Басты бет » Жастар үні » ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫЗ ЖІБЕГІ ТУҒАН ЖЕРІНДЕ

ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫЗ ЖІБЕГІ ТУҒАН ЖЕРІНДЕ

✍Дәулет ГАЙНУЛЛИН
Жәнібек жері тағы бір тарихи сәттің куәсі болды. Қазақ кино өнерінің алтын қорына енген «Қыз Жібек» фильміндегі Жібек бейнесі арқылы халық жүрегінен мәңгілік орын алған, Қазақстанның Халық әртісі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Жәнібек ауданының Құрметті азаматы Меруерт Қаратайқызы Өтекешованың 75 жылдық мерейтойына арналған «Қазақтың Қыз Жібегі туған жерінде» атты тағылымды кездесу кеші жоғары деңгейде өтті.
Бұл кездесу жай ғана мерейтойлық шара емес, туған топырақ пен талантты тұлғаның қайта қауышуы, өнер мен өнегенің тоғысқан ерекше мерекесі болды.
Құрметті қонақты аудан шекарасынан бастап аудан әкімі Тимур Серікұлы Шиниязов бастаған жерлестер зор ықыласпен қарсы алды. Қазақы дәстүрге сай көрсетілген құрмет, ақ жаулықты аналардың шашуы мен ақ батасы, ауыл ақсақалдарының ізгі тілектері туған жердің перзентіне деген шынайы сағыныш пен сыйластықтың белгісіндей әсер қалдырды.
Аудан орталығындағы мерекелік шара ерекше көрініспен басталды. Орталық алаңда орнатылған үлкен экраннан қазақ киносының жауһары саналатын «Қыз Жібек» фильмі көрсетіліп, көпшілік көрермен өткен ғасырдың ұлы туындысымен қайта қауышты. Ұлттық киім киген «Ақмаржан» халықтық би ансамблінің бүлдіршіндері қонақтарды қарсы алып, қазақ халқының бай мәдениеті мен дәстүрін паш етті.
Арнайы тігілген киіз үй маңында қазақтың ежелгі салт-дәстүрлерінің бірі – тұсаукесер рәсімі өткізілді. Нұрбектің қызының тұсауын кесу құрметі Меруерт Қаратайқызына ұсынылды. Өнер майталманы сәбиге ақ батасын беріп, жарқын болашақ тіледі. Бұл сәт жиналған жұртшылыққа ерекше әсер сыйлады.
Салтанатты шара аудандық мәдениет үйінде жалғасты. Мәдениет үйінің фойесінде аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі ұйымдастырған фотокөрме көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде Меруерт Өтекешованың шығармашылық жолы, өнердегі жетістіктері мен туған елге жасаған сапарларынан сыр шертетін тарихи суреттер қойылды.
Көрермендер залында өткен кездесу кеші қазақтың әйгілі «Гәкку» әнімен ашылды. Әнді орындаған А. Хамзина мен аудандық «Қыз Жібек» байқауының қатысушылары көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Кеш барысында жүргізушілер қазақ өнерінің қайталанбас тұлғасы Меруерт Қаратайқызының шығармашылық жолына тоқталып, оның ұлттық кино мен театр өнеріне қосқан өлшеусіз үлесін ерекше атап өтті. Кездесу еркін сұхбат форматында өрбіп, қонақ өзінің балалық шағы, өнер жолындағы алғашқы қадамдары, «Қыз Жібек» фильмінің түсірілу тарихы және өмірлік естеліктерімен бөлісті.
Көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырған тақырыптардың бірі – әйгілі «Қыз Жібек» фильмінің түсірілу кезеңі болды. Меруерт Қаратайқызы фильмге 500 қыздың арасынан таңдалып алынған сәтін, режиссер Сұлтан Қожықов бастаған шығармашылық топпен жұмыс істеудің жауапкершілігін тебірене әңгімеледі.
Сондай-ақ ол өмірлік серігі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Құман Тастанбеков туралы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті. Кеш қонақтары қазақ өнерінің қос аққуы атанған Құман мен Меруерттің өнердегі және өмірдегі жарасымды жолына тағы бір мәрте куә болды.
Кездесу барысында күй өнері де кеңінен насихатталды. Нұрғиса Тілендиевтің аңызға айналған «Аққу» күйі орындалып, көрермендер ерекше әсерге бөленді. Ал жас ақын Нұрлы Нұрланқызы арнайы арнауын оқып, мерейтой иесіне деген ақжарма тілегін жеткізді.
Кеш соңында аудан әкімі Тимур Серікұлы Шиниязов аудан халқының атынан мерейтой иесіне алғыс білдіріп, қазақы дәстүрмен шапан жауып, сый-сияпат тапсырды. Бұл – елдің өнерге деген құрметінің, талантқа деген тағзымының көрінісі еді.
Алайда жәнібектіктердің ықыласы мұнымен шектелген жоқ.
Мәдениет үйіндегі тағылымды кештен кейін орталық алаңда жиналған жұртшылық тарихи сәттің куәсі болды. Қазақ халқының ежелден келе жатқан игі дәстүріне сәйкес Меруерт Қаратайқызы Өтекешоваға ақ боз ат тарту етілді. Ақ боз ат – қазақ танымындағы ең жоғары құрметтің, ерекше сыйластықтың, ел ықыласы мен алғысының символы.
Бұл құрмет туған жердің өз перзентіне деген сүйіспеншілігін, халықтың өнер алдындағы тағзымын айқын көрсетті. Ақ боз аттың тізгінін ұстаған Меруерт Қаратайқызы ел-жұртына ризашылығын білдіріп, ақ тілегін арнады.
Осындай тағылымды кездесудің басты мәні – ұлт өнерін ұлықтау, кейінгі ұрпаққа өнеге көрсету, туған жер мен туған елге деген сүйіспеншілікті дәріптеу болды. Өнердегі Жібек бейнесі арқылы тұтас бір ұлттың сүйіспеншілігіне бөленген Меруерт Қаратайқызының туған жерге жасаған бұл сапары Жәнібек тарихындағы жарқын беттердің бірі болып қала беретіні сөзсіз.
Қазақтың Қыз Жібегі туған жерінде төрге озды, халықтың құрметіне бөленді. Ал ақ боз ат тарту етілген айрықша құрмет – ел мен өнер иесінің арасындағы мәңгілік байланыстың жарқын көрінісі болып тарихта қалды.