
Қазақстан Үкіметі тұрғын үйлер мен салтанатты жиындар өтетін жерге Мемлекеттік ту ілудің ережелерін бекітті. Яғни, 26 маусымда Үкімет арнайы қаулысы қабылдады. Құжатта Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын, Мемлекеттік елтаңбасын және олардың бейнелерін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларына өзгерістер енгізілді деп атап көрсетілген.
Қаулыға сәйкес, патриоттық сезімді, қазақстандық бірегейлікті білдіру, сондай-ақ ел мен оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында жеке және заңды тұлғалар Мемлекеттік туды тұрғын және тұрғын емес ғимараттарға, оның ішінде балкондарға (45 градус бұрышпен), салтанатты іс-шаралар өтетін орындарға орнатып, орналастыра алады. Сонымен қатар заңнама талаптары сақталған жағдайда Мемлекеттік туды жеке және заңды тұлғалардың автокөлік салондарында пайдалануға рұқсат беріледі.
Жаңа ережеге сай, Мемлекеттік ту жерге, еденге, суға немесе басқа да беттерге тиіп тұрмауы тиіс. Ал тік орналастырылған жағдайда ұлттық ою-өрнек матаның жоғарғы бөлігінде орналасуы қажет. Тудың жыртылған, тозған, жамалған, тесілген, ластанған, өңі кеткен, мыжылған немесе оның қадір-қасиеті мен рәміздік мәнін төмендететін өзге де ақаулары болмауы керек. Мемлекеттік туды жеке тұрғын үйлерге биіктігі кемінде 3 метр болатын жерге орнатуға болады. Бұл ретте тәуліктің қараңғы уақытында Туды міндетті түрде жарықтандыру талабы қарастырылмаған.
Сондай-ақ мәдени, спорттық, қоғамдық және өзге де іс-шараларда ғана пайдалануға болады. Коммерциялық мақсатта пайдалануға жол берілмейді.