Венера Мұратқызы
Жуырда қазақтың жас инженері, TaiSan стартапының негізін қалаушы Санжар Тайжан Франция президенті Эммануэль Макронның әкімшілігінен ресми хат алғанын әлеуметтік желіде жазды. Оның айтуынша, француз тарапы натрий-ионды аккумуляторлар әзірлейтін компаниясының жобасына қызығушылық танытқан.
– Франция Президенті Эммануэль Макрон кеңсесі өзінен осындай хат қабылдап алу — біз үшін үлкен мәртебе.
2024 жылы Президент Макронмен кездейсоқ орын тапқан кездесуімізден кейін TaiSan-ның Франциядағы жолы жалғасып жатқаны бізді ерекше қуантады. Президент біздің жобамызбен жеке танысып, жоспарларымызды Өнеркәсіп министрі Себастьен MARTIN және Сыртқы сауда және инвестициялық тартымдылық министрі Николя FORISSIER-ге жолданды, – деп жазды С.Тайжан.
Осы хаттан кейін Санжар компания басшыларымен бірге Парижге шақырылып, Францияның бірнеше министрліктердің жоғары лауазымды өкілдерімен және кабинет басшыларымен бірқатар кездесулер өткізген.
– Франция мен жалпы Еуропаға TaiSan-ға көрсетіп жатқан қолдаулары үшін зор алғысымызды білдіреміз, – дейді жас инженер.
Санжар туралы не белгілі?
Санжар Тайжан – танымал инженер, еліміздегі «100 жаңа есім» жобасының төртінші кезеңінің жеңімпазы, Warwick Boring негізін қалаушы әрі бас инженері.
Санжар 1997 жылы туған. Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебін тәмамдаған. Инженерлік әзірлемелермен және технологиялық жобалармен айналысады.
2021 жылы TaiSan стартапын құрып, 2022 жылдың желтоқсанында TaiSan әлемдегі ең ірі электрлік ұшақтарды шығаратын Vertical Aerospace компаниясымен аккумуляторлық бөліктерді дамытуға қолдау көрсету туралы келісімшартқа отырды. Бұл – нөлдік эмиссиясыз ұшақтар шығаруды көздеп отырған британдық компания.
Жетістіктері қандай?
TaiSan стартапы британдық Үкіметтен, қорлардан және мемлекеттік органдардан 520 000 доллар көлемінде қаржылық қолдау тапты. Компания бірнеше автокөлік компанияларымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.
2023 жылдың күзінде Ұлыбританияның көлік министрлігі TaiSan стартапын 67 өтініш берушінің ішінен таңдап, «2023 жылдың ең перспективалы жобасы» деп таныды.
2024 жылғы шілдеде стартап EIT InnoEnergy, TSP Ventures, Heartfelt VC және Exergon қорларынан 1,7 млн еуро инвестиция тартты.
Фотосуреттер: Санжар Тайжанның инстапарақшасынан
Санжардың арманы
– TaiSan – ол жаңа батареямыз. Ол – жаңа технология, электролит. Біздің натрий батареялар өте жеңіл, автокөліктерге өте пайдалы болады. Өйткені олар көп қашықтыққа жүре алады. Қазір 13 адамбыз. Жасанды интеллект арқылы жұмысымыздың тиімділігі артады, – дейді Санжар.
Компания квазиқатты күйдегі натрий-ионды аккумуляторлар әзірлейді. Оларды, соның ішінде, электрмобильдерде пайдалану жоспарланып отыр. Санжар Қазақстанда жобаларын жүзеге асырып, қазақтың тұңғыш электромобилін жасауға ниетті.
– Ұлы Британияның Кембридж қаласында батарея материалдары бойынша мекемесін басқарып отырып, құрылтайшы болып тұрып, қазақ болып туғаныма мақтанамын. Бұл салада Туған Еліміз де жоғары биіктерге жете алады деп зор сенемін! – деп жазды жас инженер.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
Венера Мұратқызы