрін тергеп, соттауға кіріскен. Батырша-ұлын да «осы оқиғаны ұйымдастырушылардың бірісің, содан өзің Мәскеуге қашып кеткенсің» деп айыптайды. Ол уақытта Сәкең Алматы Мемлекеттік театр және көркемсурет институтындағы Марксизм-ленинизм кафедарсының меңгерушісі болатын. Алаңға шыққан жастардың арасында осы институттың студенттері көп болған. Сонда жастар көтеріп шыққан плакаттарды, ұрандарды түнімен жатақханада жазған болатын. Олар тек ұрандарды жазып қана қоймай, басқа институттардың студенттерін де үгіттеп, Мәскеудің қатыгез үстемдігіне қарсы шыққан болатын. Кафедра меңгерушісін сұраққа тартудың бір себебі осы. Дегенмен ол өзінің ешқайда қашпағанын, институт ректорының бұйрығымен докторлық диссертация жұмыстарымен Мәскеуде іссапармен болғанын айтады.
«1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін республикада 30-жылдары болған репрессия қайталанды. Сол кездегі «Үштік» жазалау комиссиясы қайта оралды», – дейді Сәкең. Жалпы, Сайлау ағаның қайраткерлігі мен ұлтшылдығы, ерлігі арқалы ақын Мұхтар Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы» кітабында және видеофильмдерде айтылған.
С. Б.: «Үштік» комиссиясы әкімшіл-әміршіл жүйе негізінде 1935-1938 жылдары партия, мемлекеттік қауіпсіздік комитеті және ішкі істер министрлігі өкілдерінен құралған жазалаушы орган еді. Тергеусіз айып тағылған адамдардың тағдырын үш адам шешетін. «Ұлтшыл, шпион, үкіметке қарсы» деген үкім шығарып, түрмеге айдап жіберетін немесе ату жазасына да бұйыратын солар болған.
1986-1987 жылдары сол сияқты «Үштік» қайта құрылды. Оның құрамында Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (КГБ), Аудандық партия комитеті (Райком), министрліктің не болмаса прокуратураның адамдары болды. КГБ-да қызмет еткен пенсиядағы бір қазақ кісі комиссияның мүшесі екен (Аты-жөні есімде жоқ). Бұрын райком партиясында істеген Бреус деген еврей әйел «Үштік» комиссияны басқарды.
М. А.: Ағамыз СССР халық әртісі Әзірбайжан Мәмбетов, Қазақ ССР Халық әртістері Асқар Тоқпанов, Кәукен Кенжетаев, Маман Байсеркенов тағы басқа өнер мен мәдениет тұлғаларымен қатар жаңағы «үштіктің» алдынан өткенін айтады. Себебі желтоқсанда қолға түскендер арасында олар қызмет ететін Алматы Мемлекеттік театр және көркемсурет институтының жастары көп болған. Демек, «ұлтшылдықтың» үлкен ошағының бірі – осы оқу орны, ол жерде сабақ беретін ұстаздардың қатысы бар деп қақпанға түсірмек болған.
Әрі қарай кейіпкеріміздің әңгімесі былайша өрбиді.
С. Б.: Алайда кейін ашылған деректер бойынша, желтоқсан оқиғасына қазақтардан басқа да ұлт өкілдерінің қатысқандары анықталды. Алматыда ұсталғандардың арасында орыс, ұйғыр, татар, қырғыз, өзбек, кәріс және басқа да ұлт өкілдері болды. Бірақ Партия Орталық Комитетінің нұсқауымен оларды босатып, көтерілісті қазақ ұлтшылдығына алып келді.
Совет аудандық партиясының ғимаратында алғашында тергеу күн сайын жүргізіліп отырды. Кейін аптасына бір рет, сосын баяулай бастады. Өмірінде қылмыс жасамаған адамға әр тергеудің өзі үлкен азап екен. Тергеушілер жауап алуға шақырғандарды екі-үш сағат бойы дәлізде, кабинетінің алдында сарылтып отырғызып қояды. Бұл – олардың сағын сындырып, рухын басу тәсілі екен. Оқытушы, профессорларды Райкомның ғимаратында тергесе, студент жастарды Қауіпсіздік комитетінің ғимаратында (бұрынғы чекист Дзержинский көшесі) тергейді. Мен сол студенттермен әңгімелесіп, жағдайларын сұрағанда олар біраз нәрсені айтты. Кешке сабақтан кейін барғандарды түннің бір уағына дейін отырғызып, артынан «қайта беріңдер» дейтін көрінеді. Түн жарымда олар жаяу-жалпы қайда барсын, кейбіреуі осында түнейміз десе, кетіңдер деп қуып, мазақ қылады екен. Түнгі кезекте жұмыс істейтін КГБ қызметкерлері «өздеріңе де обал жоқ, митингке үгіттеп шақырған оқытушы, профессорларды айтсаңдар болды, сендерді босатамыз деп қыспаққа алған. Шаш ал десе, бас алуға даяр тұратын мәңгүрттер студенттерді көп қинапты.
Өкініштісі, сол тергеушілер дені қазақтар болды. Кейін заңсыз осы әрекеттері үшін олар ешқандай жаза алмады. Тіпті болмаса жастардан кешірім де сұраған жоқ. Мәскеудің ңұсқауы бойынша тоталитарлық системаны қорғап, өз қандастарын жазалағандар, қазіргі тәуелсіздік кезінде халыққа қай бетімен қарап жүр екен?
М. А.: Желтоқсан көтерілісіне тікелей қатысты кінә таба алмаған тергеушілер Батырша-ұлының студенттерге оқыған лекцияларын, әңгімелерін тексеруге кіріседі. Ақырында студенттерді алдауға көшіп, «сендердің бізге керектерің жоқ, ол лекцияда ұлт туралы, Совет үкіметіне қарсы не айтты, соны жазып беріңдер» депті. Олар «өз еркімізбен алаңға шықтық, Қазақстанды қазақ басқаруы тиіс» деп тұрып алған. Сондықтан, институттан оннан астам студент сотқа тартылып, біразы оқудан шығарылды. Кейін Құрманғазы Айтмырза, Самат Тергембаев және бірнеше студенттер осы жайды ұстаздарына баяндап, өздерінің ұстаздарын сатпағандығын айтқан. Бүгінде белсенді ұлттық намысы бар жігіттер: Астана қаласы Суретшілер одағының бас директоры Қ. Айтмырза, Мемлекеттік «Наз» би театрының директоры С. Тергембаев ел өнеріне үлес қосып жүрген азаматтар.
Заң органдарының қайраткер азаматқа таққысы келген айыбы тым тереңде жатқан. Оның бұрынғы істерін қазып, жасаған жұмыстарынан «ұлтшылдық» деген кінә таққысы келгені де тегін емес. Өйткені Сәкеңнің ұлттық намысты қорғап, Г. Колбинге қарсы жасаған батыл қадамдары Қауіпсіздік комитетіне белгілі еді. Бар мәселе соған куәларды табу.
Жастарды ақ қар, көк мұзда жер бауырлатқан желтоқсанның тастай суық ызғары Сізді де қарып түскен болар? Оны Сіз туралы жазылған арыздар, мақалалардан білеміз. Басқа оқытушылардың істері жабылып жатқанда, Сіздің ісіңіз жабылмады. Мұның себебі тек Желтоқсанда ғана ма, әлде Сіздің «ұлтшылдық» көзқарасыңызда ма? Тергеушілер қандай істеріңізді алға тартып, мойныңызға артқысы келді?
С. Б.: Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларды тергеу үшін Мәскеуден Ішкі істер министрлігі, прокуратура, мемлекеттік қауіпсіздік органдарынан тергеушілер, көп қызметкерлер келді. Олар жергілікті адамдардың ақпаратына, мәліметіне сүйенді. Мәселен, Алматы театр және көркемсурет институтының партком секретарі В. Диденко көптеген профессорлар, студенттерді көрсетіп, кімнің не істегені, не сөйлегені туралы тергеушілерге жеткізіп отырған.
Комиссия мүшелері мені «айыпкер» жасауға құлшынып, жұмысымды тексерді. Біз Совет Одағының, нақты айтсақ, Ресейдің тарихын оқытатынбыз. Қазақстан, Орталық Азия жайында КПСС-тің тарих кітабында он бет көлемінде мәлімет қана болушы еді. Мен жастарға өзінің тарихы мен мәдениетін білу үшін «История Компартии Казахстана и Казахский ССР» атты 20 сағаттан тұратын «спецкурс» кіргізген едім. Тергеушілер «Неге бағдарламаны бұзасың, КПСС, Совет Одағының тарихын қысқартып, орнына Қазақстан тарихын оқытқың келді ме?» – деп ілік іздеді. Кафедраның аты жазылған тақтайшасын қазақша «Марксизм-ленинизм кафедрасы» деп өзгерткенмін.
Комиссияның талабы бойынша институт ректоры қазақша тақтайшаны алдыртып тастап, «Кафедра марксизма-ленинизма» деп өзгертті. Қарап тұрсаңыз, «марксизм-ленинизм, кафедра» сөздері қазақтың сөзі емес қой, тек «сы» деген жалғау оларға үлкен үрей тудырыпты. Бұл да менің «ұлтшыл» екенімді білдіретін факт екен!
М. А.: Осы сәтте Сайлау аға мырс етіп күлді. Анығында жәй мысқыл емес, ашу еді. Соңына шам алып түсіп, тырнақ астынан кір іздеген кеңестік жүйенің, КГБ-ның іс-әрекетіне деген ыза.
Әңгіме жалғасып жатты…
С. Б.: Сол 1986 жылғы қаңтарда мен «Казахстанская правда» газетіне «Воздух столицы» деген мақала жазғанмын. Онда Алматы қаласының ауыр экологиясы жайында мәселе көтеріп, қанша зауыт, фабрика бары туралы талдау жасаған едім. Алатау баурайындағы қала өзінің әсемдігін жоғалтпай, мәдени, білім, ғылым және әкімшілік орталық ретінде ғана болса деген ұсыныс айттым. Алматы таудың қойнауындағы шаһар болғандықтан, ыс-түтін оңай арылып кетпейді. Оны ескермей өнеркәсіп орындарын Алматыға үймелетіп сала берген. Және оның көбі экономикалық жағынан тиімсіз әрі есепсіз ойластырылған. Мәселен, темір-бетон жасайтын 20 шақты зауыт болды. Материалды Алматыдан шығарып, сонау неше мың шақырым Ақтау (ол кезде Шевченко қаласы), Атырауға тасиды. Былай қарасаңыз, темір бетонның 10 пайызы ғана цемент пен темір. Басқасының бәрі құм. Міне, сол құмды алысқа тасыды. Пайдасынан шығыны көп. Ол зауытты неге Ақтауда салмасқа дегенмін?
Жұмысшы мәселесіне қатысты мынадай жағдайды айта кетуге тура келеді. Алматы қаласында ірі мақта-мата комбинаты салынды. Жұмыс істейтін мамандар жоқтығын сылтау етіп, Ресейдің текстиль саласы дамыған Иваново, Владимир облыстарынан мыңдаған қыз-жігіттерді алып келді. Ол уақытта Алматыға келіп жұмыс істеу үшін паспорт тіркеуі қажет. Алайда қазақтарда «прописка» мүмкіндігі жоқ. Ал сырттан әкелген орыс жұмысшыларына жатақхана да, тіркеуі де бәрі дайын. Сөйтіп, орыстарды лек-легімен кіргізді.
Ол кезде Алматыда қазақтар аз, 14 пайыздай ғана. Уақытша тіркеуі бар студенттермен қосқанда 22 пайызға әрең жетеді. Осы мәселелерді жоғарыда аталған мақаламда көтеріп, мақта зауытын мақтаны молынан өсіретін Шымкент, Түркістан қалаларында салу керектігі жайында жаздым. Сонымен бірге, басқа республикалардан жұмысшы күшін тасуды тоқтату жөнінде пікір білдіріп, олардың орнына ауылдағы қазақ жастарын дайындау мәселесін қойғанмын. Осы айтылғанның бәрі енді маған шоқпар болып тиді. Комиссия председателі Бреус: «сен мақалаңда Қазақстанға орыстардың келуіне қарсы пікір айтқансың, ұлтшылдық көрсетіп, партияның саясатына қайшы келдің», – деп айыптады.
Әңгімеміздің басында айттым ғой, Кремльдің біздің халыққа жасағанын әшкерелеп Колбиннің үстемдігіне қарсы хаттар, листовкалар жазып таратқанбыз. Оларды баспасөзге бердік. Пошта арқылы басқа республикаларға да жөнелттік. Қағаздың бәрі бір адамның қолы болып кетпесін деп, інілерім мен балаларыма, таныстарыма жаздыратынмын. Көп қабатты пәтерлердің пошта жәшігіне саламыз. Түнделетіп оқушы қызым Сәулекүл мен ұлым Алжирбекті листовкаларды трамвай, троллейбус аялдамаларына іліп келіңдер деп жіберетінмін. Сонда жұбайым Хадиша: «Сен Колбинге қарсы жұмысқа балаларыңды салып қойдың, листовкамен ұстап алып, оқудан шығарып жіберсе не істейсің, олардың болашағын ойламайсың ба?» – деді. Мен оған: «осы жұмысы үшін кейін оған қазақтар разы болады, балаларың батыр болады», – деп көңілін жұбатып күліп едім, Хадиша: «маған батыр керегі жоқ, маған бала керек», – дегені бар… Алайда онымен тоқтап қалған жоқпын. Мәскеуден еш жерде тіркелмеген «Оptima» машинкасын сатып әкеліп, Алматыда көп «листовка» жаздық. Сол машинка әлі үйде тұр. Негізі, мекемелердегі машинкаларды арнаулы орындар тіркеп, үлгісін алатын. Кейбір Мәскеудің саясатына қарсы хат, мақала жазғандарды сол арқылы ұстап алғанын естігенбіз…
Сонымен, тергеу жалғасып жатты. Бұрын тергеуді көрмеген соң қайдан білейін сұрақтарына жауап бере беріппін. Мұның орынсыз екенін кейін сезіндім де оларға «Маған не кінә тағасыңдар, әуелі айыбымды айтып, үстімнен жазылған арызды көрсетіңдер, әйтпесе жауап бермеймін», – деп тұрып алдым. Амал жоқ, менің үстімнен жазылған арыздарды көрсетті. Оқып, көшіріп алдым.
М. А.: Сонда кім, не жазыпты?
С. Б.: Кафедрада істейтін Степан Каньев деген ұлты мордва оқытушы бар еді, сол біраз нәрсе жазыпты. «Батырша-ұлы кафедраға кіргенде бәрімізбен қазақша амандасады, ол осы елдің иесімін дегендей кеудесін көтереді, КПСС тарихының орнына Қазақстан тарихын кіргізді» депті. Осы оқытушы бірнеше рет ішіп алған күйі сабаққа келгенде, «мына түріңмен лекцияға кірмей-ақ қой» деп мастығын жасырып, үйіне қайтарғанмын.
М. А.: Сіз шынында солай етуші ме едіңіз?
С. Б.: Расында, қазақ бол, орыс бол бәріне «Сәлеметсіздер ме?» деп амандасатынмын. Соны менің «ұлтшылдығым» ретінде көрсетіп отыр ғой. Міне, ол кезде қазақша амандасудың өзі айып болды. Жаңағы Каньев мені жамандай келіп, соңында «его нужно исключить из партии и с работы только за то, что он носит националистическую фамилию «Батырша-улы» деп жазыпты.
Орыс лаборанткам: «Батырша-ұлы всегда говорит на казахском языке, заседание кафедры ведет по-казахски, он осуждает действия секретаря ЦК Компартии Г.В. Колбина» деп жазыпты. Мен осыны оқығаннан кейін комиссия мүшелеріне орысша жауап бермей, қазақшаға көштім. Ана тілімде сөйлесуге құқым бар екенін айттым.
Желтоқсан көтерілісінен кейін тергеушілер жетіспегендіктен, пенсиядағы Бреус деген әйелді, бұрынғы партия қызметкерлерін, КГБ, ішкі істер саласында істеген зейнеткерлерді қайта жұмысқа шақырып алған еді.
Бір күні райкомға келіп, дәлізде күтіп отырғанмын. Қасыма «Үштіктің» бірі – КГБ-ның бұрынғы қызметкері қазақ шал келіп отыра қалды. Одан: «Қалай жауап берсем дұрыс болады, мына тергеуден қалай құтыламын?» – деп сұрадым. Іштей «қария ғой, жастардың алаңға шындық іздеп шыққанын түсінетін болар, қазақ болған соң бүйрегі бұратын шығар» деп үміттенгенмін. Сөйтсем, әлгі пенсионер шалым:
– Бізге бәрі белгілі, Алматыда, Мәскеуде не істегеніңді біліп отырмыз. Ең дұрысы «қателестім, ұлтшылмын, студенттерді үгіттедім деп мойындап, бәрін жасырмай айт», – деп қарап отыр.
Мына сөзді естігенде ашуланып кеттім.
– Жоғал қасымнан, сендейлердің кесірінен 1938 жылы қаншама жазықсыз адамдар жапа шекті, – деп айқайлап жіберіппін.
Осы сәтте, 1937-1938 жылдар ойыма оралды. Алаш зиялылары, қаншама күрескер, ұлт тұлғалары осындай сатқын, тыңшылардың арамдығынан өлімге үкім етілді емес пе? Соларды көрсетіп, арыз жазып жүргендердің көбі қазақтар ғой. Әрине, Совет үкіметі бұйрық берді, бірақ соған құрдай жорғалап, намыссыздықпен өз халқына қарсы болып, Мәскеуге қызмет көрсеткен өз қандастарымыз екені рас қой. Ойласаң жүрегің ауырады. Алайда сол қиын кездерде Мәскеудің озбырлығына шыдамай КГБ, МВД-де істейтін талай қазақ офицерлері партбилеті мен қызметтерін тастап кетті.
Желтоқсан тергеуі жалғаса берді. Қаншама жастар қудаланды, қысым көрді, сотталды, ұшты-күйлі жоғалды. Республикаларда сотталғандарды өз түрмелерінде ұстау керек деген нұсқау бар болатын. Бұрынғыдай концлагерь, Сібірге айдау болмайды деп қаулы қабылдаған. 1987-1988 жылдары ол қаулы жайында қалды. Сотталған қазақтарды, сонау Қиыр Шығыстағы Чукоткаға дейін жер аударды.
Республикада жағдай өте қиын болды, қудалау, тергеу, соттау. Жүздеген белгілі адамдарды партиядан, жұмыстан шығарды, Сөйтіп, Мәскеудің қысымына көнбеген, намысы бар азаматтарды қолдарынан келгенше басып-жаншыды. Ал мені бұрынғыдай шақырып алып тергеу жүргізбесе де, жасырын бақылаудан босаған жоқпын.
1988 жылы мамырда біздің институтта бүкіл ұжым қатысқан партияның ашық жиналысы болды. Онда тергеуге алынған 20-ға жуық оқытушы, қызметкерлердің ісі жабылды, – деп жарияланды. Сол тізімнің ішінде мен жоқпын. «Батырша-ұлының желтоқсан оқиғасына қатысты ісі туралы айтар болсақ, әлі де тергеу жүргізіліп жатыр», – деді. Міне, сөйтіп Совет Одағы құлағанша ізге түсу, аңду тоқтаған жоқ, менің ісім жабылмады.
Кейін білуімше, Совет үкіметіне қарсы «ұлтшыл» екенімді айғақтайтын фактілерді түрлі қитұрқы жолдармен іздепті. Институттың проректоры Байтұрсын Омарбековпен жақсы дос болатынмын. Соған КГБ-ның адамдары келіп: «Батырша-ұлын үйіңе не ресторанға қонаққа шақырыңыз, ол үкіметке қарсы адам, саған сырын айтады. Біз диктофон берейік, оның желтоқсан туралы пікірін жасырын жазып ал» деп ақша да ұсыныпты. Бірақ Б. Омарбеков ондай әрекетке бара алмайтынын айтып, бас тартқан. Бұл әңгімені Байтұрсын маған Қазақстан тәуелсіздік алған соң ғана айтты.
Желтоқсаншыларды қудалау, жазалау кезінде жора-жолдас, ағайын-туыстар бір-бірімен араласпай қалды. Бір күні көшеде Ташкент университетінде бірге оқыған, 1988 жылы Республикалық Ұлттық қауіпсіздік комитетінде істейтін жолдасым Пәрвуаз кездесіп қалды. Оның маған бірінші қойған сұрағы «сен түрмеден қашан босап шықтың?» болды. «Мен ешқашан түрмеде отырған жоқпын, бұл сұрағыңды қалай түсінуге болады?» – дедім. Сонда Пәрвуаз «сен сияқты ұлтшылды соттамағанда, енді кімді отырғызуымыз керек?» – деп ойын ашық айтты. Мен оның бұл ойына ренжіп, қоштаспай кеттім. Сол кезеңде Коммунистік партияның саясаты бойынша, кімде-кім өз ана тілінде сөйлеп, өз ұлтын, салтын қорғаған адамдарды ұлтшылдарға жатқызып отырған. Ал «ұлтшыл» деп танылғандар партиядан, комсомолдан шығарылып, мемлекеттік қызметтен шеттетілетін.
М. А.: Осындай қиындықтарды әке-шешеңізге, жеңгейге айттыңыз ба?
С. Б.: Жоқ, олардың жүрегін ауыртпайын деп жалпы жағдайды ғана хабардар ететінмін. Ал балаларыма, інілеріме желтоқсан шындығын түсіндіретінмін.
М. А.: Желтоқсанда сілкінген ұлттық сана қанша қудалау көрсе де, көкіректе жанған сәуле оты сөнген жоқ. Қайта халықтың жігерін, намыс отын одан бетер лаулата түсті. Сәкең аға сынды өр мінезді, өз құқын қорғай білетін батыл тұлғалар тұғырынан таймады.
Желтоқсан шындығы Батыс демократия елдеріне жайылып кетпеуі үшін Үкімет бар әрекетін жасады. Алайда 1989 жылы 6 маусымда Мәскеуде Совет Одағы Халық депутаттарының съезінде сөз алған депутат Мұхтар Шаханов желтоқсан шындығын жайып салды. Желтоқсан ақиқатының ашылуына түрткі болғанымен, ақынның басына түскен қауіп те күшейе түсті. Арнайы даярланған баскесерлердің қазақ жастарын аяусыз жаныштағанын шет мемлекеттер білуі керек.
1990 жылы Түрік мәдени орталығының төрағасы, профессор Тұран Язған ақын М. Шахановты шығармашылық сапармен келіп қайтуға шақырады. Әйтсе де, оған Түркияға шығу өте қиын, тіпті мүмкін емес еді. Себебі Мұхтардың ақиқат үшін тайынбай, шындықты айтып салған батылдығынан тіксінген КСРО басшылығы оны шетелге шығармау туралы құпия тапсырма берген. Енді ұлт қайраткері, Желтоқсан оқиғасын тексеру комиссиясының төрағасы Мұхтардың осы жөніндегі әңгімесін тарқатуды жөн көрдік.
«Ол кезде Қазақ ССР Сыртқы істер министрі Ақмарал Арыстанбекова болатын. Сайлау Батырша-ұлы министрдің орынбасары еді. Мен сол күндері шығармашылық сапармен Түркияға бармақ болып жатқанмын. Қолымда ресми шақыруым бар. Министрге кірдім. Мән-жайды айтып, шетелге шығатын паспорт пен виза ашып беруін өтіндім. Бірақ «депутат М. Шахановты шетелге шығармау» туралы Мәскеудің тапсырмасы бар екен. Министр маған шетелдік паспорт бермейтінін айтып, түрлі желеулермен менің Түркияға шығуыма қарсылық танытты. Ол кезде екі паспорт болатын. Біріншісі – ел ішінде қолданылатын, екіншісі – шетелге шығуға пайдаланатын паспорт. Оны Сыртқы істер министрлігі береді. Сөйтіп, маған шетелге шығатын паспорт берілмейтін болды. Мен әрі-бері айналдырып министрді көндіре алмадым. Сол сәтте кабинетке әлдебір жұмыспен Батырша-ұлы кірген, ол біздің айтысымызды естіп отырды. Бір кезде Арыстанбекованың үкіметтік телефоны шырылдай қалды. Министр тұтқаны көтеріп, бетін әрі бұрып сөйлесе бастады. Осы сәтті пайдаланған, Сәкең маған ымдап «сыртқа жүр» деген белгі берді де, өзі шығып кетті. Аздан соң министрге өтінішімді орындата алмай ызаланып мен шықтым. Сәкеңнің кабинетіне барсам, ол: «Мұха, бекер ерегесіп қайтесіз, бүгін кешке министр іссапармен Мәскеуге жиналысқа жол жүреді. Ертең оның орнында мен қаламын. Паспортыңызды өзім даярлап, Түркияға жіберемін», – деді. Ертеңінде министрдің рұқсат бермей қойғанына қарамастан, ол маған паспортпен шетелге шығуға рұқсат берді. Сөйтіп, Ыстамбулға барып, бүкіл әлемдік ақпарат құралдарына Кремль жіберген арнайы әскердің қазақ жастарын қырғанын айтып бердім».
Бұл сөзін ақын Шаханов 2006 жылы Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде өткен ауқымды жиында айтқан болатын. Оған осы кітаптың авторы мен де қатысқанмын. Желтоқсан шындығын шетелге ашуда басын бәйгеге тіккен, Сыртқы істер министрінің орынбасары Батырша-ұлы министрге қарсы шығып, жанкешті қадамға барғаны туралы, ақын ризашылықпен баяндағанда студент жастар мен университет ұстаздары ду қол соққаны көз алдымда.
Мемлекеттік қызметте жүріп ұлт мүддесі үшін тәуекелге бару, өздігінен әрекет жасау – екінің бірінің қолынан келмейтіні ақиқат. Ендеше, кейіпкеріміздің одан кейінгі жағдайы қалай болды, соған тоқталайық. Сол оқиғадан кейін дипломат басшылар тарапынан тағы да қыспаққа алынды.
Әр істің оңға басып, сәтті болуына кейде бір батыл әрекет себепші болады. Мұндай батыл шешім – Мұхтардың желтоқсан ақиқатын әлемге жария етуіне, патриот азаматтың алаңсыз күреске шығуына дипломат жағдай жасап берді. Шындығында, Алматыдағы қарусыз қазақтарды әскермен аяусыз ұрып-соққан қатыгездігін Мәскеу жанталаса жасырып бақты. Осы қантөгістің дүниежүзіне сезіліп қалмауы үшін олардың бұдан да сорақылыққа бармасына ешқандай кепіл жоқ еді. Желтоқсан шындығын ашуға ұмтылған М. Шахановтың басына да сол сәтте қауіп төніп тұрған болатын. Бұл жөнінде, яғни ақынның көзін құрту үшін не істелгені жайында ақын-қайраткердің өз шығармаларында баяндалып өткен.
Сонымен, Түркияда болған депутат, желтоқсан шындығын танымал түрік және шетел ақпарат құралдары арқылы әлемге жайып жібереді. Ақиқат жолы ашылған соң, СССР Қауіпсіздік комитеті басшылары ақынды жою жолын таба алмай қалыпты. Мұхаңның айтуынша, КГБ бастығы Чебриков: «Шахановты уыстан шығарып алдыңдар, кеш қалдық, енді оған қол тигізуші болмаңдар» деп тапсырма беріпті. Өйткені Анкарада бір айдай болып, әлемге желтоқсан шындығын ашып берген ақынға енді қастандық ойластыру Мәскеуге опа бермейтін еді. Сонымен, халықаралық аренада Кремльдің іс-әрекеті әшкере болды. Осыны ойлаған Михайл Горбачев үнсіз бармақ тістеп қала береді. Бұл жайды да Мұхтар ағаның өзі талай жиындарда әңгімелеп жүр.
Біз кейіпкерімізбен сұхбат үстінде осы жағдайды еске түсірдік. Сәкең бұл оқиғаны қысқаша былай түйіндеді:
С. Б.: М. Горбачев пен Г. Колбин 1986 жылы қазақ халқын қорлап, бейбіт шеруге шыққан ұл-қыздарымызға жан-жақтан арнайы әскер әкеліп жаныштағаны туралы әлемнен жасырып отырды. Міне, енді депутат М. Шахановқа Түркияға барып, шетелге орыстардың жасаған қиянатын паш ету мүмкіндігі туды. Бұқаралық ақпарат құралдары партияның қолында болғандықтан, шындық айтылмайтын, баспасөз жарияламайтын. СССР Жоғарғы Советінің депутаты Түркияға барып, әлем қауымдастығының алдында шындықты жарияламаса, Мәскеу басшылары үнімізді өшіретініне көзім жетті. Сондықтан, министрдің шешіміне қарамастан, Мұхаңа шетелдік паспорт беріп, Түркияға жібердім. Ол үшін КГБ-ның қара тізіміне ілінетінімді түсіндім. Не сөгіс алатынымды, не жұмыстан қуылатынымды да білдім. Бірақ мен үшін жеке басымның қамынан желтоқсанда қаза тапқан, мыңдаған қудаланған жандардың ары мен обалы жоғары еді…
Репрессиядан құтқарып қалатын жолдардың бірі – Еуропа елдері мен Америка желтоқсан көтерілісінің шындығын біліп, құқық қорғау халықаралық ұйымдарының Мәскеудің бізге жасаған диктатын айыптауы деп санадым. Сонда ғана әлемдік қауымдастықтан, Батыс елдеріндегі адам құқығын қорғайтын ұйымдардан Совет үкіметі сескеніп, республикада қысым мен қудалауды тоқтатуы мүмкін.
Бұл үміт мені алдаған жоқ. СССР Жоғарғы Советі депутаттарының съезінде Алматыдағы желтоқсан оқиғасын, әскерді пайдалану туралы тексеру комиссиясы құрылды.
М. А.: Осы оқиғадан кейін ортақ мақсаттағы ақын мен дипломаттың достығы нығая түсіпті. Бұл байланыс желтоқсан ісін тексеретін комиссияның жұмысы барысында артқан. Комиссияны басқарған М. Шахановтың бұл жұмысқа жан сала кіріскенін халық біледі. Ал комиссия төрағасына министрдің орынбасары жасырын кеңесші болғаны туралы ше? Бұл жағдайды көпшілік әлі біле бермейді. Шын мәнінде, халықтың намысын қорғауда, өз-өзін билеу қақысын жақтауда, Сәкең де қарап қалған жоқ. Комиссия жұмысына қолынан келгенінше жәрдемін берді. Ең әуелі, комиссияға қатысқан азаматтардың бірлікте, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» қимыл жасауына ұйытқы болды. Ол тұста желтоқсан ісі бойынша құрылған комиссияны тең төраға ретінде ақын Мұхтар Шаханов пен Қадыр Мырзалиев басқарады. Екеуі де қазақ халқының талантты ұлдары, жазықсыз азаматтарының тағдыры таласқа түскен іске білек сыбана кірісуде. Мұхаң желтоқсан мәселесі бойынша нәтижелі еңбек еткен адам болғандықтан, өр мінезді, адуын қимылмен жапырып жұмыс жасайды.
Ал мінезі майда Қадыр аға жұмыс барысында Мұхтармен келіспей қалатын кездері болған. Бір-біріне реніш танытқан ағалардың пікірлері баспасөзге де шығып кеткен. Осыны байқаған Сәкең Қ. Мырзалиевті арнайы үйіне қонаққа шақырып, дастархан басында екі ақынның тізе қоса, бір-бірін қолдау көрсетуі керектігін сұранады. Жөн сөзге жол беретін, текті мінез Қадыр досының бұл уәжіне ұйып, әрі қарай комиссия жұмысына қолдау көрсетеді.
Желтоқсанда жапа шеккен жандардың комиссияда қаралатын жұмысы да шаш етектен болатын. Күніне жүздеген адам келіп, көтеріліс кезінде көрген қорлығы мен зорлығын, өздеріне заңсыз тағылған айып, жолсыз жабылған жаласы туралы арыз-шағымдарын айтатын. Бір қызығы, бүгін арыз айтқан адамдардың ертеңінде қайта келмей қоятыны қатты таңғалдырады. Комиссия жұмыс жүргізіп жатқан орынға барып, сырттан бақылап жүретін, өзі талай шетел барлау органдарының торынан өткен дипломат бұл мәселені анықтайды. Сөйтсе, шағым айту үшін келген адамдардың арасында қауіпсіздік комитетінің жансыздары да бірге отырады екен. Оны қарап, кімнің кім екенін танып жатқан Мұхаң жоқ, келгендердің бәрін алдына отырғызып қойып, әңгімелеседі. Арыздарын жазбаша алып келуін сұрайды. Ал іште отырып, бәріне қаныққан тыңшылар кешегі ауызша арыз айтқандарды сыртқа шыққанда үркітіп-қорқытып, қайтып комиссияға жоламайтындай етіп бездіріп жібереді. Дипломат Мұхтардың кабинетіне барып, сыртқа шығып кетуін сұрайды. Содан екеуі бір қабат жоғары этажға шығып, оңаша сырласады.
Мұхаңа үлкен залдың ішінде отырғандардың арасында жансыздар бар екенін, олар келгендердің айтқанын тыңдап, түртіп алған соң, арыз жаздырмайтынын түсіндіреді. Соған сай жұмыс тәсілін басқаша жүргізуге жөн сілтейді. Негізінде, мұндай істерде Сәкеңе ашық кірісуге мемлекеттік қызметі жол бермейтін.
Басын ашып айта кететін нәрсе, оның қызметі ақиқаттан артық болып тұрған жоқ. Ол қызметін пайдаланып, оларға қол ұшын береді. Сөйтіп, екі оттың арасында жүріп, Сәкең желтоқсанда жәбір көргендерге көп жәрдем береді.
Оқиғаның мән-жайын кейіпкеріміз былай әңгімеледі:
С. Б.: Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков өлім жазасына кесіліп түрмеде жатқанда, інісі Талғат біздің үйге соттың үкімдері мен өздерінің жазған арыздарын алып келді. Материалдармен мұқият танысып, Қайратқа жазықсыз жала жабылғанына көзім жетті. Телестудияны күзетудің орнына Савицкий деген қызметкер милиционер мен әскерилерге қосылып, алаңда демонстранттарды темір трубамен ұра бастайды. Сәтбаев көшесі мен Мир (қазіргі Желтоқсан) көшелерінің арасында 600-ге жуық қазақ жастары мен орган адамдары арасында қырғын төбелес болады. Сол төбелесте Савицкий қайтыс болған. Тергеуші кісі өліміне кінәлі деп Қ. Рысқұлбековты айыптайды. Соттың өлім жазасына кесу туралы үкіміне Алматы телестудиясында техник болып істейтін орыс әйелі «Телевидение ғимаратының үшінші қабатындағы терезеден қарап тұрғанымда, Рысқұлбеков Савицкийді таяқпен ұрғанын көрдім» деп жалған куә болған. Ал шын мәнінде, қаптаған адам төбелесіп жатқанда, шамалап бір шақырымдай қашықтықтағы терезеден көрген адамның Рысқұлбеков екенін суреттен таныдым деуі еш қисынға келмейді. Сот үкімінде басқа да көптеген күмәнді айыптаулар бар. Осының бәрін дәлелдеп, Қайраттың адам өліміне қатысы жоқ екені туралы, Қазақ ССР Бас прокуроры Г. Елемесовке, Жоғарғы соттың төрағасы Т. Айтмұхамедовке және республика басшысы Г. Колбинге арыз жазып бердім. Бірақ Мәскеудің қадағалауымен республика үкіметі, заң органдары бұл арызды елемей, өлім жазасына кесті. Осындай ауыр қатыгездік, әділетсіздікке республика жұртшылығы, шетелдік адам құқықтарын қорғаушы ұйымдар қарсы шықты. Ақыры зұлым система Қайратты Семей түрмесінде 1988 жылы мамыр айында өлтіріп тынды. Кейін бір кездесуде сол Жоғарғы сот төрағасына: «Желтоқсаншыларды жаппай дәлелсіз соттағаныңыз үшін өз кінәңізді сезінесіз бе?» – деп бетіне айтқаным бар.
Қаһарман жерлесім Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылынан. Мен елге автомобильмен барарда Астана – Балқаш – Бірлік – Шу жолымен өтемін. Қайраттың шешесі Дәметкен трасса бойындағы Бірлік ауылындағы автобус аялдамасында шайхана ашады. Міндетті түрде Қайраттың анасының қолынан шай ішіп, хал-жағдайын сұраймын. Үйіне барып, баласының аруағына Құран бағыштадым.
Тәуелсіздік алғаннан кейін ҚР Президентінің жарлығымен ержүрек Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» деген атақ берілді. Оның түрмеде жазған ерлік-жігерге толы мына өлеңі туған облысының орталығы Тараз қаласында орнатылған ескерткішінде жазулы тұр:
Қош болыңдар, ағайын-туыс бәрің де,
Қош болыңдар, жасыңыз да, кәрің де,
Қараңғылық баста тұрмас қашанда,
Бостандықта кездесеміз әлі де…
Міне, Қайрат айтқан бостандыққа, тәуелсіздікке де жеттік. Енді соны сақтап қалу үшін жаңа толқын «Қайраттар» керек.
Елбасы Н. Назарбаев Желтоқсан көтерілісшілерін қолдап, былайша пікір білдірді: «Мен ойлаймын, бұл оқиғаға қатысты тиісті бағасын бердік. Қатысқандардың барлығына, қиыншылықтар мен зардап шеккендерге реабилитация жасалды. Рысқұлбековке батыр атағы берілді, яғни сол кезде шыққан жастардың барлығына берілген атақ деп санау керек. Сол күнді мен өзімнің Жарлығыммен Демократияның атқан таңы күні дедік. Оларға ескерткіш қойылды, «Желтоқсан» деп көшелер аталды».
Ұлт намысын қорғап көшеге шыққан қатысушылардың және оларды қолдаушылардың арасында көптеген интеллигенция, мемлекеттік қызметте жүрген ұлтжанды азаматтар: Өмірбек Жолдасбеков, Жұбан Молдағалиев, Ғаббас Қабышұлы, Шерхан Мұртаза, Рымғали Нұрғалиев, Манаш Қозыбаев, Сағат Әшімбаев, Тұрсынбек Кәкішов, Советқали Ақатаев, Асқар Тоқпанов, Ұлықбек Есдәулет, Сабыр Қасымов, Марат Тоқашбаев, Нұртай Сәбилянов, Темірбек Қожакеев, Қалдыбай Әбенов тағы жүздеген ұлт жанашырлары болды.
М. А.: 1992 жылы М. Шаханов Қырғызстанға елші болып баратын болады. Соның алдында Сәкеңнен жөн сұрап, «дипломат бола аламын ба?» деген алаңдаушылығын білдіреді. Оған замандасы «әрине, тек кәсіби дипломаттар ғана емес, қабілеті жетсе өзге адамдар да бұл қызметті атқара алады, жазушы Шыңғыс Айтматов та Ресей Федерациясының елшісі болып шетелде жұмыс жасап жүр емес пе?» – деп дем беріпті. Сонымен, ақын қырғыз еліне елші болып тағайындалады. Дәстүр бойынша шетелге қызметке баратын дипломаттар жолаяқ ретінде «шәй» беріп аттанатын. Ол уақытта қазіргідей үлкен ресторан, астатөк дастархан жоқ. Министрлік Алматы қаласындағы бұрынғы Мир, қазіргі Желтоқсан көшесінің бойындағы екі қабатты қос ғимаратта орналасқан. Сондағы кеңдеу кабинеттің бірінде ақын әріптестеріне шай беріп, дастархан жаяды. Ыстық ықыластар білдіріп, жаңа Елшіге ақ жол тілеп жатқанда аңғал ақын Мұхаң сөз кезегін Сәкеңе бере тұрып: «Во время расследования комиссией действии правохранителных органов против мирных демонстрантов Сайлау Батырша-ұлы был моим тайным советником», – деп айтып қалады. Сөйтіп, айналасындағы адамдарды таң қалдырады. Мемлекет қызметінде істеп жүрген адам қалай қоғамдық іске араласады. Бірақ дипломат шындықтың беті ашылуы үшін азаматтық борышын атқарып жүргенін кейбіреулер түсінбеді.
Сол жерде М. Шаханов оның желтоқсан ісі бойынша өзіне жасырын да, ашық та қатысып, көптеген шаруалардың оң шешілуіне ықпал еткенін жиылған жұртқа айтып береді. Сонда министр Т. Сүлейменов: «Как? Мой заместитель работает еще на других тайным советником?» – деп сұрақ қояды.
Әсілі, ол осындай күрес тәсілін ертеде-ақ бастаған. Орыстандыру саясатын қарқынды жүргізген Совет Одағы қазақ мектептерін жауып, ұрпақты тілінен айыруға мықтап кіріскен.
«Қазақ мектептерінде орыс тілін тереңдетіп оқыту туралы» да арнайы қаулы шыққан. Соның салдарынан 60-70-жылдары республикада 700-ден астам қазақ мектебі жабылған. Орыс-қазақ, аралас мектептер жауыннан кейінгі саңырауқұлақтар сияқты қаулап, қазақ жастары орыстана бастаған еді.
Д.А. Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретарі болып тұрғанда, Алматыда С. Киров атындағы №12 жалғыз қазақ мектебі де жабылады. Алайда зиялы қауым өкілдерінің, көпшілік қала тұрғындарының наразылығынан кейін, ол мектеп қайта ашылады. Осы қазақ мектебін сақтап қалған белсенді топтың басында белгілі ақын Шона Смахан-ұлы жүрді. Ол Жазушылар Одағының құрамында қазақ мектептеріне жәрдем беру секциясын құрған. Жазушы болмаса да осы секцияға дипломат Батырша-ұлы да қатысқан. Міне, сол тұста Алматы облыстық партия комитетінде жұмыс істеген, тәжірибелі азамат Сайлау қазақ мектептерін ашу үшін белсенді қаламгерлерге кеңес беріп, жөн сілтеп жүрген.
Әрі қарай кейіпкеріміз былай баяндайды…
С. Б.: Алматы қаласындағы С. Киров атындағы №12 мектепті қайта қазақ мектебіне айналдыру және орыс-қазақ аралас мектептерін таза қазақ мектебіне ауыстыру машақатты жұмыс болатын. Кейде қазақ тобына бала толмай, орыс тілінде оқитын балаларды қазақ класына бергізу үшін бізге үй-үйді аралап, ата-аналарға үгіт жүргізуге тура келді. «Біртұтас совет халқын жасаймыз, ортақ тіл орыс тілі болады» деген ұранмен Мәскеу республикаларда жергілікті тілдерді шектеді. Ол кезде қала тұрғындары балаларын орыс мектебінде оқытып, болашақта жоғары қызмет тапса екен деп үміттенетін. Ал өз балаларым мен інілерімді №12 қазақ мектебіне бергенде, обком партиясында бірге істейтін досым Л. Нұртаев бұл шешіміме қарсы болып, «сен балаларыңның болашағын ойламайтын ақымақсың», – деп ұрысты. Өзінше жаны ашыған түрі ғой. Расында, сол кездегі түсінік сондай еді. Қалалықтар баласы қазақша мектепке барса, өмір сүре алмай қалатындай босқа үрейленетін…
Өз басым Мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик-жазушы Мұхтар Әуезовтың «ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөзіне қосыламын. Алайда Мұхаң балаларын орыс мектебіне берді. Атағы асқар таудай, қазақ тілі мен мәдениеті, әдебиетінің көрнекті өкілдері, жанашырлары деп жүрген азаматтардың дені балаларын орыс мектептерінде оқытты. Қазақстанның орталығы Алматыда отырып солай істеді. Ол кісілер ана тілін насихаттап, ұлттық рухты дәріптегенімен, сөздеріне істері қайшы болды. Осы жағдай менің көңілімде сұрақ тудырып, терең ой салатын. Иә, Мәскеу әр уақытта орыстандыру саясатын жүргізіп, ұлтымызға қиын жағдай тудырды. Алайда ешкім қазақтарды мәжбүрлеп, балаларын орыс мектебіне күшпен бергізген жоқ. Ұрпақ үшін, оның ұлт болашағын жалғайтын азамат болып шығуы үшін қиындыққа қарсы күресу керек еді. Табиғатта соломон деген балық ұрпақ өрбіту үшін теңізде неше мыңдаған шақырым жол басып, өздері алғаш пайда болған өзенге уылдырық шашады екен. Ұрпақ өсіп-өнген жерге уылдырықты жеткізген соң ол жан тапсырады. Ұлтты сақтау үшін осындай қайсар, табиғи рух қажет дер едім. Кезінде халықты аман сақтап қалу үшін Алаш арыстары жанын пида еткен.
Бұл жерде тағы бір іш күйетіндей мәселе ол – қазақ жазушыларының ана тілін білмейтін балалары әкелерінің шығармаларын оқи алмауда, сонда олардың туындылары кім үшін жазылады?! Өз басым балаларым мен немерелерімді ғана емес, іні-қарындастарымды да қазақ мектебінде оқыттым.
Себебі, әу бастан «советский народ» деген ұғымға қарсы болдым. Біртұтас совет халқына сіңіп кетпес үшін әрбір ұлт өзін-өзі сақтайтын жол іздеуі қажет. Ол үшін балаңа ұлттық тәрбие бер, қазақ мектебінде оқыт. Осы айтылғандарды орындасаң, әрі қарай кедергілерді жеңуге болады. Бұрынғы заман емес, орыс тілін білмей қалады, – деп қорқудың жөні жоқ. Керісінше, бүгінде ана тілін білмейтін «шала қазақтар» пайда болып жатыр. Себебі, радио, теледидар, газет-журнал, кітап басылымдарының көбі орысша. Осының бәрін көре тұрып, зиялылардың балаларын орыс мектебіне беруі мені қайран қалдырды.
2006 жылы Сыртқы істер министрі Қ-Ж. Тоқаев ұйымдастырған дипломаттар арасында мемлекеттік тілде аналитикалық материал жазу конкурсы өткізілді. Сол сайыста бүгінгі Қазақстанның Омандағы Елшісі Ержан Мұқаш бірінші орын, Сәулекүл – екінші, бұл кезде ол Қазақстанның Израильдегі елшілігінің бірінші хатшысы болып жұмыс атқаратын. Ал жуырда ғана ҚР Ақпарат және коммуникация министрі болып тағайындалған Дәурен Абаев үшінші орынды жеңіп алады. Сонда қызым:
«Көке, сіз бізді қазақ мектебіне бергеніңіз үшін өте ризамын», – деді. Шетелдегі көптеген қазақ дипломаттары балаларын сол елдегі Ресей елшілігі жанындағы орыс мектептеріне беріп, қазақ тілінен алшақтатып алды.
Мен Конгодағы дипломатиялық қызметім аяқталып, елге оралған соң, орыс мектебінде оқыған ұлым Алжирбек пен қызым Сәулекүлді қайта қазақ мектебіне бердім.
Сол балаларым мен немерелерім, Аллаға шүкір, елмен қатарлас, еңбек атқаруда. Бүгін Сәулекүл Бельгияда кеңесші лауазымында қызмет етуде, ал немерем Темірлан Израильде үшінші хатшы-консул қызметін атқарып, елге оралды. Шетелде жүргенде 2014 жылы шілдеде Израиль мен Палестина арасындағы кезекті әскери қақтығыс кезінде немерем қиын жағдайда қалған қазақстандық туристерге Иса пайғамбардың туған жері Вефлием қаласынан елге аман-есен оралуына көмек берді. Сол туристің бірі А. Байдук министр Е. Ыдырысовтың блогына қазақ дипломаттарына ризашылығын білдіріп, алғыс жолдапты.
Совет дәуірінде Қазақстан СССР-дың бір бөлшегі болғандықтан бізде мұғалімдер, шопандар, теміржолшылар отбасыларының династиясы болды. Ал бүгінгі тәуелсіз мемлекет болғанның арқасында бірінші рет «дипломатиялық династия» пайда болды. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық қыметіне келгеніме 50 жылдан астам уақыт болыпты, Сәулекүл Сайлауқызының дипломатиялық стажы – 25 жыл, Бақытты Батырша-ұлынікі – 7 жыл, ал атасының ізін басқан немерем Темірланның министрлікте еңбек еткеніне де 8 жыл уақыт болыпты.