Қазақ қызы, дзюдошы Фатима Сұпығалиева жуырда кадеттер арасында Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен әлем чемпионатында топ жарды. Осылайша, ол Қазақстанның әйелдер дзюдосы тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы атанды. Әлем чемпионын туған жері Оралда үлкен қошеметпен қарсы алды.
ТҰҢҒЫШ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫНА ТУҒАН ЖЕРІ ҮЛКЕН СЫЙ ЖАСАДЫ
Оралда өтіп жатқан дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатының ашылу салтанатында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев жас чемпионға пәтер кілтін табыстады. Сонымен қатар тарихи жеңісі үшін Фатимаға 3 миллион теңге көлемінде сыйақы берілді.
Ал чемпионды әлемдік додаға дайындаған бапкерлері Алтынбек Сұпығалиев пен Ерлан Уналовқа 1 миллион теңге көлемінде сыйақы табысталды.
Бұл – бір ғана спортшының жеңісіне көрсетілген құрмет емес. Бұл – еңбекке, табандылыққа, ел намысын қорғаған ерлікке көрсетілген үлкен қолдау.
Әлем чемпионатында көк туымызды көкке көтеріп, Әнұранымызды шырқатқан Фатиманың тарихи жеңісі – бүкіл қазақ спортының мерейі.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы