21-27 маусым аралығында Астанада Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Debat Eli Academy ұлттық пікірсайыс академиясы өтіп жатыр. Іс-шара Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің қабырғасында ұйымдастырылды.
Еліміздің әр өңірінен өтінім берген 700 оқушының арасынан үздік шыққан 60 оқушы пікірсайыс өнерін меңгеретін болады. Іріктеу кезеңі мотивациялық эссе жазу, шығармашылық тапсырмаларды орындау және әңгімелесуден тұрды.
Пікірсайыс өнері қазақ және ағылшын тілдерінде оқытылады. Академияның жаттықтырушылары қатарында ел чемпиондары мен дебат қозғалысының белгілі өкілдері бар. Сонымен қатар тәжірибе алмасу мақсатында Қазақстанға Ирландиядан әлемдегі ең танымал пікірсайысшылардың бірі, Оксфорд мектептерінің дебат жаттықтырушысы Энди Куллинан арнайы келді.
Академияның мақсаты – оқушылардың пікірсайыс дағдыларын жетілдіру, сыни ойлау қабілетін дамыту, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін қалыптастыру және өз ойын дәлелді жеткізе білуге үйрету. Оқу бағдарламасы теориялық дәрістер мен тәжірибелік пікірсайыс ойындарын қамтып, көшбасшылық қасиеттер мен қоғамдық белсенділікті дамытуға бағытталған.
Оқу қорытындысы бойынша Қазақстанның 20 өңірінен үздік қатысушылар іріктеліп, Академия құрамына қабылданады.
Ұлттық пікірсайыс академиясы биыл үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Қатысушылардың жатын орны, тамақтануы және оқуына қатысты барлық шығын ұйымдастырушылар есебінен қамтамасыз етіледі.
Алдыңғы жылдары академиядан өткен жастар бүгінде дебат қозғалысының белсенді мүшелеріне айналып, өңірлік және республикалық турнирлерде жоғары нәтижелер көрсетіп жүр.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы

