Алматы облысының Талғар қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Digital Nomads: Sana & Future қазақ-қырғыз жастар форумы өтіп жатыр. Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдарының өкілдері, сарапшылар мен жастар ұйымдарының жетекшілері жиналды.
Форум Қазақстан мен Қырғызстанның жастары арасындағы ынтымақтастықты нығайту, цифрлық құзыреттерді дамыту, сондай-ақ заманауи технологиялар мен инновациялар саласында тәжірибе алмасуға бағытталады.
Іскерлік бағдарлама аясында қатысушылар цифрлық мәдениетті дамыту, жасанды интеллект технологияларын енгізу және қазіргі еңбек нарығындағы ІТ-құзыреттердің маңызы жөнінде пікір алмасады.

Практикалық бөлім барысында командалар лудомания мен нашақорлықтың алдын алу және жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытындағы жобаларды таныстырады. Форум қорытындысы бойынша үздік деп танылған жобаларды іске асыруға қолдау көрсетіледі.
Бұдан бөлек, жастар этнофестивальге қатысып, Алматы облысының туристік орындарын аралайды.
Қазақ-қырғыз жастар форумы биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Форум екі ел жастары арасындағы байланысты ілгерілетуге, жаңа ортақ жобалардың жүзеге асуына және Орталық Азияның цифрлық дамуына қатысты ортақ көзқарастың қалыптасуына негіз болады.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
