ҚЫМЫЗ

Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында шығатын Моңғолия қазақтарының тәуелсіз әдеби-көркем, ғылыми, танымдық «Шұғыла» журналында жарияланған ақын Жанкелді Қабдөсұлының жырларын оқырмандар назарына ұсынамыз.

 img18

ҚЫМЫЗ

Бір ғанибет таңменен бие жиған,

Қиқулатып әкелсем айдап қырдан.

Бәрі шығып қаумалап жан-жағынан

Ептеп ұстап құлынды байлаттырған.

Қандай қызық жайлауда бие байлап,

Бие бауда шай ішсек «желі майлап».

Ноқта ұысып, туласа жас құлындар

тілек тілер қария «иә, құдайлап».

Жігіт тұрса идіріп құлын байлап,

Биені ұстап бүкпелеп, «құр-құр, салдап».

Келін келсе сипалап, биені алдап,

Көбіршітіп көнегін бие саумақ.

Тері саба, сары қымыз кеп алдымызға

Айшараға толтыра қымыз ішсек,

Жасыл жайлау, сары қымыз, мөлдір бұлақ

Жанға ләззат береді, бойға қуат.

Ішкеніңде сүйсініп, бойың балқып

Таңдайыңда төрт мезгіл дәмі тұрат

Шәрбат қымыз, бал қымыз, сары қымыз

Мейілене іш, басылсын зарығыңыз.

Ақ күмбез үй, бие бау, қыдырған ел

Жайлау толы білемін бәрі қымыз.

Саумал қымыз, сары қымыз сапырылған.

Іздеп келіп ішетін алты қырдан.

Адал сусын қандырған мейіріңді

Ата-дәстүр айналдым салтымыздан.

 

ЖЕБЕ

Ақындарша мен өзім

Жыр мылтығын кезедім.

Бөрі жырдың бүлкілдеп

Қайтар жолын сеземін.

Хас мергендер кешегі

Қоян, суыр атпаған.

Бөрі ататын жебесін

Қорамсақта сақтаған.

Садақ етіп өлеңді

Сөзден жебе тарайын,

Қарауылдап қасқырды

Қайтар жолында атайын.

Толғап тартқан жебемді

Өткізе алсам құлақтан

Мерген болсам осылай

Көздегенді сұлатқан.

Саят құрып осылай

Қанжығамды майласам

Бөрі жырды атып алып,

Оқырманға байласам.

 

АРМАН

Ей, ақ арман, пәк арман.

Аппақ бір нұрдан жаралған.

Жабырқан жүрген шақтарда

Үміт боп бойға таралған.

Санамды билер сан арман

Сезімім сенен нір алған.

Біріне қолым жеткенде

Біреуі шығар тағы алдан.

Бүгінді жалғап ертеңмен

Арманың алға итерген.

Күдікті жеңіп қиялың,

Жаныңды емдер өртенген.

Нұр ұшқын ойнап көзімде,

Жыр шабыт тулап сезімде.

Ақ қанат менің арманым

Құштар еттің сен өмірге.

Арман-ай, арман, сан арман,

Тоналған, тозған, жаңарған.

Қиялдан арман құралған,

Мен сенсіз өмір сүре алман.

Қол жетпес арман, бақ арман,

Күттірген үміт тағы алдан.

Біреуге болып өкініш

Жас болып ақтың жанардан.

Пенденің соры бес елі,

Жанады, қайта өшеді.

Армансыз келіп өмірге

Армандап қайта кетеді.

 

 

 

 

 

Пікір жазу