Басты бет » Жүдеу ой » Көргенсіздікті көрегендікпен шешейік!

Көргенсіздікті көрегендікпен шешейік!

ecd2c492c6f93550953b788ad8649150_XL

Соңғы кездері қазақ (қазақ болмаса да) қыздарының әлеуметтік желілерге жалаңаштанып сурет, видео жариялау үрдісі белең алып барады. Сол ұятсыздықтарды біз өзіміз көбейтіп, өзіміз соларды масқаралаймыз, ұялтамыз деген сыңайда желіде таратып, керісінше «жарнамалап» отырмыз ба деген ой туады. Өйткені, олар бұл қылықтарына ұялмайды, ұялатын болса ондай суреттер мен видеоларға түсіп, желіге шығармас еді. Ал біз сол ұятсыз жарияланымдарын желіде бөлісіп, түрлі хабарларға шақырып, оларды өзіміз «өсіріп», өзіміз танымал, «жұлдыз» етіп жатырмыз. Соның салдарынан ұятсыздық керісінше көбейіп барады. Олардың мақсаттары – осы, қандай жолмен болса да танымал болу. Желіде жазушыларының санын көбейту. Менің ойымша, жалаңаштанған суреттер желіге жарияланған күні олардың әлеуметтік парақшалары жедел бұғатталып, белгілі органдар тарапынан қандай да бір шектеулер не айыппұлдар қойылса әлдеқайда тиімді болған болар еді. Кеше Байзақова, Зарина дегендер желіні шулатса, енді олардың артынан Динагүл Тасова, Шырын Нарчаева шықты. Соңғысы тіпті қазақтың ұлттық баскиімі мен әшекейлерін тағынып алып жалаңаштанып шығуы туралы не айтуға болады?

Тәрбиеде «бала айтқанды емес, көргенін істейді» демеуші ме еді? Сондықтан ұяттан, ардан безген қыздарға тоқтау саламыз десек, олардың жазбаларын әлеуметтік желіде, түрлі бағдарламаларда талқыламай, бір де бір әлеуметтік желіде парақша аша алмайтындай етіп тосқауыл қойып, белгілі бір шектеулермен, айыппұлдармен жазалау қажет деп есептеймін.

Ал телеарналарда қаптаған таңнан қара кешке дейін түрік, үнді сериалдары, эстрада жұлдыздарының өмірлері, жеңіл-желпі шоу бағдарламалар. Алайда телеарналар жас ұрпақ тәрбиесіне қызмет етуі тиіс еді. Телеарна жаңалықтарында да, бағдарламаларында да осындай келеңсіздіктерді тізіп көрсете бергеннен ұтарымыз шамалы. Одан да Ұлттық құндылықтарымызды сақтауға, дәріптеуге бағытталған тәрбиелік мәні зор, мазмұнды, мағыналы бағдарламалар көбейткеніміз абзал!

Венера МҰРАТҚЫЗЫ,

«Жастар жанары»

Пікір жазу