Басты бет » Жаңалықтар » Qajet taxi қазақтың қажетіне жарап тұр

Qajet taxi қазақтың қажетіне жарап тұр

Қазан айында Қазақстанда «Яндекс Go» қызметінің жұмысында бірқатар мәселе туындады. Жолаушылар такси шақыруда қиындықтарға тап болса, жүргізушілер тапсырыстарды қабылдау, төлем алу және табысты картаға шығару мәселелеріне шағымданды.

Сурет: ЖИ

«Яндекс Go» сервисінің жұмысында болған техникалық ақаулар такси шақыруға, төлем жасауға және жүргізушілердің күнделікті жұмысына әсер етті. Қызметтің жұмысы біртіндеп қалпына келгенімен, жолаушылар мен жүргізушілер арасындағы төлемге қатысты түсініспеушіліктер қоғам назарын аударды.

Ақау неден туындады?

Informburo.kz басылымының 12 қазандағы мәліметінше, Қазақстандағы «Яндекс» сервистерінің жұмысына шетелдегі инфрақұрылымның істен шығуы әсер еткен. Компанияның Ресейдегі Владимир облысында орналасқан деректер орталығына жасалған шабуыл туралы хабарлардан кейін платформаның бірқатар қызметінде іркілістер байқалған.

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қазақстандық пайдаланушылардың жеке деректерін сақтайтын ел ішіндегі серверлер штаттық режимде жұмыс істегенін түсіндірді. Алайда такси шақыру мен жеткізу қызметтеріне қажетті жүйенің кейбір компоненттері шетелде орналасқан. Сондықтан басқа елдегі инфрақұрылымдағы ақаулар Қазақстандағы қызметтердің қолжетімділігіне де әсер еткен.

Компания не дейді?

2026 жылғы 15 қазанда Yandex Qazaqstan өкілдері Informburo.kz және Kursiv LifeStyle басылымдарына қосымшадағы қолма-қол ақшасыз төлемдер мен жүргізушілерге қаражат шығару қызметтері жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді.

Компания өкілдері жүргізушілерге төлем жасау мүмкін емес деген ақпаратты жоққа шығарып, пайдаланушыларға өздеріне қолайлы төлем тәсілін қолдануға болатынын айтқан. Сондай-ақ сервисте қате есептен шығарылған қаражатқа қатысты өтініштер жеке тәртіппен қаралатыны хабарланған.

Бұл жағдай қандай мәселені көрсетті?

«Яндекс Go» жұмысындағы іркіліс цифрлық платформалардың күнделікті өмірдегі маңызын және олардың сыртқы инфрақұрылымға тәуелділігі қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін көрсетті. Бір сервистегі техникалық ақау жолаушылардың қозғалысына, жүргізушілердің табысына және клиенттерге қызмет көрсету сапасына әсер етуі ықтимал.

Сонымен бірге бұл жағдай жолаушы мен жүргізуші арасындағы түсініспеушілікті ушықтырмай, төлем тәсілдерін алдын ала нақтылаудың, орындалмаған сапарлар бойынша шағымдарды уақытында қараудың және сервистің тұрақты жұмысын қамтамасыз етудің маңызын аңғартты.

Qajet taxi Қазақстан нарығына жол тартты

Осылайша, елде Яндекс такси қызметі тығырыққа тірелген шақта кәсіпкер Думан Бақыткелді бастаған қазақ жігіттерінің бастамасымен нарыққа Qajet taxi өнімі енді. Оның ерекшелігі – жолаушылар мен жүргізушілерге бір қосымшада қызмет көрсетуі, сапар бағасын алдын ала көрсетуі және төлемнің бірнеше тәсілін ұсынуы.

Шыны керек, Яндекс мұндай қарсыласты күтпеген еді. Осыған дейін америкалық Uber-ді жұтып, Қытайдың миллиардтарына сүйенген DiDi-ді нарықтан қуып шыққан алпауыт осы жолы таза идеологиялық феноменмен бетпе-бет келді. Әлеуметтік желілерде отандық өнімге қолдау білдірген халық Qajet taxi-ді қолдана бастады. Отандық өнімге деген сұраныс пен қолдау күн санап артып келеді.
Qajet taxi қосымшасында тарифтері де қазақтың бай тілімен: ​Жай такси; Жайлы такси; ​Сән такси; ​Бай такси; ​Дәу такси деген атауларымен рухымызды көтеріп тұр.
Qajet taxi сервисі такси жүргізушілері үшін қолдау шараларын қолға алып, отандық нарықты қамтымақ ниетте:
• Көп жыл бойы жүргізушілердің қалтасын қаққан 16-20 пайыздық алымға қарсы 0% комиссия ұсынды;
• Бір айда ең көп тапсырыс орындаған жүргізушіге автосалоннан су жаңа темір тұлпар сыйлайтынын жариялады;
• Қазақ тіліндегі дауыстық навигация мен әйелдер қауіпсіздігіне арналған «Тұмар» тарифін қосты;
• Бағаны да бірден түсірді: бұрын 2000 теңге болған жол қазір Qajet-те 1300-1400 теңге.
• Әзір ғана 1 тәулікте 20 тапсырыстан көп орындаған әр жүргізушіге 10 мың теңгеден беретінін хабарлады.

​Алайда жылдық қаржы айналымы ел бойынша 186 миллиард теңгені құрайтын Яндекс оңайлықпен айырыла қоймасы анық. Алпауыттың ендігі қадамы бағаны жасанды түрде құлатып, демпинг жасау немесе лоббистер арқылы жаңа жобаға сертификат және салық талаптарымен тосқауыл қоюы да бек мүмкін.
Қалай десек те, монополияның іргесі сөгілді. Халық шыдамдылық танытып, өзіңнің отандық өніміне деген сұранысты арттырса, такси нарығындағы миллиардтар ел ішінде қала бастайды.