Басты бет » Жүдеу ой » «СЕКОНД ХЭНДТАН» СЕСКЕНЕМ. АЛ СІЗ ШЕ?

«СЕКОНД ХЭНДТАН» СЕСКЕНЕМ. АЛ СІЗ ШЕ?

2-20

         Басқаны қайдам, біздің халық «ырымның жаманы жоқ» деп маңызы зор мағынасы тым тереңде жатқан ырым-тыйымдарға сенеді. Сөйтіп ырым-наным арқылы ұрпақ тәрбиелеп,  салт-дәстүрімізді де түсіндіріп отырған. Бізде киім хақында ырым да баршылық. Әсіресе ер адамдардың киімін баспау, жалпы бас киімді жерге тастамау бар. Бір сөзбен айтқанда, «киімнің  киесі мен иесі болады» деп киім-кешекті қадір тұтқан.

         Хош, сонымен, айтпағым, қаланың әр жерінде қаптаған «секонд хэндтар» туралы еді. Жалпы, «second hand» сөзін ағылшын тілінен аударғанда, «екінші қолдан шыққан» дегенді білдіреді екен. Шаһарымыздағы түрлі секонд хэндтарда көбінесе киімдер сатылатындығы әмбеге аян. Ал бұл жерге киімдер қайдан келеді? Сатушылардың  айтуынша, киім-кешектер шет елдерден әкелінеді. Оның ішінде бізге беймәлім тұрғындардың киіліп қалған киімдері бар. «Онда тұрған не бар?» дейтін шығарсыз, дейтұрғанмен…

      Рас, өзімізде бір туған әпкелеріміздің, қала берді жақын туыс болып келетін апаларымыздың өздеріне сыймай қалған киімдерін талай тегін кидік қой. Бастысы, олар біздің бауырларымыз. Біз оларды білеміз, олар бізді біледі. Бұл басқа әңгіме. Ал мына «секонд хэндтағы» киім кімдікі? Біреуіміз білмейміз. Әйтеуір, киімнің дені ескі-құсқы. Көпшілік бұл жерге «бағасы арзан» деп тұра жүгіреді. Алайда, киімдердің «бұрынғы иелері» кім болған? Жұқпалы аурумен ауырған шығар, бәлкім? Бұны бағамдамаймыз. Оның үстіне «белгісіз жанның» сіңіп қалған  жағымсыз иістері мұрын жаратыны тағы бар. Енді, өзіңіз ой елегінен өткізіп екшелеп қараңызшы, қане? «Арзан баға» деп бара бермей, денсаулығымызды да ойлайық, ағайын! Өз басым, секонд хэндтан сескенем, ал сіз ше?

Самал ЖАМЕТ,
Орал қаласы

Пікір жазу