Басты бет » Жаңалықтар » Әдеп нормаларын ұстануы тиіс: Қос полицей қыз жұмысынан босатылды

Әдеп нормаларын ұстануы тиіс: Қос полицей қыз жұмысынан босатылды

Жақында Ахмед Хаггаг (Haggagovic) есімді мысырлық тревел-блогердің Астанада туристік полицей қыздармен түсірген видеосы әлеуметтік желіде тарап, көпшіліктің ашуын туғызды, деп хабарлайды Jastar janary.

Фото:Бейнежазбадан скриншотталды

Бейнежазбадан оқиғаның «Хан Шатыр» СОО маңында орын алғаны көрінеді. Ол жерде блогер полицей қыздармен би билеген, оларды көтеріп, айналдырып, ерсі әрекетке барған.

Әлеуметтік желінің көпшілігі қолданушылары полицей қыздардың әрекеттерін сынға алып, қызметтерінен босатуды талап еткен, сондай-ақ блогердің де бұл әрекетін сынап, оны да жазаға тарту керек еді деген пікірлер қалдырып, видеоүндеулер жолдап жатыр.

Әлемнің 193 мемлекетін аралаған тревел-блогер Ахмед Хаггагтың әлеуметтік желідегі жалпы оқырмандары саны 10 миллионнан асады екен.

Осы оқиғаға байланысты Астана полиция департаменті қызметтік тексеріс жүргізгені хабарланды. Тексеру барысында екі қызметкердің қызметтік әдеп нормалары мен полиция қызметкерлерінің мінез-құлқына қойылатын талаптарды бұзғаны анықталған.
«Қызметтік міндетін атқару кезінде және нысанды киімде мұндай әрекетке жол берілмейді. Полиция қызметкері кез келген жағдайда кәсіби арақашықтықты сақтап, белгіленген әдеп нормаларын ұстануы тиіс», – деп хабарлады департамент.
Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша екі қызметкер де қызметтерінен босатылды.