Басты бет » Жастар үні » «ҚОЗЫ КӨРПЕШ – БАЯН СҰЛУ» ЖҰПТАР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

«ҚОЗЫ КӨРПЕШ – БАЯН СҰЛУ» ЖҰПТАР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Кеше Шымкент қаласында Ғашықтар күні аясында жастар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» атты қалалық жұптар байқауы өтті.

Іс-шараны Орталық Азия инновациялық университеті ұйымдастырып, «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты қолдау көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаулар жастар арасында адал махаббатты, сыйластықты, ұлттық тәрбиені және рухани құндылықтарды насихаттауға, сондай-ақ олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған. Байқауға қаладағы 6 жоғары оқу орнынан 6 жұп қатысты. Қатысушылар бірнеше кезең бойынша өнер көрсетіп, өздерінің шығармашылық қабілеттерін, тапқырлығы мен ұлттық дәстүрге деген құрметін паш етті. Сайыс барысында жұптар таныстыру кезеңінде өздерін ерекше форматта таныстырып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар ұлттық салт-дәстүрге негізделген көріністер қойып, махаббат пен адалдық тақырыбын тереңінен ашып көрсетті. Әр жұптың өнері әділқазылар алқасы тарапынан бағаланып, үздіктер анықталды.

Рахат ҚАРСЫНБЕК,  Орталық Азия  инновациялық  университеті жастар орталығының директоры:

– Бүгінгі сайыс студенттер арасында өтті. Кіл мықтылар жиналған байқауда үздіктер анықталды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды. Бірінші орынға – 100 мың теңге, екінші орынға – 70 мың теңге, үшінші орынға – 50 мың теңге. Сонымен қатар Ташкент қаласына екі жолдама берілді.

Ұлттық құндылықты дәріптеген бұл байқау тартысқа толы өтті. Жарыстың әділ әрі ашық өтуі үшін әділқазылар  қатысушыларды бірден бағалап отырды. Сонымен қатар  көрермен де өзіне ұнаған жұпқа  әлеуметтік желі арқылы  дауыс берді. Жұптар түрлі кезеңдерде өз өнерлерін көрсетіп, тапқырлықтары мен шығармашылық қабілеттерін паш етті.

Аида МЫРЗАҒАЛИҚЫЗЫ,  I  орын иегері:

– Бұл жарысқа біз бір апта дайындалдық. Сайыс өте тартысты өтті. Қарсыластарымыздың барлығы дерлік жақсы дайындықпен келген. Байқауда жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымыз!

Байқау жеңімпаздары арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралардың жастардың рухани дамуына оң әсер етіп, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға ықпал ететінін атап өтті.

Фариза АХМЕТ,

Шымкент қаласы