– Айнаға қарасам…
– Айнаға қарасам… айнаның аржағындағы уақытты көрем. Уақытты ылғи сағынып жүрем. Адамдардан уақытты сұрағым келеді. Баратын бағытымнан емес, ылғи да қайтар жолдан адасам…
– Тікенді гүлге айналдыра білетін еңбекқорсыз ба?
– Жоқ. Жалқаумын. Рас айтам. Бірақ ең қорқыныштысы, жалқаулығымнан ұялмаймын. Сирек жазам. Стөлге өзін қинап отырғызатын еңбекқор жазушы аз емес.
– Жетістікке жету үшін не істеу қажет?
– Əдебиетте жетістікке харизмасы мықты, əлем əдебиетін терең білетін, білімді, талантты, бір-екі шет тілін еркін меңгерген адам жетеді. Өмірде жетістікке жету үшін интеллектің жоғары болу керек.
– Адамға ең әуелі денсаулық қажет, содан соң …
– Меніңше, білім, парасат керек.
– Шабыт деген, Сіз үшін …
– Шабыт деген мен үшін қиялыңмен ғарышқа ұшу, бейсаналы түрде ғарышта жүру.
– Демалу – бұл?
– Шаршаған кезімде классикалық музыка тыңдаймын. Əлемдік деңгейдегі шедевр картиналарға ұзақ қараймын. Шетелге саяхат жасаймын.
– Сізді қазір не толғандырып жүр?
– Құдаймен үйлесімде өмір сүргім келеді…
– Әлеуметтік желінің қоғамдағы орны қандай?
– Қоғам мен биліктің арасын сəл де болса, байланыстырып тұрған, диалог алаңы — фейсбук. Азаматтық қоғам қалыптастыруда əлеуметтік желінің рөлі зор. Бірақ кейбір адамдардың əлеуметтік желіні кек алу құралына айналдырып жібергенін қабылдай алмаймын.
– Сіз үшін достық немен өлшенеді?
– Шын дос ешқашан сатқындық жасамайды. Он жеті жылдан бері араласатын жақын екі құрбым бар. Бану, Бақтыгүл. Мені ешқашан сатқан емес жəне ешқашан сатпайтындарын білем.
– Көңілсіз күй кешсеңіз..
– Құдаймен сөйлесем… Паганиниді тыңдаймын.
– Қысқа етек. Омырауы ашық. Темекі түтінін будақтатып қазақ қызы кетіп барады. Бұл кісі қоғамға қауіпті ме?
– Кешіріңіз, мораль айтқанды ұнатпаймын. Мен үшін сыртқы форма емес, ішкі форма маңызды.
– Той, той, той… Шаршатады ма?
– Жалпы айтқанда, шаршатады… Бірақ қазақтың тойына бармағалы жеті жыл… Тойға барғым кеп жүр.
– «Шыдамдыны мына өмір ұнатады». Бұл өмір, расымен де солай ма?
– Былтыр əкем, əкемнің қырқы өткесін бір айдан соң жалғыз інім, отбасындағы жалғыз ұл қайтыс болды. Менің рухым мықты деп ойлаушы едім. Бірақ тағдыр рухыңа түкіріп кетеді екен. Тағдыр – қатігез ойыншы.
– Кең дүниені тарылтатын кесел – қызғаншақтық қасиет ақын-жазушыларда «болып тұруы» шарт па?
– Қызғаныш ақын-жазушылардың арасында қай уақытта да болған. Шын ақын, шын жазушы қара қызғаныштан биік тұрады. Ал қасиетті қызғаныш соншалықты қорқынышты емес. Мысалы, Толстойдың Шекспирді мойындаса да, мойындағысы келмеуі…
– Қазақ жастары қырандай күшті қанатты ма? Көздерінде от,сөздерінде жалын бар ма? Олар арды басты орынға қойып жүр ме? Жалпы, жастар туралы пікіріңізді білсек?
– Қазіргі жастар еркін. Мəскеуде жанып тұрған жастарды көргенде қуанам. Жастарды қоғамдағы белгісіздік пен мағынасыздықтан шаршатып, басып тастамаса екен деймін.
– «Сыбайлас жемқорлық келді». Көкем де бай, тәтем де бай. Алайда көңілім емес жәй. Бұл дерттің тамырына балта шаба аламыз ба? Әлде, тым кеш қалдық па?
– Қоғам өзгеру үшін адамдардың санасы өзгеруі керек. Биліктің санасы өзгеру керек. Қоғамды өзгерту ешқашан кеш емес.
– Балабақша. Орыс тілі, ағылшын тілі… Миды «шіріту» емес пе?
– Балалар ойнап жүріп, тілді тез меңгереді. Ойнап жүріп тілді үйренген баланың миына салмақ түспейді. Тілді балаға күштеп емес, əртүрлі ойын ойнатып жүріп үйрету керек. Жалпы балалардың үш тілді меңгергенін қолдаймын. Баланың ана тілінде еркін сөйлеуі ата-анасына, ортаға байланысты. Интеллектісі, ішкі мəдениеті жоғары адам өз тілінде еркін сөйлейді.
– Туған күніңізді тойлайсыз ба?
– Жоқ. Туған күнімді тойлағанды ұнатпаймын.
– Қаламсап, әлде клавиатура?
– Ноутбукпен жазам.
– Ой түбінде жатқан сырды кімді ақтарасыз ба? Әлде …
– Құрбым Бануға айтам. Құрбыма да айта алмасам Құдайға айтам.
Самал ЖАМЕТ,
«Жастар жанары»