Сарбаздың хаты

Алдыңғы мақаламда әскерге қалай келгенімді жан-жақты жазған болатынмын. Бүгінгі сөз ұлттық ұлан сарбазының бір күні және маңызды нәрселер туралы болмақ. Сізге ұнайтынына сенімдімін. Ендеше, оқып көріңіз.

IMG_8485

5513 әскери бөлімінің әр сарбазы өзіне тапсырылған міндеттерді тиянақтылықпен орындайды. Ерте тұру – сарбаздың дағдысы, әскердің өзгермейтін заңы. Таңғы сағат 06:00-де ұйқыдан тұрып, 06:05-те батальон алдына сапқа тұрамыз. Кезекші офицер пәрмен бергеннен кейін жорықтық лекке шығып, роталар бойынша саптық алаңды айналып жүгіреміз. Кемінде 10 айналым жасаймыз. Кезекші офицердің өзі бірге жүгірсе 15  мәрте айналамыз. Бұл шамамен 2,5-3 шақырымды құрайды. Бастапқы үш ай 4 айналымнан кейін шығып қалатынмын. Іштей намыстанасың. Мектеп кезінде спортпен шұғылданғам. Жарыстың алдында 5 километр жүгіретініміз тағы бар. Ол да көмектеспеді. Бір күні кезекті таңғы жаттығу алдында әкемнің айтқан мына бір кеңесі есіме түсті. Есім шығып қуандым.

IMG_8410

«Балам, жүгіру спорттың төресі. Бабың шабу үшін – шыдам керек. Бағың жану үшін – барыңды салу қажет. Әр адамда екінші тыныс деген болады. Екінші тынысың ашылғанша шыда. Әрі қарай жеңіл болады. Жүгірген кезде тек қана мұрыныңмен демал. Қол-аяғыңды бірдей іске қос…» Әкем айтқан дайын нұсқаулықты жолма-жол қайталап бірге бір істедім. Жемісін бере бастады. Алты-жеті айналымға жететін жағдайға табан тіредім. Арада 2-3 апта өткенде он айналымға да қиналмайтын болдым. Күн сайын жетістігімді жаңартып отырдым. Басында күле қараған біраз қатарластарымды шаңға көмдім. Жүгіруге шыққанда жаратылған аттай тыпыршып өз орнымда тұра алмаймын. Іштей «15 айналым жүгіртсе ғой» деп тілеп тұрамын. Терлеп-тепшіп жүгіргеннен ләззат аламын. Бәрі әкемнің арқасы, бәрі еңбектің арқасы.

IMG_8392

Күн тәртібі

Қызмет атқарған 9 айдың ішінде күн тәртібінің өзгергенін көрген емеспін. Рота жеке құрамы таңғы асқа сағат 08:00-де барады. Аптаның жеті күнінде үш мезгілден ауқаттанамыз. Қай күні, қай мезгілде қандай тамақ жейтінімізге дейін жаттап алдық. Дүйсенбі күні таңғы асқа ірімшік, жұмыртқа, бал, бір стақан шәй, суға піскен күріш, нормаға сай нан аламыз. Әскерде бәрін нормаға сай береді. Сержант мырзалар айтатын мына сөз еріксіз еске түседі. «Сарбаз! Сен ешнәрсені ойлама. Сен үшін бәрін ойлап қойған». Бір өтірігі жоқ. Тек берілген команданы орындасаң жетіп жатыр. Сарбаздар асханаға, саптық алаңға барлық жерге қаз-қатар сап түзеп барады. Аяқтарын бірдей алып, саптық адыммен кетіп бара жатқан сарбаздарға офицерлер де разы. Түскі асқа, кешкі асқа барғанда рота сарбаздары ән шырқайды. Патриоттық бағытта хормен айтылған ән сарбаздардың жігерін жаниды, рухын көтереді. Таңғы астан кейін жаңа тәуліктік жасақ нұсқаулық сабақтарға сапқа тұрады. Одан кейін таралым өтеді. Бөлім бойынша кезекшінің: «Қызмет атқару орындарына адым бас!» деген пәрменінен кейін қызметтеріне кіріседі. Өз басым әскери бөлімімізде бар барлық жасақтың түріне түсіп көрдім. егер жасақ болған кезде ешқандай ескерту алмасаң, келесі күні түскі астан кейін 2-3 сағат ұйықтап алуға мүмкіндік аласың. О, әскерде ұйықтау деген ғажап нәрсе ғой. Ғажап!

Әскердегі әзілдер

«Әскерде болған адам, циркте күлмейді» деген әзіл шыны аралас сөз бар. Шындыққа жақын. Өйткені, бұл жерде неше түрлі адам бар. Адам көп жер әзілсіз болмайтыны белгілі. Өзімнің көзіммен көріп, құлағыммен естіген тірі әзілдердің екі-үшеуіне тоқталып кетейін.

Әскерге келгенімізге көп бола қойған жоқ. Сержант мырза мұнда не үшін келгенімізді сұрады. Әркім әртүрлі жауап беріп жатыр. Бірі Отан алдындағы борышымды өтеуге келдім десе, бірі әскери билет үшін, енді бірі ақша төлемеу үшін деп жауап берді. Ішіміздегі бір сарбаздың жауабы ішек-сілемізді қатырды. Сержант пен сарбаздың арасындағы диалог былайша өрбіді.

– Қай жақтансың?

– Шығыс Қазақстан.

– Сен не үшін келдің әскерге?

– Т і р л і к т е р і м м е н!

Күлкіден түйіліп қалдық. Енді бірде мынадай жағдай болды. Ротада тәуліктік жасақпын. Демалатын ауысым болғасын, төсек-орнымды ыңғайладым. Қасымдағы сарбаз ұйқысырап сөйлеп жатыр.

– Рота кезекшісі шығыңыз! (Ротаға сержанттар мен офицерлер кірген кезде тәуліктік жасақтың айтатын сөзі – авт.)

Қарап тұрмай, «Тоқтатыңыз!» дедім. («Тоқтатыңыз!» командасын кірген әскери қызметші айтады, ал тәуліктік жасақ тура соны қайталайды – авт.) Екі-үш мәрте қайталап, күліп болған соң ұйқыға кеттім.

…Асхана алдында тұрмыз. Асхана бойынша кезекші старшина мырза: «Қай жақтансыңдар?» деп сауал тастады. Жапа-тармағай, бір- бірімізден қалмай айтып жатырмыз. Ол кісі сәл кідіріп тұрды да:

– Бәріңде қазақтың мықты жерінен келіпсіңдер. Сол үшін осы тұрған бәріңе менің атымнан обедь. Первый, второйымен!», – деп қойып қалды. Жамырай күлдік. Есімде қалған әзілдер осы.

Жарғы

Барлық әскер сүйінетін жалғыз кітап. Мұқабасы көк кітаппен аса қатты дос болдым деп айта алмаймын. Қарауыл міндеттерін толық сол кітаптан жазып алдым. Сарбаздардың ұйқыдан тұруынан бастап, ұйықтарға дейінге іс- әрекеті толықтай жазылған. Рота командирінің, рота командирінің орынбасарының, рота старшинасының, взвод командирлерінің, взвод сержанттарының, бөлімше командирлерінің бір сөзбен айтқанда әскерге қатысы бар тұлғалардың міндеттері тайға таңба басқандай анық жазылған. Одан бөлек әскери сәлемдесу, сейілдемеге шығу, демалыс, бос уақыт, сөгіс, қандай градуста қалай киіну керек бәрі-бәрі көрсетілген. Жарғымен жүретін адамды «уставник» деп атайды. №5 киім үлгісін 1 минутта кию, 45 секундта шешініп жатып қалу деген сынды көңілге қонымсыз тұстары да бар. Жауынгерлік қызметтен кейін бір күн өтпей екінші түріне түсуге болмайды деген сияқты орынды жерлері де жетерлік.

 IMG_8447

Бос уақыт және сейілдеме

Сарбазда бос уақыт көп болады десе еш сенбес едім.Өйткені, бәрін дәлме-дәл есептеп қойған. Болған күннің өзінде ол жеке қажеттіліктеріңе жұмсалады. Келесі күнге жаға тігесің, формаңды жуасың, жұқартып шашыңды алдырасың, ротаның ішін жинастырасың. Бірақ соның өзінде уақыт табуға болады екен. Уақыт тауып баспасөз беттерін шолып шығамын. Ротамызға «Egemen Qazaqstan», «Qalqan», «Aq Jol», «Казахстанская правда», «Жамбыл-Тараз» деген газеттермен қатар «Бүркіт» журналы, одан бөлек «Ұлттық ұлан жаршысы» деген жинақ келіп тұрады. Осылардың ішінен ұнатқан материалдарымды оқып тұрамын. Әсіресе, Ұларбек Нұрғалымұлы мен қазбек құттымұратұлы деген қаламы қарымды журналист ағаларымның жазғандарын қалт жібермеймін.

Сейілдеме! Бұл сөзді жүз рет естіп бір ретте шықпауыңыз мүмкін. Керісінше бес мәрте естіп, бесеуінде де қыдырып келуіңіз ғажап емес. Ол сөзді есту бар, оған шығу бар. Естіген – жақсы, шыққан –бақыт! Сейілдемеге әскери қызмет міндеттерін үлгілі орындайтын, тәртібі жақсы, командирлер тарапынан ескертулер алмайтын, сыртқы келбетіне, киім үлгісіне ерекше мән беретін сарбаздарды шығарады. Сол себепті бәрі осы үдеден шығуға тырысады. Таңертеңгі 10:00-ден кешкі сағат 18:00-ге дейін сейілдеме қағазын қолыңызға ұстатып босатады. Қанша қыдырсаңыз да, қай жерге барсаңыз да өзіңіз білесіз. Бастысы кешікпей келсеңіз болғаны. Егер ат артып алыстан ата-анаңыз, туған аға-әпкеңіз келсе жеке куәлігін қалдырып, сейілдемеге алып кете алады. Осы уақыт аралығында сегізінші айдың ортасына келгенде бір-ақ рет сейілдемеге шықтым. Шығатын кезімде қарауыл, немесе жасақ боп қаламын. Әйтпесе бірнеше рет шығушы ем. Содан сейілдеме кезінде бір сергіп, үйге қайтатын уақыттың жақындағанын сезіндім.

IMG_8468

Мейірімді офицерлер, қамқор сержанттар

Әскерде сарбаздарға офицерлер мен сержанттар басшылық жасайды. Иықтағы пагоны арқылы шешін білуге болады. қырынан бір сызық, екі жұлдыз болса –лейтенант. Үш жұлдыз – аға лейтенант, төрт жұлдыз орналасса  капитан деген сөз. Қырынан екі сызық, оның үстінде үлкен жұлдыз бейнеленсе – майор. Екі жұлдыз – подполковник, үш жұлдыз тұрса – полковник.

Сержанттардікі сәл өзгешелеу. Асты сызылмаған үшбұрыш (үйдің төбесіне ұқсайды) – ефрейторды білдірсе, соның екеуі – кіші сержант, үшеуі – сержант. Үш сызық бірігіп жуан бір сызық боп таңбаланса – аға сержант. Әлгіге қоса ефрейтордың белгісі қоса салынса – 3 сыныпты сержант екенін айғақтайды.

Риза болып, үлгі алуға тырысатын екі офицерім бар. Біріншісі – капитан Садвокасов Мұса Абайұлы. Екіншісі – лейтенант Скаков Дамир Дәуренұлы. Капитан Мұса Абайұлы 2 жедел мақсаттағы батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары. (Әрі қарай ТжӘҚЖ – Ж.Б) Өз ісіне берілген, сарбаздары үшін барлық жақсы жағдайды жасауға үлесін қосып жүрген санаулы әскери қызметші.

Ал, лейтенант Дамир Дәуренұлы болса 4 жедел мақсаттағы рота командирінің ТжӘҚЖ жөніндегі орынбасары қызметінде. Ротадағы әр сарбаздың көңіл-күйіне мән беретін, әрқайсысымен жеке-жеке әңгімелесу жүргізетін де сол кісі. Екеуі де сөзіне ісі сай адамдар. Керек жерінде ескерту де жасайды. Сарбаздарды бір-бірінен бөле жармайды. Бәріне бірдей қарайды.

Неге екенін қайдам, үлгі алатын офицерлерім екеу болса, қатты құрметтейтін сержанттарымның да саны сондай. Екеуі де взвод сержантым. Біреуі бұрыңғы, біреуі қазіргі.  2 взвод сарбаз-атқышы болғанымда взвод сержантым, аға сержант – Кемалов Ғалымжан Сәрсенбайұлы боп тағайындалды.  Ол кісі үнемі көңілді жүреді. Әзіл айтып жақсы көңіл-күй сыйлағанды ұнатады. Көмек қолын созуға әрқашан дайын тұрады. Қазіргі взвод сержантым әрі бөлімше командирім – сержант Кашкеев Досжан Еркінұлы. Ол кісі қарауыл бастығы және кезекші бөлімше командирі. Екі қызметті де абыройлы атқарып жүр. Сарбаздарға ақыл-кеңестерін беріп, рухтарын көтеретін әңгімелерді жиі айтады. Өз білгенінің бәрін үйретуге тырысады. Мен бұл кісілердің төртеуін де қатты қадірлеймін, үлгі тұтамын.

Сөз соңы

Әскерге барып келген Нұркен есімді бауырым бір сөйлескенімде: «Жәке, әскер туралы әңгімені таңды-таңға жалғап айтуға болады», — деп еді. Рас сөз екен. Келіп, басы-қасында болғасын әбден көзім жетіп жатыр. Хатымды «Сен және мен» деген шағын жазбамен аяқтасам деп отырмын. Құрметті менің оқырманым, соңына дейін оқуыңызды өтінемін.

Сен – үйіңде ұйықтайсың,

Мен – бекетте тұрамын.

Сен – түнде қыдырасың,

Мен – «дабыл» деп атып тұрамын.

Сен – ыңғайлы красовкі киесің,

Мен – үнемі бердси киемін.

Сен – соңғы үлгідегі машинамен қозғаласың,

Мен – ылғи жаяумын.

Сен – анаңа ұрсасың,

Мен – оны сағынып жүрмін.

Сен – соғыс туралы фильм көресің,

Мен – оған дайындаламын.

Сен – айнаға қарап «мен мықтымын» деп ойлайсың,

Мен – оны әлдеқашан дәлелдеп қойғам!

IMG_8392

Сәлеммен: қатардағы жауынгер

Жанайдар БОЛАТБЕКҰЛЫ,

Тараз шаһары

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*