Күні кеше Қарағанды қаласында Шахтерлер күніне орай ауқымды концерт өтті. Бір сахнада Димаш Құдайберген, Dequine, Moldanazar, Қайрат Нұртас және ресейлік әнші Дима Билан өнер көрсетті.
250 мың көрермен жиналған кеште бойжеткеннің Димаш Құдайбергенге өзі тіккен шапанын сыйға тартуы ерекше әсерлі сәт болды. Ұлттық үлгіде тігілген шапанның тарихы және оның Димашқа қалай табысталғаны туралы жас дизайнер Ақбота Қасымбектің өзінен сұрап білдік.
– Алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз…
– Есімім – Ақбота. Қарағандының тумасымын. 20 жастамын. Қазіргі таңда Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде киім дизайнері мамандығында оқып жатырмын.
– Дизайнерлікпен қашаннан айналысасыз? Бұл өнер есімен қызықтырды?
– Мен 11 жасымнан бері тігін өнерімен айналысамын. Анамның жеке сән үйі бар. Кішкентай кезімнен бастап анамнан тігін өнерінің қыр-сырын үйреніп келемін. Алғашқы коллекциямды биыл сәуір айында көпшілік назарына ұсындым. Бұл менің шығармашылық жолдағы алғашқы дебютім болды.
– Күні кеше Қарағандыда өткен концертте Димаш Құдайбергенге өзіңіз тіккен шапанды сыйладыңыз. Табыстаған сәтте қандай әсерде болдыңыз?
– Менің коллекциядағы көкпар бейнесі бейнеленген шапанды әу бастан Димаш Құдайбергенге арнап тіктім. Себебі мен үшін ер адамның эталоны – Димаш аға. Оған өз қолымнан тіккен шапанды сыйлау бала кезімнен келе жатқан арманым еді.
Концертте 250 мың көрерменнің арасынан Димаш ағаның назарын аударып, шапанды табыстау оңай болмады. Біз оны бес сағат бойы күттік. Димаш аға бізді көруі үшін бауырларымның көмегімен арнайы плакат дайындап апардық. Ол сахнаға шыққан сәтте адамдардың арасынан өтіп, плакат арқылы назарын аударуға тырыстық. Басты мақсатымыз шапанды қалай да өзіне табыстау еді. Арманым орындалды. Димаш ағаның кішіпейілдігіне тәнті болдым.
– Шапанның негізгі ерекшелігі неде? Қанша уақытта тігілді?
– Шапанды мамыр айында тіктім. Шамамен бір аптадай уақыт жұмсалды. Бұл шапан қазақтың ұлттық ойыны көкпарға арналған. Байқасаңыздар, мұнда дәстүрлі ою-өрнектер қолданылмаған. Оның орнына көкпардың динамикасын, ұлттық ойынның рухын заманауи дизайн арқылы жеткізуге тырыстым. Шапанның әрбір бөлшегін өзім ойластырып, өз қолыммен тіктім. Сондықтан бұл мен үшін жай ғана киім емес, ұлттық құндылық пен заманауи сәнді ұштастырған ерекше туынды.
– Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар? Дизайнерлік жолыңызды әрі қарай дамытасыз ба?
— Әрине, менің жоспарларым өте көп. Алдағы уақытта Қазақстанның атын әлемге танытқым келеді. Себебі біздің тарихымыз тереңде, ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүріміздің өзіне тән ерекшелігі бар. Мен осы құндылықтарды заманауи сән арқылы танытып, дизайнер ретінде өз елімнің мәдениетін әлемге көрсеткім келеді. Ұлттық нақыштағы дүниелерді заманауи үлгімен ұштастырып, Қазақстанды халықаралық сән әлемінде танытсам, арманымның орындалғаны!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Фариза АХМЕТ,
Jastar janary
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы


