Басты бет » Әдеби әлем » Гүлмира СҮЙЕКЕНОВА. Біреуді қуантуға асығыңдар!

Гүлмира СҮЙЕКЕНОВА. Біреуді қуантуға асығыңдар!

голубь

 

Жарықсыз да жол таптым   

(Монолог)

Таяқ дейді…

Таяқ па енді шамым,

Жо-жоқ жетер, жүректе бар ғой жалын.

Керек емес тәуіп те, дәрігер де

Бір Алладан табамын бір амалын.

 

Адамдар бар менен де хәлі нашар,

Бәлкім бұл да біз үшін сынақ шығар.

Көкірегі соқырға кезіккенде

Көздің соқыр болуы түк емес-ау.

 

Нашарлар да өмірге керек сірә,

Мықтылардың қадірін білу үшін.

Жылай беру жігітке өлім шығар,

Үміт керек алайда күлу үшін.

 

Шүкір, шүкір бүгінде менің күнім,

Көз орнына бергендей Бұлбұл үнін.

Талайларды тамсантып, таңырқатып,

Көрерменді көмеймен бағындырдым.

 

Мойныма асынғалы алты шекті

Бір қазақтың угәйін салып жүрмін.

Бала-шаға қамымен шауып жүрмін,

Отырғам жоқ ешкімге масыл болып,

Нанымды да бұйырған алып жүрмін.

 

Ата-анам – барым да, бағым деймін,

Сендер үшін әлі де сәбидеймін.

Шамшырағым-әзірге сендерсіңдер

Балаларым- бақытым, жарым менің.

Мен ешкім де емеспін өздеріңсіз –

Қаумалаған қазағым, қалың елім.

 

Сүрінсем де, жығылсам өзім жерім,

Тағдыр салса шағылмас тауы кімнің…

Мүсіркеме, сен мені мұқтаж емен,

Жарықсыз да жолымды тауып жүрмін!..

(Жолдасым М. Смадьярға)

 

Біреуді қуантуға асығыңдар!

Жамандықты қайтесің жасырыңдар,

Әйтеуір бір айласын асырыңдар.

Айналып кеп алдымнан шықсын десең,

Біреуді қуантуға асығыңдар!

 

Алыс емес ауылы қуаныштың

Жақсылықтың жолында жасырынған.

Бұлбұл ұшпас бұрын-ақ бес күн өмір

Біреуді қуантуға асығыңдар!

 

Біреуді қуантқаның қандай бақыт

Тіпті де жоғалтпайсың текке уақыт.

Әр басқан қадамыңа сауап жинау

Біреуді жұбатуға бара жатып.

 

Шықпасаң шықпай-ақ қой ұшпағыңа

Бір қуаныш сыйлашы дұшпаныңа.

Кеңейту түк емес-ау тар дүниені

Пейілдің сайрап жатқан құстарына.

 

Кекшілдіктің кемесін бұзып-жарып,

Көпшілдікке қонақтап алса бақ-құт.

Кеңдіктен кемімейді ешбір пенде

Күшейеді кемелі шалқып-тасып.

 

Жетімнің маңдайынан сипасаң да,

Науқастың көңілін сұрап бір барсаң да,

«Бір жақсы сөз – біреуге жарым ырыс»,

Дұға тіле сыртынан анда-санда.

 

Тірлік деген – мүмкіндік бұла таңы,

Ізгіліктен құрап қал, құра тағы.

Біреуді қуантуға асыққанның

Ізгілігі мәңгілік бүр атады!..

 

Жылатпаңдар жетімді

Менің інім кедей емес, бай адам,

Жоқ деп сені мұқатады қай адам?

Көкірегінде көзі барлар болмаса,

Түсінбейді-ау, түсінбейді-ау жай адам.

 

Құнсыз теңге көзді ғана алдады-ай,

Бір айлықты бір айлыққа жалғамай.

«Бір той жасап берер едім өзім-ақ»,

Қалтамның бір қалыңдамай қойғаны-ай.

 

Байлығы оның, байлығы оның –иманы,

Банкте емес, жүрегінде жиғаны.

Қалып ерте құшағынан ананың

Өмір біраз қинады.

 

Ау ағайын, туыс, бауыр, жарандар,

Бәріңнің де бауырың бар, балаң бар.

Жетімегін жылатпаған қазағым

Тым болмаса мейіріммен қараңдар.

 

Сен кімсің?..

Сен емес,

Ар үшін ғана күресем.

Сен – елес,

Төзімді босқа түгесем.

Сен – сезім,

Өртеніп барып сөнесің.

Сен – өзім,

Тағдырға ғана көнесің.

Сен жақсысың,

Көре білетін көз керек.

Сен – «бақсысың»,

Сезе білетін өзгерек.

Сен – сағыныш,

Күтумен ғана күн өтер.

Сен –жарылыс,

Жүректі сойып, жыр етер.

Сен – «періште»,

Күнәңді көзім көрмейді.

Сен келіспе,

Жел өсек тыным бермейді.

Сен – тамшысың,

Көрінбей тырсыл қағатын.

Сен – қамшысың,

Оп-оңай жөнге салатын.

Сен – армансың,

Қаққанмен қанат жетпейтін.

Өмір – алдамшы,

Уақыты болады шектейтін.

Жүрек жылайды,

Нәпсіні жеңу қи-ы-ы-ын деп,

Жан сұрайды,

Тәттіге тоймас тілемсек.

Оянып кеттім,

Түртіп қап кенет иманым,

Түсім бе, өң бе

Есімді әзер жинадым.

Жоғалтып өзін

Таба алмай жүрген қаншама.

Баянсыз жалған

Жоқ іздеп бекер шаршама

Кім болсаң да…

 

Гүлмира Сүйекенова

Атырау қаласы

Пікір жазу