Басты бет » Жаңалықтар » Шохан ҚҰЛНАЗАРОВ, актер: ҚУЫРШАҚТЫҢ ТЫЛСЫМ СЫРЫ БАР

Шохан ҚҰЛНАЗАРОВ, актер: ҚУЫРШАҚТЫҢ ТЫЛСЫМ СЫРЫ БАР

Құлназаров Шохан Жалғасбайұлы 1994 жылы 9 тамызда Алматы облысының Іле ауданында дүниеге келген. Өнер жолындағы алғашқы қадамдарын 2010 жылы Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің актер шеберлігі бөліміне түсіп, «Қуыршақ театрының актері» мамандығын меңгерумен бастаған. Сол жылдан бері Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрында актерлік қызмет атқарып келеді.

Шохан Жалғасбайұлы – жас та болса, өнер жолында жоғары талпынысымен танылған, ізденімпаз әрі өз ісіне берілген артист. Театр репертуарында әртүрлі рөлдерді сомдап, көрермендердің жүрегінен орын тапқан жас актердің еңбегі зор. Жақында ғана ол Мемлекеттік қуыршақ театрының репертуарына жаңа қойылым – «Наурыз құпиясы» атты спектакльді ұсынды. Оның бұл жұмысы театрдағы жаңа тыныс болып, өнерге деген адалдықтың айқын дәлелі ретінде бағалануда. Осы тұста өнерпазбен жақынырақ сұхбаттасудың сәті түсті.

Сұхбаттың басын Қуыршақ театры бағытын таңдауыңыздан бастасақ… Таңдауыңыз не себепті өнер жолына түсті?

– Қуыршақ театрындағы алғашқы қойылымды көрген сәтім – менің шығармашылық жолымның бастауы болды десем, артық айтқаным емес. Сол бір сиқырлы қойылым жүрегімде ерекше сезім оятып, осы өнерге деген шексіз қызығушылығымды оятты. Бағым жанып, Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне қабылдандым. Мені қуыршақ театрының артисі мамандығына дарынды педагог Майса Омарбекова өзі қабылдаған еді. Оқу барысында біз тек бір бағытпен шектелмей, бірнеше жанрды қатар меңгердік. Қатарластарымыздың көбі бір ғана мамандықпен шектелсе, біз драма, театр және кино өнері мен қуыршақ театры жанрларын кешке дейін үздіксіз оқып, шыңдалдық. Бұл бізге өнерге жан-жақты көзқараспен қарауға, сахна тілін тереңінен түсінуге үлкен мүмкіндік берді.

Қуыршаққа жан бітіру екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.  Жалпы, сізді осы күнге дейін талантты актер ретінде жақсы білеміз.  Ендігі тұста өзіңізді «Наурыз құпиясы» қойылымы арқылы режиссерлік қырыңыздан танытып жатырсыз.

– Иә, бұл қойылым – менің алғашқы дебюттік сахналық жұмысым. Дегенмен де бұған дейін түрлі үзінділер мен шағын видеожобаларда бой көрсетіп, сахнаға деген алғашқы қадамдарымды жасап жүрген едім. Ал дәл осы жолы маған Наурыз мерекесіне орай «Наурыз құпиясы» атты қойылымның режиссері болу ұсынылды. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілігі мол сын еді.

Әрине, алғашқы кезде қиындықтар мен түсініспеушіліктер де болды. Жұмыс барысында түрлі кедергілер кездескенімен, олардың әрқайсысы маған үлкен тәжірибе сыйлады. Сол сәттерді сараптай келе, өз басым мынадай қорытындыға келдім: сахнада актер болып ойнау – өзінше бір шеберлік, бірақ режиссер ретінде қойылымды басынан соңына дейін ой елегінен өткізіп, әрбір детальді үйлестіру – одан да күрделі, ауқымды жұмыс. Дегенмен актерлік ойынның да оңай жері жоқ. Әсіресе, Қуыршақ театрына келсек, бұл өнердің өзіне тән ерекше қиындығы мен сұлулығы бар. Қуыршаққа жан бітіріп, оны шынайы тірі кейіпкерге айналдыру – кез келген актердің қолынан келе бермейді. Оған пластикалық қимыл, би, дауыс, мінез – бәрі біртұтас үйлесімде қажет. Ал қуыршақ театрының артисі бұл дүниелерді жүрегімен сезініп, жан-тәнімен қабылдайды. Мен «тумысынан» деп бекер айтып отырған жоқпын, өйткені бұл шеберлік колледжге немесе академияға алғаш қадам басқан сәттен бастап бойға сіңіп, біртіндеп қалыптасады.

Алғашқы режиссерлік қойылымыңыздың тұсаукесерімен құттықтаймын. Қойылым барысындағы режиссерлік шешімдердің ізденісі мен қиындығы туралы айтсаңыз?

– Қойылымды дайындау барысында ең үлкен сын уақыттың тығыздығы болды. Бар-жоғы екі апта ішінде толыққанды спектакль жасау оңай шаруа емес. Соның ішінде ең күрделі тұстардың бірі – мәтінді жаттау процесі еді. Уақыт аз, ал мәтін күрделі. Әсіресе, қазақ және орыс тілдерінде сахнаға шығу барысында кейбір әдеби тіркестер мен көркемсөздерге тіл үйрету оңайға соқпады. Бұл қиындықтың басты себебі – қойылымның әдеби ақ өлең түрінде, ұлттық нақышта өрілуінде жатыр. Біз, Жазира Ахметова екеуміз, мәтінді жеңіл, қарапайым тілде емес, барынша көркем, бейнелі тілмен жеткізуді жөн көрдік. Сол арқылы көрерменге терең әсер қалдырып, ұлттық рухты сезіндіруді мақсат еттік.

Тағы бір мәселе музыкамен байланысты болды. Қойылымның алғашқы кезеңінде нақты композитор болмаған соң, сахналық музыка мен күйді өзім іздедім. Қай шығарманың сахна атмосферасына үйлесетінін, қандай әуен актерлік ойын мен пластикалық биге үндес болатынын табу оңай болмады. Тіпті, соңғы дайындықтардың өзінде кейбір күйлерді өзгертуге мәжбүр болдық. Себебі музыка тек фон емес, ол  – қойылымның тынысы, актердің серігі, көрерменнің сезіміне жетелейтін көпір.

– Қойылымды көріп отырғанда аңғарғаным: көрермен елеусіз, байланыссыз қалмайды. Басты назар көрерменмен байланыста секілді. Осы жайлы айтсаңыз.

– Қойылым интерактивті форматта өтті. Бұл Наурыз мерекесінің атмосферасына сай әрі балаларға барынша қызықты болуын көздедік. Себебі біріншіден, бұл – Наурыз мерекесіне арналған қойылым болса, екіншіден, басты көрерменіміз – балалар еді. Сондықтан олармен сұрақ-жауап арқылы еркін тілдесіп, ой бөлісу арқылы Наурыздың мәнін саналарында жаңғыртуды мақсат еттім. Мен үшін ең маңыздысы – балалардың Наурыз туралы түсінігін тереңдету, оны тек ойын-сауық емес, рухани мереке ретінде қабылдауына жол ашу болды. Бұл күн – тек көктемнің келуі ғана емес, барша түркі халықтарының жаңа жылы. Сол себепті де балалардың санасын отыз бірінші желтоқсанға емес, нағыз ұлттық Жаңа жыл – Наурыз мерекесіне бағыттау, олардың жүрегіне бұл күннің маңызын сіңіру – менің басты шығармашылық әрі тәрбиелік мақсатым болды.

– Қойылымда пластикалық билер ерекше әдісте қолданылған. Қазақи күйлердің нақышында билеу, кейіпкерлердің мінездерін ашу, ұлттық үлгідегі костюмдер таңдаудағы режиссерлік  шешімдер туралы айтсаңыз.

– Суретшімен жұмыс істеген сәттерімде басты мақсатым – «Жыл он екі ай» ұғымының қайдан шыққанын сахна тілімен жеткізу, соған көркем жауап іздеу болды. Наурыз – күн мен түннің теңелетін, табиғат пен жан дүниенің жаңаратын ерекше кезеңі. Сол себепті бұл мерекені ертегі желісімен ұштастыра отырып, ұлттық болмысты сақтауға ден қойдық.

Кейіпкерлердің костюмдері де қазақи нақышта болуы тиіс деп шештік. Себебі Наурыз – қазаққа ғана тән, басқа халықтарда дәл осындай сипатта кездеспейтін, рухани тереңдігі бар төл мереке. Біз осы қойылым арқылы таза қазақ ертегісін қазақ күйімен, ұлттық бимен, көркем әдеби тілмен безендіріп, көрерменге жан-жақты әсер қалдыруға тырыстық.

Қойылымда «фото-фокус» деп аталатын тәсілді қолдандық. Яғни, сахна ашылған сәтте көрерменнің, әсіресе баланың назарын үш секунд ішінде баурап алу маңызды болды. Қазіргі заманда бала YouTube не TikTok секілді платформаларда үш секунд ішінде қызық таппаса, видеоны ауыстырып жібереді. Сондықтан біз де сол сәттік әсердің күшін ескердік. Қойылым басталғаннан-ақ сахнада Қыдыр ата, жұлдызды жарық аспан, Күн мен Түн кейіпкерлерінің бейнелері жарқ етіп көрініп, баланың жадына бірден сіңіп қалуы тиіс еді. Осы визуалды бейнелер арқылы біз олардың санасына тек Қыдыр ата бейнесін ғана емес, қазақтың салт-дәстүрлерін, ұлттық дүниетанымын сіңіруді мақсат еттік.

Бұл қойылым – көркем өнер арқылы ұлттың рухани кодын жас ұрпақтың жүрегіне жеткізудің бір жолы болды.

– Қойылымда дәстүрлі қазақи ертегіні барынша заманауи бағытқа  лайықтағаныз байқалады. Қойылымда түйе кейіпкерін байқамадық. Ол кейіпкерді неге алып тастадыңыз?

– Қойылымды дайындау барысында біз ертегіні бүгінгі заманға бейімдеуге тырыстық. Бұл жерде басты ой – әр кейіпкердің сыртқы бейнесінен гөрі ішкі мазмұнына мән беру еді. Иә, тышқан – болмысы кішкентай болғанымен, айласы мен тапқырлығы арқылы өзгелерден оза шапқан кейіпкер. Ал түйе болса – қазақ халқының киелі түлігі, шөлдің кемесі, халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан бейне. Бірақ дәл осы ертегідегі оқиға желісі бойынша, оның бойына сеніп, жылға сыймай қалғаны үлкен символдық мағына береді.

Біз бұл жерде көрерменге түйені кемсіту емес, керісінше, оның биіктігі мен салтанатын сақтай отырып, ертегідегі оқиғаны жаңа қырынан көрсеткіміз келді. Сондықтан қойылымда түйе бейнесін мейлінше салиқалы, парасатты, тіпті көреген кейіпкер ретінде ашуға тырыстық. Ол жылға сыймай қалғанымен, оның болмысы – асыл ар-намыстың бейнесі болып қала берді.

Тышқанның қулығы мен тапқырлығы арқылы ертегінің жаңа мазмұнын аштық. Бұл – бүгінгі заманның баласына жақын болатындай, қазіргі дүниетаныммен үндесетін интерпретация. Түйенің бойының ұзындығы оның ақымақтығының белгісі емес, керісінше, оның салмақтылығы мен сабырын білдіреді. Біз осы қасиеттерін сақтап, оны теріс кейіпкерге айналдырмай, әділеттілікпен бейнелеуді жөн көрдік.

Қазақы қойылымды ұлттық салт-дәстүрмен әсем үйлестіріп, көркем дүние жасағаныңыз үшін шексіз алғысымды білдіремін. Сахнадан ұлттық рух пен болмыстың лебі есіп тұрды. Осындай құнды дүниелер арқылы халқымыздың бай мұрасы жас ұрпақтың жүрегіне жол тауып жатыр. Шығармашылығыңызға табыс, шабыт пен шексіз қолдау тілеймін!

                                                                     Сұхбаттасқан

 Ләззат ТАЛАСБАЙ,

Кинотеледраматургия мамандығының 2 курс студенті