Басты бет » Жаңалықтар » Лайк пен қаралым үшін заңды бұзуға болмайды: ІІМ 9 блогерді жауапқа тартты

Лайк пен қаралым үшін заңды бұзуға болмайды: ІІМ 9 блогерді жауапқа тартты

Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде құқыққа қайшы контент жариялаған 9 азаматтың әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.

Лайк, қаралым мен донат жинау үшін тікелей эфирде балағат сөз айтып, арсыз әрекеттерге барған әрі қауіпті пранктер ұйымдастырған, төбелес сахналаған және қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттерге барғандары үшін олар жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен кейбіріне айыппұл салынса, енді бірі әкімшілік қамауға алынды.
ІІМ мұндай заңбұзушылықтар алдағы уақытта да анықталып, тиісті шаралар қабылданатынын ескертті. Ведомствоның айтуынша, әлеуметтік желідегі лақап ат немесе анонимділік жауапкершіліктен құтқармайды — заң цифрлық кеңістікте де бәріне бірдей қолданылады.

Tik-Tok-тағы стрим барысында теріс әрекеттерге барғандарды әшкерелеп, Президентке үндеу жолдаған қоғам белсендісі Бағила Балтабаева жазба жариялады.
«Құрметті ағайын! Жақсы жаңалық!
Міне, 21.07.2026 ж. Президентке жолдаған Үндеуміз жетер жеріне жетіп, бүгін, яғни 28.07.2026ж. нәтижесі шықты!
Жұмыла көтергеннің жүгі жеңіл демекші, Үндеу постты бір ауыздан барынша қолдап, репост жасап, парақшаларды белгілеп таратқан баршаңызға Алла разы болсын!
Ал енді сол Халықтың үніне құлақ асып, осы мәселеге мойын бұрып, назарына алған Президентіміз
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа және қысқа мерзімде шұғыл түрде кірісіп, әр азаматты анықтап, олардың әр қайссымен жұмыс атқарып, жауапқа тартқан Ішкі істер министрлігіне мың алғыс!
Сондықтан құрметті ағайын, алдағы уақытта алдыңғыдай азғындықтарды тағы көрсеңіздер, ерінбей фото-видеосын, парақшасын жүктеп алып, Е-Өтініш арқылы Ішкі Істер Министрлігіне арыздарыңызды жаза беріңіздер, ол үшін шаршамыңыздар!
Осы күнге дейін көрген кезде дабыл қағып көтермей, үнсіз өтіп кете бергеннің нәтижесі болды алдыңгысы!
Енді, жүгенсіз кеткендер бұдан былай желіде желпілдеп отыру үшін әрқайсысы, өздерінің іс-әрекеттері мен ауыздарына ие болады! Барынша мұқият болайық ағайын!» – дейді Бағила Балтабаева.
Сондай-ақ қоғам белсендісі әлеуметтік желі қолданушыларына да: «Бұдан былай осындай азғындықты көрсеңіздер, яғни Tik-Tok желісіндегі стримде (тікелей эфирде) болсын, басқасы болсын, анайы, боқтық сөздер айтып отырғандары бар, одан арысы жыныстық қатынасқа түсіп, оны желіде көрсетіп отырғандары болсын, дереу барлық фото, видео, скриншот жасап алып, құзырлы органдарға арыз жазыңыздар!

Арыздарыңызда сол азаматтар мен азаматшалардың жеке тұлғасын анықтап, шара қолдануын сұрайсыздар!
Мысалы, дәл бүгінгідей азғын дүниелерді көрсеңіздер:
ҚР Қылмыстық кодексінің 311-ші бабы, яғни порнографиялық материалдарды заңсыз тарату немесе жарнамалау бойынша жауапқа тартуларыңызды, және «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңға сәйкес Қазақстанда онлайн-платформаларда порнографияны және өзге де заңмен тыйым салынған контентті орналастыруға және таратуға тыйым салынған бойынша:
Бұл эфирлерді кәмелетке толмаған жас балаларда көре алатын ортада таратқандары үшін, қосымша Әкімшілік  құқұқбұзушылықтар бойынша жауапқа тартуларыңызды сұраймын! -деп жазып, Е-Өтініш арқылы жаза беріңіздер!
Ұлт болашағы үшін ШАРШАМАЙЫҚ АҒАЙЫН!», – деп үндеу жасады.