Лондондық «Челси» клубының ойыншылары жаңа бапкері Хаби Алонсомен жазғы үзілістен кейін Кобхэмдегі оқу-жаттығу базасында маусымға дайындықты бастады. Жаттығу барысында футболшылар медициналық тексеруден өтіп, физикалық және доппен жұмыс жасауға бағытталған жаттығулар орындады.
Фото: Chelsea FC
. Жаттығуға 17 жастағы қазақ шабуылшысы Дастан Сәтпаев та қатысқан. Ол команданың белді ойнышылары Коул Палмер, Жоау Педру, Эстевао Виллиан, Эммануэль Эмега және Жеовани Кендамен бірге дайындалды.
Еске салайық, «Челси» Дастан Сатпаевты 4,3 млн еуроға сатып алған. Дастан «Қайрат» клубының келісімімен Лондонға мерзімінен бұрын аттанған болатын. Қазақ футболшы «Челси» сапына ресми түрде 18 жасқа толғаннан кейін қосылады.
Әзірге Сәтпаевтың «Челсидің» шілде айының соңында Австралияда өтетін маусым алдындағы турнесіне қатысатыны нақтыланбаған. Лондондық клуб алғашқы жолдастық кездесуін 28 шілдеде австралиялық «Уэстерн Сидней» командасына қарсы өткізеді.
Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтбаев Лондонға кетер алдында «Қайрат» клубының ютуб арнасына сұхбат беріп, «Челсиге» ауысуының қалай басталғанын айтып берді. Эксклюзивті кең көлемді сұхбатта Академиядағы алғашқы күннен бастап «Челсиге» дейінгі жолы баяндалады. Негізгі командаға бірінші рет шақырылғаны, Орталық стадиондағы дебюті, маңызды голдары, Чемпиондар лигасы, «Реал», рекордтары, Лондон, арманның ақиқатқа айналған сәті.
Футболшының сөзінше, алғашқыда шақырту туралы тек ата-анасы ғана білген. Лондондағы қаралым кезінде өткен бақылау матчында ол үш гол соғып, клуб мамандарының назарын аударған.
Осыдан кейін «Челси» академиясының басшылығы Сәтбаевқа клубтың негізгі базасын көрсетіп, трансфер мәселесін агенті мен «Қайратпен» талқылайтынын жеткізген.
Дастан Сатпаев «Қайрат» жанкүйерлеріне жүрекжарды алғысын айтып, бүкіл жолында көрсеткен қолдаулары үшін ризашылығын білдірді.
Фото: qazsporttv.kz
ДЕРЕК. Дастан Талғатұлы Сәтбаев 2008 жылы 12 тамызда Алматы қаласында туған. Ол ең үздік әрі ең қымбат қазақстандық жас таланттардың бірі ретінде танымал, шабуылшы позициясында ойнайды. Сәтбаев өзінің футболдағы мансабын 8 жасынан бастап, алматылық «Қайрат» футбол клубының академиясында шыңдап, негізгі команда сапында өнер көрсетті.
2026 жылдың маусым айында ол ағылшындық атақты «Челси» клубымен келісімшарт жасасып, Лондонға ауысты. Бұл қазақ футболы тарихындағы ірі трансферлердің бірі болды. «Қайрат» сапындағы алматылық жанкүйерлер алдындағы қоштасу матчын ол маусым айының ортасында «Қызылжар» командасына қарсы өткізді.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
