Басты бет » Әдеби әлем » Талапбек ТЫНЫСБЕКҰЛЫ. Сен менің оқы жырымды

Талапбек ТЫНЫСБЕКҰЛЫ. Сен менің оқы жырымды

Талапбек Тынысбекұлы. 1982 жылы қазанның 17-ші жұлдызында Алтай аймағы Қаба ауданында туылған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультетінің түлегі.

 Шығармалары «Жас толқын», «Қоштасқым келмейді», «Егіз арна», «Гүл көктем», «Алатау жырлайды», «Қазақ поэзиясының антологиясы» сынды жыр жинақтарына енгізілген. Мерзімді басылымдарда өлең, әңгімелерімен қоса, сын-ғылыми мақалалары да үзбей жарияланып келеді. Халықаралық, Республикалық жыр мүшайраларының жеңімпазы.

Талапбек-Тынысбекұлы

 

Сен менің оқы жырымды

 Оңаша қалсаң бөлмеңде,

Альбомыңды ашып көргенде.

Өткен күн түссе есіңе,

Келмеске кеткен дей көрме.

Өрт сезім лаулап кеудеңде,

Сен менің оқы жырымды.

 

Құрбылар бірге жиналса,

Ұсыныс саған ұйғарса.

Ақтарып ашшы сырыңды,

Отырыс тарқап тынғанша,

Ұнатқаның шын болса,

Сен менің оқы жырымды.

 

Құшқанда жарың ұмсынып,

Қиғылық қылсаң қымсынып.

Серуенге барсаң бір шығып,

Бақтарда жатса гүл сынып,

Қалма әсте үнсіз тұншығып.

Сен менің оқы жырымды.

 

Жымыңдап жұлдыз жанғанда,

Сәулесін шашып бар маңға.

Айменен жаның сырласып,

Сағыныш айтып арманға,

Көзіңнен жасың тамғанда.

Сен менің оқы жырымды.

 

Ұмсынып дала ақ таңға,

Ғаламды жарық жапқанда.

Сызылып келіп күн сұлу,

Терезеңді қаққанда.

Ұйқыда қапы қап қалма.

Сен менің оқы жырымды.

 

Бақытым менің баянды,

Сенімен алғыш оянды.

Тойыма сені шақырам,

Тәнті қып мынау ғаламды,

Шаттыққа бөлеп санамды,

Сен менің оқы жырымды.

 

  Кетпе жаным

Құлазыттың құрбыңның несін ойын?

Кетпе жаным қасымнан өтінейін.

Тағдырымды теліген арманым ең,

Тәңірімнен өзіңе не тілейін?

 

Сұңғақ біткен сезімге бай тұлғаңа,

Қарағанмен құныға қанша ұрлана.

Күлімдеген жүзіңнен сырғып түсіп,

Қадалады жанарым ай сырғаңа.

 

Қиялымды қытықтап қыпша белің,

Қолаң шашың құлпырған құтпа дедім.

Сеніміңнің тағылған аққуына,

Үмітімнің үкісін жықпа менің.

 

Тағдырыма мен сені ие көрдім,

Жарлығына көнбейді жүрек елдің.

Барлығында басымда бар бақыттың,

Ән-жырыңа айналсын, күле бергін,

Сүйе бергім келеді, сүйіп өлгім.

                                                               13.03.05

 

Саған ғана айтылар шын сұлу жыр

Ұялаттың жаныма есіміңді,

Бірақ бәрін құрбышың кеш ұғынды.

Тоғжандары тұрақсыз амал қанша,

Абайында сенім жоқ осы күнгі.

Содан нәзік жүрегім шошынулы.

 

Арай нұрын сепкен ет ар жаныңа,

Жігіттердің ұнадың қандайына…

Бірақ қорқам Естайы арманына,

Жетпесе де ән айтпас Қорланына.

Жан сезімі шынымен сорлады ма?

 

Ұмыттың деп назданба неге мені,

Құзғын сезім қызылға кезенеді…

Қыз Жібегі қиырда қалса-дағы,

Іздеп табар жоқ оны Төлегені.

Адалдықтың мұқалған жебелері.

 

Жарға итеріп жақсыны жетегі ардың,

Сезім қуып сұлуым кете бардың…

Қозыларды жылатып Баян сұлу,

Құшағына тығылып Бекежанның,

Қытығынан Қодардың неше ояндың.

 

Саған ғана айтылар шын сұлу жыр,

Келмей әттең қойғаны қисыны бір…

Сен жаныңа теліген тағы жігіт,

Жат құшақта қапы да тұншығып жүр.

Жылаудан да азапты күлкі құрғыр.

 

Өр сенімді баса алсын нағып мұнар,

Өлексе ойдан ойранды жалықтым әр…

Ақ отаудың астында тағып тұмар,

Алла жазса, бір күні жолықтырар.

Сонда менің жырларым тамшы болып,

Жанарыңнан төсіңе тамып тұрар!

                                                                 21.02.2005

 

 Елес…

Есімің есіме оралып,

Төзімнен кетемін тоналып.

Қиялда қосылып қол алып,

Әлдебір бағытқа жол алып.

 

Әуенсіз айтамыз басқаша ән,

Ешкімде білмеген ешқашан.

Жұпарың жанымды елтеді,

Басқаша бергендей баққа сән.

 

Жамалың жанымды емдейді,

Көздерім өзгені көрмейді.

Сырғаңның сыбдыры дуалап,

Күлкіңнің сыңғыры емдейді.

 

Ұмсына үлбіреп бал ерін,

Жанымның жауладың әлемін.

Қымсына құшаққа құлаған,

Сәтіңнің сезді кім әлегін?

 

Кірпігің айқаса күлімдеп,

Деміңнен демігем дірілдеп.

Жатайын жүзіңнен жыр іздеп,

Бәрінде қайтала бүгін кеп.

 

 Сені ойлап

Сен жоқсың байқалады таң қылаңы,

Сезімім қарғылады, қан жылады.

Тұсалып арманымның арғымағы,

Құсалық көз алдымды шаң қылады.

 

Қайдасың, кім айтады дерегіңді?

Сен үшін жақсы көрем мен өмірді.

Жолдасам жыл құсынан өлеңімді,

Білмеймін не деріңді.

 

Сені ойлап сырбаз таңды тағы атырдым,

Тағатын мың тауысып сағат ұлды.

Жалғанда жалғыз қыздай жаратылдың,

Арманда жүрегімді жазатын кім?

 

Келердей сен қасыма бүгін жетіп,

Төнердей қос анарын дірілдетіп.

Өлердей мазаландым буын кетіп,

Жүрегім өр төсімді дүбірлетіп.

 

                      *  *  *

 

Сені тағы сағындым сұлу мүсін,

Жылап жеткен көктемге жылиды ішім.

Сөздерімнің сыйладым ұғымдысын,

Хаттарыңның жинадым қиындысын.

 

Күн ұзарып барады өртеп мені,

Кездесем деп көп болды серт еткелі.

Аспанымнан әлде не мөлтектеді,

Ай мүсінді ару ма ең ертектегі?

 

Елесіңе алдандым ұстай алмай,

Келесің бе,

Айналдың құсқа қандай?

Белесіне арманның шық қамалмай,

Сені есімде сақтайын шыққа малмай.

 

          Жыртылған хат

 Жетелеп қиял тамаша,

Қиырға тартып өр кеуде.

Ойыммен болып оңаша,

Отырған шақта бөлмемде.

 

Қағылды есік сен кірдің,

Ақ жарқын жүзің сынық тым.

Мәнісін ойдың сездірдің,

Барлығын сонда біліппін.

 

Қызғанып жүрген өзгеден,

Естідің өсек мен жайлы.

Жақсыны жат қып көрмеген,

Жаныма менің сол қайғы.

 

Сан өлең арнап өзіңе,

Тапсырған едім тартынбай.

Әкелдің қайта өзіме,

Сөз қалды талай айтылмай.

 

Әкелдің қайта неге сен,

Парақтар үнсіз жыртылды.

Аққуға сені теңесем,

Көлінен бүгін үркінді.

 

Жаршысы жанның сыр тұнған,

Жыртылды өлең, жыртылды ән.

Қап қара көзің мөлдіреп,

Мұңайып тұрдың сыртымман.

 

Жатырқай қарап сұлу қыз,

Жек көріп шыға жөнелдің.

Жуыса алмай бүгін біз,

Бақыты болдық тек елдің.

 

Қарындас кетіп қалды аға,

Баяғы үстел басында.

Дір етті жүрек сәл ғана,

Қиналды қимас асылға.

 

Сен сонда несін бөгелдің,

Бұйыртпас мені келер күн.

Нүктесін қойып үлгірдік,

Қоштасу атты өлеңнің,

Қош деуге бірақ тіл келмей,

Жанарға жас боп бөгелдің.

 

Түнгі бақ

 Көкте жұлдыз,

Бақта ұл-қыз сырласқан,

Сәулелері, сезімдері жымдасқан.

Толқи басып қолтықтаса қырды асқан,

Ғашықтарға күлімдейді түнгі аспан.

 

Жүректерде шаттық әні шырқалып,

Жан тербеген жанарлардан сыр танып.

Бір тербеліп ырғатылған гүлдермен,

Біз отырмыз түн көрпесін қымтанып.

 

Қандай әсем түнгі бақтың құшағы,

Салқын ауа самал желмен құшады.

Жанарынан жарық айдың құсалы,

Жылтылдаған шық тамшысы ұшады.

 

Бізді көріп тұра алмады аялдап,

Төбемізден бара жатты ай аунап.

Сырымызды жүректегі баяндап,

Қолтықтаса бақтан қайттық аяңдап.

Тәтті ұйқыда тербеледі бар аймақ.

                                                     2005 жыл. Алматы

 

              Екеуміз бірге

Көңілді шаттық кернеген,

Бір бақыт күтіп сен менен,

Жұлдызды түнде жұптасып,

Келеміз баяу жолменен.

 

Мүлгиді дала тыңдап сыр,

Бақытты шақ бұл қымбат бір.

Жайнаған сенің жүзіңдей,

Біздерді күтіп гүл бақ тұр.

 

Жетеміз гүлге, баққа да,

Екеуміз бірге шаттана.

Кетеміз тағып кеудеге,

Сенімнің гүлін тек қана.

 

Даралап сенен сыр күттім,

Ғаламат бүгін сыйды ұқтым.

Қолдасып мәңгі жүрейік,

Аралап бағын тірліктің.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу