Әкімшілік істен құтылдық деп қуанған блогерлер Ерболат Жанәбілов пен жұбайы Елмира Төлегенованың жағдайы одан сайын ушықты. Астана қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Мәлика Ноғайбекова олардың әрекетінен қылмыстық істің белгілерін көріп, істі Экономикалық тергеу департаментіне жолдады, деп хабарлайды Jastar janary Ertenmedia сайтына сілтеме жасап.
Фото: видеодан скриншотталды
Ерлі-зайыпты Жанәбілевтерге бұған дейін заңсыз лотерея ұйымдастырды деген айып тағылған еді. Бірақ олардың адвокаты Олег Чернов мұнымен келіспейді. Оның айтуынша, ешқандай заңсыз лотерея болмаған. Көлік сияқты бағалы сыйлықтар тек курс сатып алғандарға қосымша бонус ретінде беріліпті.
Айта кетерлігі, істің бір ұшы Туризм және спорт министрлігіне де тіреледі. Министрлік қызметкерлері блогердің 30 мың теңгелік курсын сатып алып, оның мазмұнына көңілдері толмаған көрінеді.
Тергеу органдарының пікірінше, Жанәбіловтер жұбы сияқты инфобизнес өкілдері заңдағы олқылықтарды пайдаланып, лотереяны «бонустық сыйлық» деген желеумен бірнеше жыл бойы жүргізіп келген.
Ertenmedia-ға жеткен мәлімет бойынша билік Жанабыловтар ісін үлгі етіп, онлайн курстар мен астыртын лотереяларды заң аясында жаппай тазартуды көздеп отыр.
Қазіргі кезде тергеу органдары аталған іспен шындап айналысуда. Мемлекет бұл істі ақырына дейін жеткізбейінше тоқтамайтын сыңайлы.
Сарапшылардың пайымдауынша, осы арқылы билік блогер-миллионерлердің «оңай олжаға» кенелу дәуірі аяқталғанын аңғартпақшы. Бұдан былай желідегі жұлдыздар үшін жеңіл ақшаның соңы ауыр жазаға айналуы әбден мүмкін.