Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы жүріс-тұрыс әдебіне қатысты пікір білдіріп, ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуын, сондай-ақ ер мен әйелдің амандасқанда бір-бірін беттен сүюін қазақтың дәстүріне жат екенін айтты.
Президенттің айтуынша, мұндай амандасу біздің салт-дәстүрімізде болмаған. Ол ер азаматтардың нық қол алысып, ал адамды көргеніне шын қуанышты болса, оң қолын кеудесіне қойып амандасуын ұсынды.
Бұл пікір маған бірден қазақтың амандасу әдебін еске түсірді. Өйткені қазақ үшін амандасу -жай ғана «сәлемдесу» емес.
Амандасу, ол – әдеп.
Амандасу, ол – ізет.
Амандасу, ол – амандық сұрасу,амандық тілеу.
Амандасу, ол – құрмет.
Қазақта амандасудың өзі жағдайға, адамның жасына, әлеуметтік орнына, жақындығына қарай әртүрлі болған.
Үлкенге: «Армысыз!»
Кішіге: «Армысың!» деген амандасу үлгісі болған.
Ал жауап ретінде:
«Бармысыз?»,«Бармысың?»,-деген сөздер қолданылғаны жөнінде этнографиялық деректер бар.
Қазақтың амандығы тек адамның өзімен шектелмеген. «Мал-жаның аман ба?», «Ел-жұртың аман ба?», «Ауыл-аймағың аман ба?»,-деп, адамның артындағы елін, жұртын, малын, отбасын қоса сұраған.
Қазақтың жағдайға қарай амандасуының өзі тілекке айналған:
Мал бағып жүрген адамға – «Өрісің кең болсын!»
Малын жайып жүргенге – «Жаярың көбейсін!»
Мал суарып тұрса – «Суарың көбейсін!»
Көшіп бара жатқанға – «Көш көлікті болсын!»
Жолаушыға – «Сапар оң болсын!»
Басқосуға тап болса – «Орта көбейсін!»
Мал сойып жатса – «Соярың көбейсін!»
Міне, қазақтың амандасу мәдениетінің өзегі осында.
Ал құшақтасу мүлде болмаған деу де дұрыс емес. Қазақта көрісу деген бар.
Көптен көріспеген ағайын сағынысып кездескенде құшақтасып, төс түйістіріп, арқасынан қағып көріскен. Бұл -күнделікті амандасу емес, сағыныш пен қуанышты білдіретін ерекше көрісу рәсімі. Этнографиялық еңбектерде де осы айырмашылық көрсетіледі.
Сондықтан мәселені дұрыс ажыратып алайық. Қазақта құшақтасу болған.Көрісу болған. Төс түйістіру болған. Бірақ оны күнделікті амандасудың міндетті формасы деуге болмайды.
Ал ер мен әйелдің күнделікті кездескен сайын беттен сүйіп амандасуы -қазақтың дәстүрлі әдеп жүйесіне тән қалыпты амандасу үлгісі емес. Бұл жерде біздің дәстүрдегі ең маңызды қасиеттердің бірі -арақашықтық пен әдепті сақтау екенін де ұмытпауымыз керек.
Қазақ «жақындықты» міндетті түрде тәндік әрекетпен көрсетпеген. Кейде «Амансың ба?» деген бір ауыз сөздің өзі жеткілікті болған.
Кейде оң қолын жүрегіне қойып, басын иіп:«Армысыз!» деген.
Кейде «Бар бол!», «Өркенің өссін!» деген.
Қараңызшы, қандай терең мәдениет!
Сондықтан Президент көтерген бұл мәселені «беттен сүйуге болады ма, болмай ма?» деген тар пікірталасқа түсірмей, одан әлдеқайда кеңірек қараған жөн. Біз өзіміздің амандасу әдебімізді қайта тануымыз керек.
Қазақтың амандасу мәдениетінде құрмет те бар, әдеп пен ізетте бар, қарым-қатынас қашықтығын сақтау да бар, жақсы тілекте бар.
Ал ең бастысы, адамды адам ретінде қадірлеу бар.
Танымайтын адам амандасса да, қазақ оны дөрекі түрде «Кімсің?» демеген. «Танымадық қой…» деп сыпайылап жеткізген.
Ал «Ассалаумағалейкүм!”,«Уағалейкүмассалам!» амандасуы қазақ даласында ислам мәдениетімен бірге кең тараған амандасу түрі.
Бүгінде қазақтың «Армысың!» деген амандасуын қайта жаңғыртып жүрміз. Ендеше, оның мәнін де білейік.
Армысың!
Бармысың!
Амансың ба?
Бір қарағанда қарапайым ғана сөздер.
Ал бұл сөздің астарында тұтас қазақы дүниетаным жатыр. Амандасу әдебін білмей, ұлттық әдепті толық түсіну қиын.
Қазақ тіліндегі «ар» ұғымының өзі де аса терең. Өйткені біздің дүниетанымымызда ар, ұят, намыс адамдықтың өлшемі болған.
«Жаным -арымның садағасы» деген халық үшін ардың орны қандай болғанын осы бір сөздің өзі-ақ көрсетеді.
«Қыз Жібек» жырында да:
«Айтамын, айт дегеннен арма, Жібек…» – деген жол кездеседі.
Демек, «ар» сөзі қазақтың көне тілдік қабатында бар ұғым.
Қазақтың амандасу мәдениетінде бір ғана сөздің өзінен үлкен философия жатыр:
«Амансың ба?» дегені – сенің амандығың менің назарымда.
«Армысың?» дегені – адамдық қадірің менің назарымда.
«Бар бол!» денені – сенің барыңды бағалаймын.
«Өркенің өссін!» дегені – саған жақсылық тілеймін.
Міне, біздің ата-бабамыз амандасқанда да жақсылық айтқан.
Соны ұмытпайық. Біле жүрелік.
Ал енді сөзімнің түйіні: «Қазақ дәстүрінде амандасудың түрі көп болған, бірақ ер адамдардың әр кездескен сайын беттен сүйіп амандасуы -қазақы амандасу әдебінің дәстүрлі формасы емес».
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
