Мемлекет басшысы ұстаздар қауымын дәстүрлі Тамыз конференциясының ашылуымен құттықтады.
«Бүгінгі жиынға Қазақстанның барлық аймағынан ұлағатты ұстаздар арнайы келіп отыр.
Мықты мұғалім – сапалы ұлттың тірегі, бұл – нағыз ақиқат.
Бүгін өте ұтымды, мазмұнды баяндамаларды тыңдадық, тиімді пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Сөз сөйлеген ұстаздарға, бүкіл мұғалімдер қауымына ризашылығымды, ілтипатымды білдіремін. Тиісті министрлік, жалпы Үкімет айтылған мәселелерді үнемі назарда ұстауы керек. Бұл жұмысты аса маңызды стратегиялық міндет деп түсіну қажет.
Ұстазды ұлықтаған елдің келешегі жарқын болары айдан анық. Ұлы Абай 38-ші қара сөзінде адамның адамдығы жақсы ұстаздан болатынын айтқан.
Сіздер жас буынға терең білім беріп, саналы, озық ойлы және отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге зор еңбек сіңіріп жүрсіздер. Осылайша, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға атсалысып келесіздер», – деді Президент.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу жайын айтты.
«Жаңа цифрлық дәуірге қадам басқан тұста адами капитал дамудың аса маңызды факторына айналып отыр. Дәл осы бағытта Қазақстанның әлеуеті зор.
Балаларымыз – талантты. Әлемде жоғары бәсекеге қабілетті екенін көрсетіп жүр. Бірер күн бұрын Ақордаға лайықты марапаттарын алу үшін халықаралық зияткерлік олимпиада жеңімпаздары арнайы келді. Осы оқу жылында дарынды балаларды қосымша ынталандыру шараларын қабылдауды тапсырдым. Олимпиададағы табыстарына ғана емес, ғылыми жобалар байқауындағы жеңістері үшін де ақшалай сыйақы беріледі.
Озық технологиялар мен жастардың зияткерлік әлеуеті үйлесім тауып, қазірдің өзінде елеулі экономикалық нәтиже беріп отыр. Жаңа стартаптар ашылып, алғашқы «сыңармүйіз стартаптар» пайда болды. Осы тәжірибені кеңейту үшін білім беруді басты орынға қоятын инновациялық экожүйе құру қажет. Сол себепті Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында саланы басқарудың платформалық үлгісіне көшу басталды. Білім беру базасын жаңғырту қолға алынды. Яғни бүкіл мемлекеттік сервис пен қызмет біріктіріледі. Мұғалімдер уақыт алатын шаруадан арылады. Әсіресе, соңғысы өте маңызды. Педагогтерді ығыр қылатын қағазбастылықтан, бітпейтін есептен, аттестациядан өту талабынан және басқа да пайдасыз тексерістерден босату керек.
Мұғалімдерді жөндеу жұмыстарына, оқу процесіне тікелей қатысы жоқ түрлі қоғамдық іс-шараларға тартқаны туралы жаңалықтар ара-тұра шығып жатады. Бұл жөнінде әлдеқашан келіскенбіз. Бұған жол беруге болмайды.
Оқу-ағарту министрлігі мен әкімдіктер басқармалары, ең алдымен, құқықтық-нормативтік актілер мен саланы реттеу базасын жетілдірумен, оқу үдерісін тиімді ұйымдастырумен және білім беру бағдарламаларын мұқият саралаумен айналысуы қажет.
Жақында Үкімет жұртшылыққа нәтижелі жұмыстың қорытындысын жариялады. Мектеп оқулықтарынан 700-ден астам өрескел қате табылған. Мұның бәрі орта білімнің сапасына нұқсан келтіреді десек, артық айтқандық емес.
Әлгінде ғана тексерілмеген тарихи деректер мен оқиғалар сипатталатын, балаларға жалған «қаһармандар» мен олардың «ерлігі» жөнінде әңгімелейтін аңыздар енген оқу материалдарын қайта қарау қажет екенін айттым. Жалған, ойдан құрастырылған мәліметтер тарату арқылы балаларды отаншылдыққа тәрбиелеу жақсылыққа апармайды. Бұл халқымыздың ар-ұжданына қайшы.
Ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылуымыз керек. Бұл жөнінде үнемі айтып келемін. Біздің кейбір қаламгерлеріміз «мұң» деген сөзді жақсы көреді: «жүрегімде мұң, көзімде мұң»! Мұң-қайғы жастық шаққа, жастарға жараспайды. Жастарымыз өз халқының тарихын дұрыс түсіне отырып, болашаққа үмітпен және сеніммен қарауға тиіс. Еліміздің жастары оптимист болып, еңсере алмайтын қиындық жоқ екенін білуі қажет. Біз өз күш-қуатымызға сенетін, мықты ұлтқа айналуымыз керек. Мұң, қайғы, күйзеліс – жастарымызға жат нәрсе болуға тиіс.
Биыл мамыр айында Орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы арнайы Жарлыққа қол қойдым. Алайда жаңа оқу жылының қарсаңында тапсырма тиісті деңгейде орындалмады. Бұл – үлкен кемшілік. Себебі неде? Қалай болғанда да технология қарыштап дамыған заманда мұндайға жол беруге болмайды. Балалар мен педагогтердің жасанды интеллектіні жүйелі әрі дұрыс қолдану тәртібін белгілейтін пәрменді шараларды шұғыл қабылдау қажет. Жастар, әсіресе, ауыл жастары цифрлық құрылғыларды, мәселен, смартфонды тұрақты табыс табуға пайдалана білуі керек. Сіздерді құлаққағыс етейін, Жолдауда осы жөнінде нақты міндет қоямын.
Бізге цифрлық мемлекеттен цифрлық халық экономикасы деген түсінікке көшу қажет. Басқаша айтқанда, жасанды интеллект пен оның мүмкіндіктері ермек емес, кіріс көзі болуға тиіс. Жоғары білім саласында жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық, құқықтық және ұйымдастыру ерекшеліктерін ескеретін ортақ стандарт бар. Үкімет дәл осындай стандартты орта және кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне де енгізуі қажет.
Жаңа формация мамандарын даярлауды орта білімнен бөліп қарауға болмайды. Төменнен жоғары қарай біртұтас жүйе болғаны жөн. Осы орайда, 18 жасқа толған жасөспірімдердің мектеп партасында отырғаны қаншалықты дұрыс деген орынды сауал туады. Әдетте Назарбаев зияткерлік мектептерінде және жекеменшік білім ошақтарында солай қалыптасқан. Қазіргі балалар физиологиялық тұрғыдан тез жетілетінін ескерсек, бұл қаншалықты ақылға қонымды? Министрлік осы мәселені қарастырып, қажет болса тиісті шешім жолдарын ұсынады деп ойлаймын. Конституциямызда жалпыға бірдей білім беру стандарты белгіленген. Мұны міндетті түрде ескеру керек.
Қыркүйекте Жасанды интеллект университеті ашылады. Бірақ бұл жеткіліксіз деп ойлаймын. Үкімет Қытайдың жаңа технологияларды меңгерудегі жетістігі мен тәжірибесін ескере отырып, Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашу мәселесін пысықтағаны жөн«, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
