Басты бет » Әдеби әлем » Нұржан Салимов.  КӨЗҚАРАС

Нұржан Салимов.  КӨЗҚАРАС

жыр

 

Нұржан САЛИМОВ – БҚО, Ақжайық ауданы, Базаршолан ауылында 1993 жылы, 22 қаңтарда дүниеге келген. Қазіргі таңда Астана қаласы, Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің студенті.

 

Көзқарас

Көз алдыңда өткенді жүрегіңде
Сақтай беру жөн емес есте де көп.
Мен ойлаймын шынымен бұл өмірде
Өзгермейді дейтіндей ештеңе жоқ.

Арам – жақсы ойымен сан соқтығып,
Қайтер едің адалдар талап жатса.
Жақсы деген кездерің сан соқтырып,
Жаман деген мезгілің бақ орнатса.

Қуанышың өкінтіп,
Сірә жыққан
қайғы кетсе бір мезет тойға айналып.
Тәтті уылтып тіліңнен шығарып қан
Ащы жатса ішіңе майдай жағып.

Құлай сүйген адамың аттап ардан
Басқаға арнап сезімін түн ұрласа
Бағынбаған көкірек,тәкаппар жан
Сенен басқа адамға жымимаса.

Қайтер едің кеш деген тым ерте боп
Ерте бардым дегенде бөгелсеңіз.
Салмақты деп жүргенің бір еркелеп
Ерке адамнан салмақты жөн көрсеңіз.

Жалған – бәлкім сыйлайды адамға үміт
Шындық – мүмкін жоғалар жан ұқпаумен.
Күн – дегенің ол да бір қараңғылық
Түн – дегенің ол да бір жарық сәулең!

Жығылмағын төбеңнен мың сан рет,
Табанымен тепкілеп тұрса да өмір.
Қыстыгүні өлмейді жусан жүрек
Күз келсе де сарғаймас шырша көңіл.

 

Біз деген…

Біз деген іздеген жандармыз

Өмірден

Көңілден

Төгілген жылуды…

Сезбеген, білмеген жандармыз

Бақытты болуды,

Бақытты қылуды…

 

Жараңа жақпаймыз, науқасың батты ма?

Улауға сақтаймыз, таптырмас затты да

Емге біз.

Тойынып тасынса жарлыға қол созған,

Өзінен асырса жарыла қызғанған

Пендеміз…

 

Сәнінен шамалы өмірім керім деп,

Бәрінен жоғары орыным менің деп

Ойлармыз.

Жылтырын жалауда таңдайы кеппеген

Жыртығын жамауға жағдайы жетпеген

Байлармыз…

 

Еттерге жібімей, тастарға жаққаның,

Ақылың шегінен асқанда тапқаның

Су милық.

Жаураса жуынды, өйткені батыр деп,

От жағып жылынса, өртеніп жатыр деп

Су құйдық…

 

Уақыты өтпеген сезімге қуанбай.

Бақыты көктеген кезінде суармай

Оратын.

Көңілдің тарлығы шығынға әкеліп.

Осының барлығы шынында қателік

Болатын…

Жандармыз біз деген…

Бірдеңе іздеген…

 

Мүмкін

Келмейтінді келер дейтін

Сенбейтінді сенер дейтін

Тұр ойлар.

Іркіліп, іркілмейтін

Өмірде «Мүмкін» дейтін

Бір ой бар.

 

Сенімсіз бас иетін

Бұл ойдың қасиетін

Біліп қал

Мүмкіннің құрамында:

қорқыныш, сұрақ, ынта,

үміт бар.

 

Жақтайды, жақтамайды ол,

Сақтайды, сақтамайды ол

Кеселден

Жағымсыз үні көркем

Ол тірі бүгін, ертең.

Кеше өлген.

 

Мүмкін емес – мүмкін елес,

Мүмкін де мүмкін емес

Біртүрлі ой

Ойымның дұрыс болуы да

Немесе бұрыс болуы да

Мүмкін ғой…

 

***

 

Ұмытамыз, ұмытыламыз

түсеміз еске кейде тек

Өмір талабы керек кездер мен

көрген сәттерде сөйлетед…

 

Алыстап кетсе жерлерге жырақ

құлақ естімес, көз көрмес

Хабарсыз жанның тынысы бірақ

кінәлағаннан өзгермес.

 

Көңілден жойып тастамасаң да

өкпеңнің өзің тый күшін

Патша болсаң да, басқа болсаң да

қасында ғана сыйлысың.

 

Суменен күйіп, отпенен еріп

өкпені талай жастандық

Біреуге ренжіп, өкпелегенің —

өзіңе қылған қастандық.

 

Сондықтан солай көп елемеймін

жағдай сұрауды жалаңдап

Өкпелетсем де өкпелемеймін

өзіме қатты алаңдап…

 

***

 

Сағынышымның түсі көмілген

Күз көңілімнің ішіне бірден

Қысқы киіммен түсіме кірген

Сұлуды қалай түсінемін мен?

 

Сарғайған бақты гүлдетер менің

Жылуым жетпей жүр ме екен дедім

Шешімін таппай оылай ғана

Сенімсіз ойды бір мекендедім.

 

Сөгіле кетіп кестесі нұрдың

Кешегі мұңды еске түсірдім

Түндегі түстің құпияларын

Келесі күні кеште түсіндім.

 

Сөйлетпей тілді желімдеп менің

Сезін деп серім сезім кеткенін

Сездірген екен ыстық жүрекке

Салқындық лебі келіп жеткенін.

 

***

Жас едім ғой мен, жалын да едім

Тіршілік етсем жалындар едім.

Құлшылық етіп үлгермей жатып

Қалмады жылу жанымда менің.

 

Кеудені жарып гүлдеген өлең

Кезер ем ғалам жыр кемеменен

Көбірек ғұмыр кешетін болсам

Шығар еді ғой бірдеңе менен.

 

Тұлға болар ем ту ұстар. Бірақ,

ұстаған бағым уыстан құлап

Еңіреп қана еске алады енді

Достарым қимай, туыстар жылап.

 

Ыстық екенмін, керек екенмін

Бақытты сезбей керемет тегін

Өзім де бірақ кінәлімін ғой

Өмірден ерте неге кеткенмін?

 

Осылай екен жалығып мүлдем

Жібек қиялды жамылып көркем

Өзімді ойша өлтіріп тастап

Басқа жүрекпен сағынып көрсем.

***

Аялдама. Күтуден белім біткен.

Шаршап кеткен біреу тұр,жеңіл жүкпен.

Менде тұрмын, бұл жерден ешқашан да,

Жүрмейді екен көлігім менің күткен.

 

Қызықты екен мұншалық сәнге неге?

Айналаға қоймастан мән бере де,

Добалдай ұялысын сипай салып,

Жымияды орыс қыз әлденеге.

 

Смайликтің тәттісін көп іштіріп,

Жан-сезімін көзіне көрістіріп,

Бір қызықты, күлкілі сөздерімен,

Күлдіріп жатқан шығар орыс жігіт.

 

 

 

 

Пікір жазу