Басты бет » Жаңалықтар » ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ҰЛЫҚТАҒАН КЕЗДЕСУ

ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ҰЛЫҚТАҒАН КЕЗДЕСУ

✍ Зарина Аманжолқызы
Аудандық орталық кітапханада «Жәнібек әйелдері» қоғамдық бірлестігі қолдауымен аудандық ішкі саясат бөлімі, Жастар ресурстық орталығы және аудандық Әжелер кеңесінің ұйымдастыруымен «Қоғам мәдениеті мен отбасы құндылықтарын нығайту» атты тағылымы мол, мазмұнды іс-шара өтті. Алдымен келген қонақтарға ақтан ұсынылып, аудан шеберлерінің қолөнерімен таныстырды.
Ауқымды басқосуға Батыс Қазақстан облысының Бөкейордасы және Казталов аудандарынан арнайы қонақтар келіп, отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ұрпақ тәрбиесі төңірегінде өзара тәжірибе алмасты. Кеш шымылдығын аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Гүлнара Хаирлиева ашып, жиынның маңыздылығына тоқталды. Ол бүгінгі таңда қоғам мәдениетін қалыптастыру мен отбасы құндылықтарын сақтау – ел болашағы үшін аса маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. Одан кейін сөз кезегі аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметовке берілді. Өз сөзінде ол Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталып, «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында ұйымдастырылған шараның тәрбиелік мәні зор екенін жеткізді. Іс-шараның басты мақсаты – отбасындағы ананың мейірімі мен әкенің беделін дәріптеу, олардың шаңырақтағы айрықша рөлін айқындау. Ана – отбасының жылуы мен берекесінің бастауы болса, әке – отбасының тірегі, қорғаны әрі ақыл-парасаттың иесі екендігін қоғам санасына кеңінен насихаттау болды.
Жиын барысында облыстық Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, Орал қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Мынаутаубик Анесов сөз сөйлеп, «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» тақырыбында тағылымды ойларымен бөлісті. Ол ұлттық тәрбиенің негізі – үлкенді сыйлау мен кішіге қамқорлық көрсету екенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар БҚО әкімдігі Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының кеңесшісі, облыстық Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Жамал Ихсанова сөз алып, отбасы құндылықтарын сақтау мен аналардың қоғамдағы рөлі туралы кеңінен әңгімеледі. Шара барысында ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, өңірдің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар мен азаматшалар БҚО әкімдігі Қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Н. Жолдасқалиевтің атынан Алғыс хаттармен марапатталды. Атап айтқанда, Асылғаным Буршина, Айкүн Жоламанқызы, Дина Ғаллемқызы және Амангелді Мырзағалиұлы марапатқа ие болды. Сондай-ақ БҚО әкімдігі Қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ бөлімінің медиаторы Жиенбай Мирамбаев сөз сөйлеп, «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында қойылған талаптар мен олардың қоғамдағы маңыздылығына тоқталды.
Кездесу барысында Казталов аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Күнсұлу Шакенаева өз ауданында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндаса, Бөкейорда ауданынан келген өкілдер де аналар кеңесінің тәжірибесімен бөлісті. Аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Амангелді Уәлиев аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан тәрбиелік және қоғамдық маңызы бар іс-шараларға тоқталып, ел бірлігі мен ұрпақ тәрбиесіне бағытталған жұмыстардың нәтижесін атап өтті. Ал «Жәнібек әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Илемесова «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыбында мазмұнды пікір алмасу ұйымдастырып, қатысушылармен ашық диалог құрды. Шараның екінші бөлімі сұрақ-жауап форматында жалғасып, қатысушылар өзара пікір алмасып, көкейлеріндегі сауалдарға жауап алды.
Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Бекбауұлы қорытынды сөз сөйлеп, мұндай кездесулердің қоғамдағы ынтымақты нығайтып, отбасы құндылықтарын дәріптеуде маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан барлық ұйымдастырушылар мен қонақтарға алғысын білдірді. Шарадан кейін қонақтар аудандық Ардагерлер үйіне барып, оның жұмысымен танысты. Одан әрі аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Мөлдір Абдрешованың таныстыруымен медиа студияның қызметін көріп, жастардың шығармашылығын дамытуға бағытталған игі бастамаларға жоғары бағаларын берді. Сондай-ақ қонақтар этноауыл мен спорт кешенін аралап, ұлттық ойындарды дәріптеуге бағытталған жұмыстармен танысты. Олар ауданның мәдениеті мен спорт саласында қолға алынған игі істерге ризашылықтарын білдіріп, Жәнібек өңірінің жетістіктеріне жоғары баға берді. Осылайша тағылымы терең, тәрбиелік мәні зор ауқымды іс-шара өз мәресіне жетті. Кездесу соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, бір-біріне ақжарма тілектерін арнап, алдағы уақытта осындай игі бастамалардың жалғасын табуына сенім білдіріп, қимастық көңілмен қоштасты.