Басты бет » Без рубрики » АНАМ АЙТҚАН «ЖАЛҒАН» СӨЗДЕР…

АНАМ АЙТҚАН «ЖАЛҒАН» СӨЗДЕР…

hello_html_m1e12b017

Бала күнімізде ауылда тұрдық. Отбасы жағдайымыз тым төмен болды. Кедейліктің тақсіреті маған сезілмесе де шешеме қатты батты. Киер киім, ішер асқа жарымай жүргенде, ол үнемі өз ыдысындағы несібесін маған бөліп беретін еді. «Құлыным жей ғой, менің қарным ашқан жоқ», — дейтін. Бұл оның үнемі айтатын жалған сөзі еді.

Ер жете бастаған шағымда, базардағы қымбат зат немесе дәрумендер алып беруге шешемнің қалтасында көк тиыны жоқ еді. Үнемі жақын маңдағы өзеннен балық аулап келетін. Мен балық етін жеп, сорпасын ішіп отырған сәттерімде ол үнемі үстел шетінде отырып, балық сүйегін мүжіп отыратын. Анам қайнатқан балық сорпасының дәмі әлі күнге таңдайымда. Үнемі шынысына ет салып берсем, «өзің жей ғой, білесің ғой мен балық етін ұнатпаймын» — деп, қайтадан өз ыдысыма салып қоятын. Бұл оның екінші жалған сөзі болатын.

Орта мектеп оқып жүрген кезімде, менің оқу және киіміме кететін қаражатымды қамдау үшін үнемі түні бойы мардымсыз ақша үшін тігіншілікпен айналысатын. Түн ортасында оянсам, бүкшиіп отырып, киім тігіп отырған анамды көретінмін. «Шеше, ұйықтаңызшы, таңертең тағы жұмысқа барасыз» — десем, «Ұйықтай бер, құлыным, менің әлі ұйқым келген жоқ» — дейтін еді. Ал бұл сәтте, таң ағаруға жақын қалғанын іштей сезіп жататын едім. Бұл оның үшінші жалған сөзі еді.

Жоғары оқу орнына емтихан тапсырар күні мектеп қақпасының алдында, шақырайған күн астында мені күтіп тұрған анамды көрдім. Өзге ата-аналар секілді дүкеннен салқын су алуға ақшасы жоқ шешем, маған бола қант қосылған қара шәй алып келіпті. Үш сағат бойына мені күтіп тұрған байқұс шешемнің ерні кеберсіп кетсе де, әлі нәр татпағанын білдім. Өзіңіз ішіңіз деп ұсынып ем, «Жаңа ғана іштім, әлі шөлдеген жоқпын» — деді. Кесе түбіне анамның мейір-шапағаты тұнғанын сезетінмін. Сарқып ішіп, анамды құшақтадым. Бұл оның төртінші жалған сөзі еді.

Жалақым, бір басыма жетпей жүрсе де, үнемі анама ақша салып тұратын болдым. Бірақ, сол ақшам әр жолы өзіме қайтып келетін еді. Және «Құлыным, менің өз табысым өзіме жетеді. Сен қиналып қалма» — деген сөз бар хаттар да келетін. Жыл соңында ауылға қайтқанымда анамның жұмыссыз қалғанын бір-ақ білдім. Сонда ғана оның маған тағы да жалған сөз айтқанын ойлап, көзіме жас іркілді.

Ауыр науқасқа шалдыққан анам емханаға түсіпті. Тәңірден күн сайын анамның амандығын тіледім. Ота аяқталғанда анамның жаны зорға қалған еді. Жанға батқан ауру азабы тіптен қартайтып жіберіпті. Осыншама уақыттан бері күн сайын оны сағынсам да, қадірін ешқашан жете түсінбеппін. Наркоздан әлі оянбаған анамды құшақтап егіліп жыладым. Аз-кем уақыттан соң ғана көзін ашып, маған күлімсіреп қараған анам қауқарсыз саусақтарымен менің қазандай басымнан сипап, «Құлыным, жазылдым ғой міне. Еш жерім ауырған жоқ…» деді. Мен оның ұлына айтқан тағы бiр жалған сөзін естігенімде, көз алдымда аспан ауып бара жатқандай мең-зең күй кештім…

Өмірде байқасам анам айтқан өтіріктер ғана зиянсыз, сол ғана адамды сүюге итермелейтiн нағыз өтірік — сол ғана екен. Себебі ананын ғана өтiрiгiнiң астында шындық бар. Сол үшін де құнды. Ең жақын деген адамдарымның өтiрiгiнен шаршадым. Олардың жалған сөзі — өтірік. Анамның ғана жалған сөзін сүйем, себебі өтiрiгiнiң артында шындығы бар.

(Ана, мен Сiз армандағандай ұл болам! Мына алғыс хат Сiзге деген азғантай ғана сыйлығым болсын Анашым! )
Авторы белгісіз.

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*