Астанада Qazaq AI Research University (QAIRU) ашылды. ЖИ дәуірінің білімін ана тілінде игеруге мүмкіндік беретін бұл университет – болашақ мамандар үшін үлкен мүмкіндік.
Фото: the-tech.kz
Бұл – Мемлекет Басшысының тапсырмасымен құрылған, білім беру және зерттеу моделін толығымен жасанды интеллект төңірегінде құрайтын Орталық Азиядағы алғашқы университет. Университеттің миссиясы — Қазақстан мен әлемнің болашағы үшін жасанды интеллект саласында көшбасшыларды дайындау, білім, зерттеулер мен технологияларды дамыту.
«Біз жасанды интеллект жай ғана оқу пәні емес, бүкіл білім беру ортасының негізі болатын жаңа буын университетін құрып жатырмыз», – дейді Qazaq AI Research University ректоры Сапар Токсанов.
Бұл білім ордасы заманауи технологияларды игеріп қана қоймай, ұлттық құндылықты да бәрінен жоғары қояды. Университет ұжымы ЖИ саласындағы қазақша деректер қорын байытуға, мемлекеттік тілдегі зерттеулерді алға жылжытуға және қазақ тілінің технологиялық әлеуетін арттыруға негізгі басымдық береді.
Qazaq AI Research University-інде қазір 528 білім алушы жаңа технологиялық жүйемен оқытылып жатыр. Яғни, мұндағы оқу процесі дәстүрлі форматтан өзгеше. Студенттер робот құрастырып, дрондарды басқарып, жасанды интеллект жүйелерін әзірлеуге үйретіледі. Жобаларын бірден тәжірибеде өткізіп, сынақ жүргізуге де мүмкіндік берілген. Тәлімгерлер бірден ұлттық суперкомпьютерлер мен Alem.cloud секілді платформамен тікелей жұмыс істей алмақ.
Ғылым министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, мұнда бакалавр дәрежесін алуға 3 жыл беріледі. Талап бойынша осы уақыт ішінде әрбір студент кемі бір AI-жобаны бастан-аяқ әзірлеп, оны толық қолданысқа енгізуі қажет.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы