Басты бет » Жаңалықтар » Жасөспірімдер қылмысы: Балаларды құқықбұзушылыққа не итермелейді?

Жасөспірімдер қылмысы: Балаларды құқықбұзушылыққа не итермелейді?

✍ Венера МҰРАТҚЫЗЫ

Сурет: ЖИ

Қазақстанда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс мәселесі өзектілігін жоғалтпай отыр. Мамандар мұның артында отбасындағы тәрбие, әлеуметтік орта, психологиялық қиындықтар мен жасөспірімдерге көрсетілетін бақылаудың жеткіліксіздігі сияқты факторлар бар екенін айтады.

Жасөспірімдер қылмысы – бір ғана отбасының немесе білім беру мекемесінің мәселесі емес. Бұл – қоғамның ортақ жауапкершілігін талап ететін күрделі әлеуметтік құбылыс. Әсіресе соңғы жылдары балалар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, мектептердегі қауіпсіздік пен жасөспірімдердің психологиялық жағдайы жиі талқыланып келеді.

Статистика нені көрсетеді?

Қазақстандағы Балалар статистикасы деректеріне сүйенсек, 2024 жылы кәмелетке толмағандар жасаған немесе олардың қатысуымен болған 1 890 қылмыс тіркелген. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 2 461-ге жеткен. Яғни бір жыл ішінде тіркелген қылмыстар саны шамамен 30,2 пайызға өскен.

Бұл көрсеткіш мәселенің әлі де өзекті екенін аңғартады. Дегенмен тіркелген қылмыстар саны мен қылмыс жасаған жасөспірімдер саны екі түрлі статистикалық көрсеткіш екенін ескерген жөн.

2026 жылғы 22 қазанда Бас прокуратураның мәліметінше, соңғы үш жылда 7 мыңға жуық жасөспірім қылмыс жасаған. Олардың шамамен әрбір екіншісі ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жататын құқықбұзушылықтарға барған. Осы кезеңде 2,5 мыңға жуық жасөспірім сотталған, тағы 3 мыңы полицияның профилактикалық есебінде тұрған.

Сонымен қатар биыл буллинг фактілері бойынша 2 мыңнан астам өтініш түскен. Бұл балалар арасындағы қарым-қатынас мәдениеті мен мектептегі психологиялық ахуалға да ерекше назар аудару қажеттігін көрсетеді.

Жасөспірімдерді қылмысқа не итермелейді?

Мамандардың пікірінше, жасөспірімдердің құқықбұзушылыққа баруына бірнеше фактор әсер етуі мүмкін.

Біріншіден, отбасындағы тәрбие мен қарым-қатынас маңызды рөл атқарады. Баланың ата-анасымен ашық сөйлесе алмауы, назардан тыс қалуы немесе отбасындағы тұрақсыз қарым-қатынас оның мінез-құлқына әсер етуі мүмкін.

Екіншіден, құрдастар арасындағы қысым да елеулі факторлардың бірі. Кейбір жасөспірімдер ортаға қабылдану, өзгелерге өзін дәлелдеу немесе достарының ықпалына түсу салдарынан дұрыс емес шешім қабылдауы мүмкін.

Үшіншіден, әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігіндегі теріс ықпал да назардан тыс қалмауы керек. Жасөспірімдер интернет арқылы жалған уәделерге, арандатушылыққа немесе заңсыз әрекеттерге тартылуы ықтимал.

Төртіншіден, бос уақытты тиімді ұйымдастыру мәселесі бар. Спорт, шығармашылық, білім беру және қоғамдық жобаларға қатысу мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік ортаға бейімделуі қиындауы мүмкін.

1000 теңге үшін болған жанжал жасөспірімнің өмірін қиды

Сондай бір жантүршіктірер қылмыс жақында Қызылорда орын алды. Қаланың орталық алаңында жасөспірімдер арасында болған жанжал көпті алаңдатты. Бұл күні екі тарап арасындағы келіспеушіліктің соңы 14 жастағы жасөспірімнің қазасымен аяқталды. Оған не себеп болды?

Тереңіне үңілсек, Қызылорда қаласындағы Тұрар Рысқұлов атындағы №222 мектептің 9-сынып оқушысы Нұрислам Раушанбек сабақтан тыс уақытта анасына көмектесіп, орталық алаңда ойыншық көліктерді жалға берумен айналысып келген. Баланың анасының айтуынша, сол күні ойыншық көліктерді жалға беретін екі кәсіпкердің қолында жұмыс істейтін балалар су бұрқағының маңында клиентке таласып, өзара жанжалдасып қалған. Жанжал кезінде қарсы тараптың бір баласы Нұрисламның жағасынан алады. Оған анасы араша болып, жанжал басылғандай болған.

Алайда арада бір сағаттай уақыт өткенде орталық алаңдағы ойыншық көліктердің маңында анасы ұлын іздеп, дауыстап шақырған. Сол сәтте қараңғыдан теңселіп тұрған біреудің сұлбасын байқайды. Артынша бала шалқасынан құлайды. Кейіннен қарсы тараптың 13 жасар ұлы Нұрисламның жүрек тұсынан бұрағышпен соққы жасағаны белгілі болады. Дереу жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жеткізілгенімен, жасөспірімді аман алып қалу мүмкін болмады.

Анасының айтуынша, оқиға орнында ойыншық көліктерді жалға беруші кәсіпкер де болған. Бірақ ешбірі жедел жәрдемді шақыруға асықпай, уақытты өткізіп алғанға ұқсайды. Ең қиыны, жанжал 1000 теңгеге таластан туындаса керек. Мұның соңы тұтас отбасының қайғысына айналды. Осы оқиғадан кейін 14 жастағы жасөспірімнің өліміне кінәлі 13 жастағы бала қамауға алынып,  қылмыстық іс қозғалғаны жөнінде ақпарат тарады. Алайда марқұмның туыстары мен көпшіліктің көкейінде күмәнді сұрақтар сейілмей тұр. Осы мәселеге байланысты Қызылорда облыстық Полиция департаменті жауап берді.

«Кәмелетке толмаған баланың абайсызда өліміне әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті облыстық Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Сондай-ақ тергеу аясында кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қылмыстық істі тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды», – деді Қызылорда облыстық Полиция департаментінің өкілдері.

Алдын алу жұмысы қалай жүргізіліп жатыр?

Бас прокуратураның мәліметінше, «Саналы ұрпақ» жобасы аясында 2026 жылдың алғашқы он айында 19 мың рейд жүргізілген. Нәтижесінде, 4 мың жасөспірім профилактикалық есепке қойылған. Түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүрген 2 400 бала анықталған.

Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сату талаптарын бұзған 304 кафенің алкоголь өнімдерін сату лицензиясы кері қайтарылған. Ведомство дерегінде аталған профилактикалық шаралардың нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейі 7 пайызға төмендегені көрсетілген.

Жамбыл облысында да алдын алу бағытындағы тәжірибе қолға алынған. Өңірдегі 190 мектепте құқықтық мәселелер жөніндегі директордың орынбасары лауазымы енгізілген. Осы тәжірибенің нәтижесінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар 24,7 пайызға, ал жасөспірімдердің өздері жасаған қылмыстар 3,4 пайызға азайғаны хабарланды.

Жауапкершілік тек мектеп пен полицияға жүктелмеуі керек

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу үшін тек жазалау шаралары жеткіліксіз. Ең алдымен, баланың қандай ортада тәрбиеленіп жатқанын, қандай мәселеге тап болғанын және не себепті теріс әрекетке барғанын анықтау маңызды.

Ата-ана баласының күнделікті өміріне бейжай қарамауы керек. Мұғалімдер оқушының мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аударғаны жөн. Ал психологтер мен әлеуметтік педагогтер балаларға дер кезінде қолдау көрсетуі қажет.

Бұдан бөлек, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге қолжетімділікті арттыру, құқықтық сауаттылықты қалыптастыру да маңызды.

Жасөспірім жасаған қылмыс үшін заң алдында жауап беруі мүмкін. Алайда оның тағдырына тек құқықтық баға беру жеткіліксіз. Қателігін түсініп, қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау да қажет.

Түйін: Жасөспірімдер қылмысы – ертеңгі қоғамның қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін мәселе. Баланы қылмыстан қорғау үшін оны жазалауды ғана емес, тыңдауды, түсінуді және қолдауды үйренуіміз керек. Өйткені әрбір баланың қауіпсіз ортада өсіп, білім алып, болашағын қалыптастыруға құқығы бар.