Басты бет » Жастар үні » Анель ПИМИЧЕВА: «Сөйле» клубында қазақ тілін ата-әжелерге де үйреттім

Анель ПИМИЧЕВА: «Сөйле» клубында қазақ тілін ата-әжелерге де үйреттім

Бүгін елімізде үлкен мереке – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бір үйдің баласындай ынтымағы жарасқан көпэтносты халқымыздың туған еліне, өскен Отанына деген ықылас-пейілі ерекше. Татулық пен бірліктің нығаюына Қазақстан халқы Ассамблеясының да қосып отырған үлесі орасан зор.

Біз бүгін «Жас жалын» айдарының кейіпкері – Қазақстан халқы Ассамблеясының белді мүшесі Анель Пимичева. Ол – түрлі этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді үйренуіне орасан зор үлес қосып жүрген жас әрі «Жас ғалымдар» клубының төрағасы, Еуразия ұлттық университетінің магистранты.

– Қай өңірдің тумасысыз? Өзіңіз жайлы кеңінен әңгімелеп берсеңіз. Қайда оқисыз? Мамандығыңыз қандай?

– Мен Қостанай қаласының тумасымын. 2024 жылы Қостанай өңірлік А.Байтұрсынов атындағы университетте тарих мамандығы бойынша тәмамдап, дәл қазір Еуразия ұлттық университетінде «Тарих және білім беру» бағдарламасы бойынша 1-курс магистрантымын. Тарихшы болу – менің 5-сыныптан келе жатырған балалық арманым. Сол уақытта мен тарихшы боламын деп шешім қабылдап қойғанмын және бүгінде сол арманым бойынша білім алып жатырмын.

– Қазақ тілінде сөйлеуге деген қызығушылық қалай пайда болды? Қазақ тілін қашан, қалай үйрендіңіз? Қанша тіл білесіз?

– Мен қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білемін. Бірақ ағылшын тілім орташадан төмен деңгейде, дегенмен де шетелде барып жатырсам өзімнің барар жолым мен қажеттіліктерімді, азық-түлікті іздеп таба алатындай деңгейдемін. Ал ең жақсы білетінім – қазақ және орыс тілдері. Мен қазақ тілін мектеп кездерінен бастап жақсы білемін. Тіпті, мектептен бұрын балабақша кезінде атам, яғни (анамның әкесі) мені қазақ балабақшасы мен қазақ мектебіне беруді ұсынған. Осылайша, №11 балабақшаға бардым, №20 М.Хәкімжанова атындағы мектепте 11 жыл білім алдым.

Қазақша балабақшаны тәлім алғаныммен, мектепке барғанда бастапқы кездерде қиындықтар болды. Себебі грамматика мен математика қиналатын едім. Сол себепті де 2, 3 деген бағаға оқыдым. Ал басқа пәндерден өз ойымды еркін жеткізе алатындықтан 5-пен оқыдым. Былай қарайтын болсам, өзім орыс болғаныммен жалғыз ғана 4 орыс тілінен болып еді. Және де мектепті орыс тілі пәні бойынша 4 деген баға бітірдім.

– Әлеуметтік желідегі парақшалардағы оқырмандарыңыз сізді қазаққа ұқсатып жатады екен. Негізі ұлтыңыз кім?

– Мен – ресми құжат бойынша орыспын. Дегенмен де бойымда қазақтың қаны бар. Себебі анам – қазақ, әкем – орыс. Мені көбінесе қазаққа ұқсатуының себебі маған өз ойымды орыс тіліне қарағанда қазақша жеткізген оңайырақ. Сондай-ақ мен қазақтың ұлттық киімдерін жиі киіп жүруге тырысамын. Бізде Наурыз мерекесіне орай «Ұлттық сезім» деген челлендж бар. Араласатын достарым ұлттық челлендж сенде қалай өтіп жатыр деп сұрақ қояды. Мен кәдімгідей өтіп жатыр деп оларға жауап берсем, олар маған сен күнделікті өмірде де қазақы киіммен жүреді екенсің ғой деп күліп жатады.

– Ел білмейтін қандай қабілеттеріңіз бар? Білуімізше, шығармашылыққа жақынсыз…

– Ел білмейтін қандай қабілеттерім барын білмейді екенмін. Негізі, мен өте ашық адаммын, бойымдағы қабілеттерімді жасыра алмаймын. Себебі мендегі бар қабілет біреуге көмегі тиюі мүмкін деп ойлаймын. Әрқашан біреуге көмек қолын созуға дайын тұратын адаммын. Ешкімге «жоқ» деп айта алмаймын. Қиыны осы. Бірақ бұл бір жағынан – жақсы, бір жағынан жаман деп ойлаймын.

Жалпы, мен ән айтамын. Дегенмен музыкалық білімім жоқ, тек хореографиялық білімім бар. Бірақ құйма құлақпын десем болады, домбырадан кейбір әндерді таңдап, нотасын білмей-ақ пернелерін басып тауып аламын. Өзімнің жақсы көретін әнім – «Балқадиша». Қазір бимен де аса қатты айналысып жүрген жоқпын. Мектеп кезімде өлең жазатыным бар еді. Бірақ менің жазған өлеңдеріме кейбір ақындардың көзқарасы ұнамады, өлеңімді жақтырмады. Десе де, мен сын көтере алатын адаммын. Сонда да кейде ойланып қарасам, кейбір ақындар өлең шумақтарында бір сөзді бірнеше рет қайталайды. Өзім де дәл сол секілді стильде жазып шығарған едім. Содан «еее, жақсы» деп өлең жазбай кеттім.

– Қазақтың ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрлерін, ұлттық тағамдарын қаншалықты білесіз?

– Қостанай өңірлік телеарнасында «Время говорить» деген бағдарлама болатын. Ол жерде қазақ тілінің грамматикасы, сөздік қоры жайлы айтатын. Қазақша білмейтін қазақстандықтарға, қостанайлықтарға тілді үйретуге бағытталған бағдарлама еді. Ал мен болсам екінші блокта қазақ тілін меңгерген жастарды, жасы үлкен кісілерді шақыратын едім. Басқа кісілерге үлгі болсын деп мінекей, осындай адамдар бар. Олар емін-еркін үйренді. Бұл кісілер жасағанды сіздерде жасай аласыздар, қолдарыңыздан келеді деп жігерлендіріп отыратынмын.

Осы бағдарламаға ұлттық нақышқа байланысты бір заттарды қосуға тырысатын едім. Сондай-ақ сіздермен қызық бір жайтпен бөліскім келіп отыр, бұрын соңды болатын «Қыз сыны» байқауында барлық салт-дәстүрлерді айтып бірінші орында келе жатқанда қазылар алқасы аяқтан шалғаны есіме түсіп отыр. Байқауда мен құйрық-бауыр деген тағамды апарған едім. Сол кезде қазылар алқасы құйрық-бауырдың емдік қандай қасиеті бар деп менен сұрады. Осы жерде мен жауап бере алмадым. Ал басқа қатысушыларға мұндай сұрақты қойған жоқ. Нәтижесінде, екінші орынды иелендім. Жарайды енді, ештеңе етпес, мен жеңілісті де оңай қабылдай білетін адаммын. Демек, бір жерде өсу керек, оқып іздену керек деп білемін. Мұны айтып отырған себебім, салт-дәстүрлерді жақсы білемін деп айтсам кейде білмей қалып жататын кездерім де болады.

– Қазақ тілін меңгеруге ниеттеніп жүрген өзге ұлт өкілдеріне қандай ақыл-кеңес берген болар едіңіз?

– Мен ең біріншіден, үнемі мәдениетпен ұштастыруға тырысамын. Себебі әрбір тіл мәдениеттен құралады. Кезінде «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының «Сөйле» дейтін бағдарламасы бар. Қазір ол 12 аймақ бойынша жұмыс істейді. Және мен Еуразия ұлттық университетіне түспестен бұрын сол жерде екі жылдай жұмыс істедім. Сол кезде өзімнің оқушыларымды ән арқылы тіл байлығын көркемдеуге, көбірек сөйлесуге үйреткен едім. Ең бастысы, сан есім, зат есім, сын есім, етістік секілді тақырыптарды кішкене меңгеріп, сосын сол бойынша сөздерді жаттаса, барлығы жеңіл болады тез үйренеді. Осылайша, бастапқыда өте жеңіл сөйлемдерден бастап құрастырып, әрі қарай күрделендіріп үйреттім.

– Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесіз. Қазір Ассамблеяда қандай өзекті тақырыптар қозғалып, талқыланып жатыр. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр, сол жөнінде айтып берсеңіз?

– 2019 жылдан бері «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» деген жоба жүзеге асырылып келе жатыр. Бұл жерде қазақ тілін меңгерген түрлі этнос өкілдерінің жастары өз-өздеріне жол ашты деп айта аламын. Себебі бұл жоба сол кісілерге өте жақсы көмектесті. Олар тілді қалай үйреніп шыққанын, тәжірибесін көрсетті. Ол кісілерді көпшілік байқап, түрлі салаларға қоса бастады. Бұл жерде жастар тек филология саласында болуы шарт емес, мысалы, кейбірі инженер, медицина т.б салаларда жұмыс істейтін көптеген жастар қатыса алады. Сонысымен де бұл керемет жоба деп білемін.

Сондай-ақ «Мәміле» ситуациялық қазақ тілі» дейтін тағы бір жоба бар. Бұл Қанат Тастебековтің «Мәміле» клубы қазақтілді, қазақ халқының тарихи және мәдени мұрасын зерделеп, сондай-ақ қоғамдық деңгейде қоғам мүшелері арасындағы өзара түсіністікке жету үшін әңгіме құру арқылы Қазақстандағы азаматтық қоғамның нығаюына жәрдемдесу мақсатында құрылған.

Бұл жобаның барысында түрлі жағдайға байланысты қазақ тілін үйрету мақсатында жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда белгілі бір тақырыпты алып, сол тақырып бойынша бірнеше сабақ өткізеді. Біздің Қостанай облысында да осындай жоба бар. Мысалы, жасанды интеллект көмегімен, ғаламтор ресурстары көмегімен, Алисаның көмегімен Дмитрий Ромащенко біздің қостанайлық тұрғындарға тіл үйретеді. Негізі, былай қарасаң мұндай жобалар өте қызық. Жақында біз киберспортқа байланысты жобаны қолға алдық. Негізі, қазақтілді жобаларымыз өте көп. Оның ішінде мәдениетке т.б көптеген салаларға бағытталған. Тіпті, бізде даналар мен ақсақалдар кеңесі бар. Міне, бұл кісілер ұлттық құндылықтарды дәріптейді.

– Қазақ тілін үйренгісі келетін өзге ұлт өкілдерінің санын арттыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Қазіргі кезде қазақ тіліне деген сұраныс артып келеді деп ойлаймын. Оны өзім де көріп жүрмін. Адамдар өздігінен оқып-үйренуге ынталанып жатыр. Мен «Сөйле» клубында сабақ беріп жүрген кезімде үлкен аға-әпкелер, әжелер, түрлі жастағы адамдар тіл үйренуге ниеттеніп келетін еді. Оның ішінде түрлі этностағы кісілер мен қазақтар болды. Мысалы, «Сөйле» клубында Жігер деген ағамыз тілді үйреніп, әндерді жаттап, өлеңдерді аударып бастаған.

Осылайша, тілді үйрену қиын емес екендігін көрсету керек. Мысалы, өзіміз «ағылшын тілі қиын, қалай үйренеміз?» дейміз де бір кісілердің сөйлегенін көріп, оларға қарап шабыттанып, әрекет жасап, оқып-білуге ұмтыламыз ғой. Мен өзім сондай адаммын. Бірнеше тіл үйренген жастарға қарап «үйренуге болады екен ғой» деп үйренуді бастап кетемін.

Өз басым қазақ тілін үйренгелі алдымнан көп мүмкіндіктер мен есіктер ашылды. Қазір мен Астана қаласындамын. Президенттің алдында өнер көрсеттім, марапат алдым. Білмеймін, мендей адамның арманы жоқ шығар деп ойлаймын. Мінекей, осыны мен тіл үйренгісі келетін адамдарға үлгі ретінде айтқым келеді.

– «Жас ғалымдар» клубы жайында айтып берсеңіз. Немен айналысады?

– Қазақстан халқы Ассамблеясының төңірегінде ғылыми сарапшылық топ жұмыс атқарады. Олар – өңірлерде немесе қалаларда өзіндік беделі бар кісілер. Енді біз осы кісілерден өзіміздің зерттеулерімізді жүргізуді үйренеміз.

Жалпы, Ассамблеямен үндестікте жұмыс істейтін мекеме болып саналады. Себебі онда ұрпақтар үндестігі мен сабақтастығы бар. Және де бұл клуб жас ғалымдарға көп мүмкіндіктер береді. «Мен айналысқым келеді, бірақ қайда барарымды, жетістіктерімді кімге көрсетерімді білмей жүрмін» дейтін жастар көп. Сол жастар Ассамблея арқылы өздерінің ғылыми зерттеулерін жүзеге асыра алады. Мысалы, бізде дөңгелек үстелдер өтеді, сол жерде әртүрлі адамдар қатысып, өздерің зерттеулерін ұсынып жатады. Өз басым біздің ұйымды жаңадан енді ғана туған жас нәрестеге теңеймін. Себебі клуб 2024 жылдың соңында ашылды. «Жас ғалымдар» клубы этносаясат пен этномәдениетті зерттеуге бағытталған. Біздегі түрлі этнос өкілдерінің ерекшеліктерін зерттеп, ғылыми тұрғыда септігін тигізетін клуб деп ойлаймын.

– Болашақтағы арман-мақсаттарыңыз қандай?

– Болашақ арманым дегенде мен тарих пен журналистиканы бірге ұстап жүргім келеді. Себебі көбіне мені тарихшы емес, журналист деп қабылдайды. Бірақ мен журналистика мамандығын оқыған емеспін. Дегенмен бірнеше журналистиканы үйрететін жобаларға қатысқанмын. Және де тілшілік саласын оқыған едім. Ең басты арманым – тарих саласында оқуымды тәмамдап, нағыз ғалым болу, сонымен қатар журналистиканы да қатар ұстап, журналистика мамандығының қыр-сырын толыққанды білсем деп армандап жүрмін. Сондай-ақ медиа саласы мен тарихты медиа саласы арқылы біздің елімізге тарих пен тіл байлығымызды әдемі тұрғыдан ұсынғым келеді. Бұл – менің арманым. Және де қазақша білетіндер көп болса екен деп армандаймын. Бұл бағытта өзімде біршама жыл жұмыс істедім. Қазір ЕҰУ-да оқып жатырғаныма байланысты барлық күнім, жатсам да, тұрсам да сабақпен байланысты болып жатыр. Дегенмен осы оқуымды бітіргеннен кейін Қостанайға барып әрмен қарай осы бағытта жұмыс істейтін боламын.

Шынайы, ашық әңгімеңіз үшін рақмет! Мереке құтты болсын! Армандарыңыз орындалсын! Табысты болыңыз!

 

Сұхбаттасқан

Перизат САПАРОВА,

Jastar janary