Басты бет » Жүдеу ой » Бір әйелдің тағдыры

Бір әйелдің тағдыры

49813258_2032970383450937_219417647085780992_n

Анар Қытайда туып-өсіп, тұрмысқа шықты. Бірақ жұрт айтатындай «әйел бақытын» сезіне алмады. Бір ұл туғасын, күйеуімен дәм-тұзы жараспады. Ажырасуға мәжбүр болды. Әке-шешесі баяғыда қайтыс болған. Жақын туыстан ешкім жоқ. Айналасындағы таныстарының жағдайы барлары ақырындап, Атамекенге көшіп жатты. Баласын өзімен бірге әкеткен бұрынғы күйеуінің де Алматы маңына көшіп барып, тағы да шаңырақ көтергенін естіді. Мұнда қимас ешкімі қалмапты. Оның үстіне, арғы беттегі бір төбенің астында бақыты тағатсыздана күтіп жатқандай көрінді. Күннен-күнге көбейіп келе жатқан қытай жазуы да түсініксіз еді. Дереу құжаттарын реттеп, Қазақстан азаматтығына өткізді. Ол да көп күттірген жоқ. Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданына көшіп барды. Үржар Анарды ә дегеннен құшағына басты. Жаңадан тұрмысқа шықты. Өмірдің өткен өкініштері біртіндеп ұмытылып, бақытты күндер осылайша сырғып өтіп жатты. Бірде, «Қытай азаматтығынан өшіруіміз керек. Сол үшін келіп, құжаттарға қол қойып кетіңіз» деген хабар алды. Шекарадан асқанда, Қытай тарапы әлдебір қағаздарға қол қойдырып алып, өзін түрмеге салды. Ол қағаздың «Қайтадан Қытай азаматтығына өту туралы өтініш» екенін қытайша танымайтын Анар қайдан білсін? Азапты күндер айларға, одан жылдарға созылды. Арқанға асып сабау, шашты тықырлап алып тастау, мұздай камераға суық су төгу, кереуетсіз тас еденге жату сияқты қорлықтарды тізбелесе есебі жоқ. Бәлкім, бұл азапты енді өлгенше тісінен шығармай өтуі де мүмкін.

49808814_2032970183450957_159125226897014784_n
Қазақстанда іздеушісі барлар «Атажүрт еріктілері» арқылы шағымдарын әлемге әйгілеп, туыстарының босап шығуына ықпал етіп жатқан. Ал іздеушісі жоқтардың үміті үзілген. Өйткені, ондай адамдарды Қытай жағы да жақсы біледі. Ешкімнен қорықпастан, ішкі Қытайға жөнелтеді. Ішкі Қытайға кеттім дегенше, өлігіңді ешкім таппайды десең де болады.
Сондай үміт үзілуге шақ қалған күннің бірінде Анардың қаншама түнгі тілегі орындалып, Орынбек деген жігіт түрмеден босап шықты. «Ең болмаса, менің қайда екенімді елге айтып барар» деген әлсіз үміті Атамекенге қарлығаштың қанатымен осылай жетті. Орынбек бұл мәселені «Атажұрт еріктілері» қоғамдық ұйымына хабарлайды. Ең қызығы, әлгі жігіт Анардың әкесінің атын ұмытып қалыпты. Серікжан Біләш дереу Ютубтегі арнасы арқылы үндеу жолдап, Анардың туыстарын іздейді. Ә дегеннен бірінші күйеуі мен ұлынан хабар келеді. Дереу «Атажұртқа» келіп, видеоарыз қалдырады. Осы арыздың негізінде ішкі Қытайға енді аттандырғалы жатқан Анар түрмеден босатылды. Анар сол күні қатты қуануы тиіс еді… бірақ қайғыдан қан жұтты! Өйткені, «іздемеді-ау» деп іштей ренжіп жүрген Үржардағы күйеуі әлдеқашан қайтыс болып кетіпті.
Анар Мұхтарқызы Қытай лагерінен босатылғанымен, әлі күнге дейін Қазақстанға қайтарылған жоқ. Оның ендігі тағдыры алдымен бір Құдайдың, одан соң азаматтық үні бар сіздер мен біздің қолымызда!

Тоқтар Жақаш

«Фейсбук» парақшасынан

 

Пікір жазу