Қазақстанда электрсамокат, мопед, велосипед және өзге де шағын көлік құралдарын пайданушылар саны артып келеді. Соған сәйкес олардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының саны да көбейген. Осыған байланысты жол қозғалысына қатысты бірқатар жаңа талап күшіне енді.
Жол апаттарынан 10 бала қаза тапқан
Жыл басынан бері мопед жүргізушілерінің кінәсінен 390 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 33 адам қаза тауып, тағы 461 адам түрлі жарақат алған.
Бұдан бөлек, велосипедшілердің кінәсінен – 169, шағын электр көлік құралдарын басқарушылардың кінәсінен – 97, ал электрсамокат жүргізушілерінің қатысуымен 47 жол апаты болған.
Аталған жол-көлік оқиғаларында 329 кәмелетке толмаған бала зардап шегіп, 10 бала қаза тапқан.
Шағын көлік құралдарын пайдаланушылардың өздері де зардап шегуде
Жол апаттарында электрсамокат, мопед және басқа да шағын көлік құралдарын пайдаланушылардың өздері де зардап шегіп отыр.
Мәселен, электрсамокат жүргізушілерін көлік қағып кеткен 145 жағдай тіркелсе, мопед жүргізушілерін көлік қаққан 82 оқиға болған. Ал шағын электркөлік құралдарын тізгіндегендерді көлік қағу бойынша 52 жағдай тіркелген.
Осының салдарынан төрт адам қаза тауып, 300-ге жуық адам түрлі жарақат алған.
Электрсамокат жүргізушілеріне жаңа талап қойылды
25 тамыздан бастап электрсамокаттарды тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарында жүргізуге тыйым салынды.
Егер велосипед жолы немесе велосипед жолағы болса, электрсамокат жүргізушілері қозғалысты тек солар арқылы жүзеге асыруы тиіс. Ал мұндай жолдар болмаған жағдайда жол жүрісі қағидаларына сәйкес жүріс бөлігінің оң жақ шетімен немесе жол жиегімен жүруге рұқсат етіледі.
Электрсамокатты 18 жасқа толған, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі бар және қорғаныш дулығасын пайдаланатын азаматтар ғана басқара алады.
Ал мопед жүргізушілері тек жүріс бөлігінде қозғалуға міндетті.
Жаяу жүргіншілер өткелінде көліктен түсу керек
Самокат, велосипед және мопед жүргізушілері жолды жаяу жүргіншілер өткелі арқылы кесіп өткен кезде көліктен түсіп, оны жетектеп өтуге тиіс.
Сонымен қатар жолаушыларды тасымалдауға, көлік құралын басқару кезінде телефонды қолда ұстауға және тәуліктің қараңғы уақытында жарық шағылыстыратын элементтерсіз жүруге тыйым салынады.
Жаңа талаптардың негізгі мақсаты – жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және шағын көлік құралдарының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Сондықтан электрсамокат, мопед және велосипед жүргізушілері белгіленген талаптарды сақтап, жолдағы қауіпсіздік ережелеріне жауапкершілікпен қарауы қажет.
Фариза АХМЕТ,
Jastar janary
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
