Басты бет » Даналық дәптері » ТӘУЕЛСІЗДІК ҮШІН КҮРЕСКЕН ДИПЛОМАТ

ТӘУЕЛСІЗДІК ҮШІН КҮРЕСКЕН ДИПЛОМАТ



С Б жанынан қарап тұр, 2016

ЭССЕ-ДИАЛОГ

                Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы күрескен, аңсаған арманы мен мұраты болатын. Осы жолда сан ұрпақтың қаны төгіліп, намысы жаншылды. Енді міне, сол азаттығымыз, егемендігіміз бүгінгі ұрпақтың маңдайына жазылды.

           Қазақ елінің тәуелсіз ел болуына, сыртқы саясатының дамуына дипломаттар елеулі істер атқарды, қазір де зор еңбек сіңіріп келеді.

           1991 жылы тәуелсіздік алуға қатысқан тұлғалардың қатарында білікті дипломат Сайлау Батырша-ұлы да болды. Ол – қазақтан шыққан алғашқы дипломаттардың бірі, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қайраткері, Дипломат Нәзір Төреқұлұлы қоғамдық қорының және Астана қаласы «Мемлекеттік тіл» қозғалысының төрағасы, профессор, экономика ғылымдарының докторы. Дипломатиялық білім алып, өзінің тәжірибесі мен күш-жігерін, яғни елу жылдан аса ғұмырын дипломатияға арнады. Лауазымды қызметте жүріп-ақ дипломат қашанда өткір сынымен, шыншылдығымен таныла білді. Сол тәуелсіз, егемен елдің ертеңіне сенген ұлтжанды ұлдарының бірі, батыр Бауыржан Момышұлынан кейінгі ұлттық аты-жөнді иеленген, қайсар қайраткер Батырша-ұлы десек қателеспейміз.

          Осы орайда тәуелсіз Қазақ елінің ширек ғасырды артқа тастап, кемелдене бастаған шағында елдің келешегін ой елегінен өткізіп көрмек мақсатта кәсіби әрі тәжірибелі дипломат Сайлау Батырша-ұлымен Қазақстан тәуелсіздігі және Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығы туралы эссе-диалог құрдық.

 

АВТОР: Еліміздің тәуелсіздігін жақындату жолында қазақ дипломаттары да айтарлықтай қызмет атқарды десе, бұл жолда Сайлау Батырша-ұлының еңбегін ерекше атап өтпеске болмайды. Ол дипломатиялық еңбек жолын 1965 жылы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінде Бірінші хатшы қызметінен бастады. Осылайша, 60-жылдардың басында сыртқы істер саласына қызметке келген азамат әлі күнге дейін еліміздің дипломатия саласының дамуына атсалысып, саясаттың бел ортасында жүр.

Елдігіміздің тірегі – Қазақ жері, Ана тілі және Ислам діні. Біздің кейіпкеріміз үшін осы үш ұғым қасиетті. Сондықтан да ол – Б. Момышұлы сынды қазақтың жеріне көз алартып, тілін тұншықтыруға, дініне сынай қарайтындарға қарсы күрестің қашанда алдыңғы шебінен табылып жүрген азамат.

Осы жылдың қаңтар айында кейіпкеріміздің «Тәуелсіздік жолындағы дипломатия» атты кітабы жарық көрді. Еңбекте С. Батырша-ұлының өмірі мен қызметі, қазақ дипломатиясының тәуелсіздікке қосқан елеулі еңбегі туралы баяндалады. Сондай-ақ, еліміздің кешегісі сараланып, болашағы бағамдалған.

1991 жылы Н. Назарбаевтың басшылығымен тәуелсіздік алуға қатысқан тұлғалар, әсіресе сыртқы саясатта жүрген дипломаттар тарапынан жазылған тәуелсіздік үшін күрес, ел егемендігіне жасалған батыл қадамдар туралы еңбектердің ішінде «Тәуелсіздік жолындағы дипломатия» кітабының орны жоғары. Ол – тұңғыш мемуарлық документалды туынды, маңызы зор еңбек.

Мен кітаптың жарық көруіне атсалысып, редактор ретінде автормен бірлесе, тығыз байланыста жұмыс жасадым. Елдің тәуелсіздігі жолындағы табанды күрестің, атқарылған еңселі еңбектің, келелі істердің аясындағы көптеген жағдайлармен танысып, біраз жайтқа қанықтым. Кітапты оқи отырып, Батырша-ұлының азаматтық бет-бейнесі, берік ұстанымы тәуелсіздікті қорғауға, ұлттық санамызды жаңғыртуға бағытталғанын аңғару қиын емес.   

Осы орайда, кейіпкеріміз ел тәуелсіздігі, ұлт мүддесі турасындағы ой-пікірлерін оқырман назарына ұсынсақ.

Құрметті Сайлау аға ел Сізді ұлтжанды азамат ретінде таниды. Сонау Совет үкіметінің нық орнығып тұрған заманында-ақ ешнәрседен тайсалмай, қазақ елінің тәуелсіздігі үшін жан аянбай ашық қадамдарға барған батыл қайраткерсіз. Сол кезеңдерде батылдығыңыз үшін талай мәрте қызметте қудаланып, көп қиындықтарға тап болсаңыз да, алған бетіңізден қайтпай, қайсарылық таныттыңыз. Өз мақсатыңыздың дұрыстығын дәлелдеп шықтыңыз. Әлі де қызметтен қол үзбей, сыртқы істер министрінің штаттан тыс кеңесшісі ретінде еліміздің сыртқы саясатының дамуына өз үлесіңізді қосып келесіз. Қазақ елі қалай бостандық алғандығы, 25 жыл ішінде қандай дәрежеге жеткендігі бәрі көз алдыңызда. Осы орайда, өткенге көз жүгіртіп көрсек… Тәуелсіздікке біздің қолымыз қалай жетті? Сол туралы әңгімелеп берсеңіз…

 С. БАТЫРША-ҰЛЫ: – 70 жыл өмір сүрген Совет Одағының ыдырау үдерістері өткен ғасырдың 80 жылдары басталды. Совет Одағы саяси, экономикалық тоқырауға ұшырап, одақтас республикалардағы халықтардың сана-сезімі көтерілді. Сөйтіп, Мәскеудің диктатурасына қарсы шықты. Егемен өмір сүруге деген, демократияға деген талпыныстар байқалды.

Совет Одағының құрамындағы 15 одақтас республика өздерінің бостандығын, егемендігін алуға бел байлады. Соның нәтижесінде 1990 жылдың басында бірінші болып Эстон, Латыш және Литва елдері «Мемлекеттік егемендік туралы» декларация қабылдады. 90-шы жылдардың басында орын алған дағдарыс және саяси оқиғалар, халықтың бостандық жолындағы күресі КСРО-ның құлауына себеп болды. Сол жылдары одақтас республикаларда тәуелсіздікке деген ұмтылыс күшейіп, жер-жерлерде орталық билікке қарсы бас көтерулер мен егемендік декларацияларын жариялау секілді әрекеттер бірінен соң бірі жүріп жатты.

1990 жылы мамыр айында Ресей Федерациясының басшысы Б.Н. Ельциннің тапсырмасымен Ресей Сыртқы істер министрі М.В. Козырев барлық одақтас республикалардың сыртқы істер министрлерін Мәскеуге кеңеске шақырды. Бұл жиынға Қазақстан атынан сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы ретінде мен де қатыстым. Кеңесте Прибалтика республикалары министрлері СССР құрамынан шығу туралы мәселе қойды. Оны Украина, Грузия, Белоруссия, Қазақстан өкілдері және басқалар қолдады. Бұл оқиғаның үлкен саяси мағынасы бар еді. Бірінші рет СССР Сыртқы істер министрлігімен келіспей, Кремльден сұранбай, республикалар өздерінің дербестігін көрсетті.

1990 жылдың 25 қазаны күні Республика Жоғарғы Кеңесі «Қазақ ССР мемлекеттік егемендігі туралы Декларация» қабылдады. Бұрын қазақша «егемендік» деген сөзді «суверенитет» деп пайдаланып жүрдік. Бұл Декларация Қазақстан мемлекеттігінің негізін қайта қалаған тарихи маңызы бар заңды құжат болып есептеледі. «Мемлекеттік егемендік туралы Декларация» қазақ ұлтының болашағы үшін қабылданып, онда қазақ елін құру туралы ашық жазылған.

1991 жылдың басында Балтық елдері: Эстония, Латвия, Литва Кеңес Одағынан шығып кетті. Олардың тәуелсіздігін Ресей Федерациясы, Грузия, Азербайжан, Армения, Молдова және басқа республикалар мойындады. Б. Ельцин басқарған Ресей Федерациясы Жоғарғы Кеңесі КСРО басшылары отырған Кремльден өз мемлекеттік егемендігін жариялады. Бұл басқа республикаларға үлгі болды.

Дербестік алуымызға Ресей Федерациясы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Борис Николаевич Ельцин үлкен үлес қосты. Ол 1990 жылы 12 маусымда «Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны» қабылдап, Кремльде отырған М. Горбачевке бағынбай кетті. Осы кезде Мәскеуде екі билік болды. Б. Ельцин одақтас республикалардың мемлекеттік егемендік алуын қолдады. Сондықтан барлық одақтас республикалар тәуелсіздігі үшін Б.Н. Ельцинге рахмет айтуы қажет.

Сөйтіп, 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Қазақ ССР тәуелсіздігі туралы» заң қабылдады. Оған Президент Н.Ә. Назарбаев қол қойды. Сонымен, Кеңес Одағы толық ыдырады.

АВТОР: – Осы тұста айта кетерлік бәр жайт, кей кезде «Біз неге тәуелсіздігімізді өзгелерден кеш жарияладық немесе тәуелсіздік бізге оңай, соғыссыз келді» деген жаңсақ пікірлер естіп қалып жатамыз. Бұл әрине ақылға қонымсыз ойлар. Еліміз тәуелсіздік алар тұста сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы ретінде, осы үлкен саяси оқиғаға араласып, басы қасында жүрген қайраткер ретінде бұл туралы қандай пікір білдірер едіңіз?

С. БАТЫРША-ҰЛЫ: – Мен айтар едім, Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Бұл жолда сан ғасырдан бері күресіп келдік. Арғы тарихымызды қаузамай-ақ қояйық. Тәуелсіздік алуға бағытталған қадамдардың бірі қазақ жастары бас көтерген 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі болатын. 1990-91 жылдары патриоттық партиялар, қоғамдық ұйымдар, жұртшылық бостандық үшін демонстрация, митингтер ұйымдастырды. Біз дер кезінде тәуелсіздік алдық. Басқа елдерде не болып жатыр, қалай болып жатыр? Соның бәрін зерттеп, зерделей отырып, шешім қабылдау керек болды. Ол кезде еліміздің солтүстік облыстарында  қазақтардың үлес салмағы аз болды, орыс ұлтының саны да, ықпалы да күшті еді. Елімізде қазақтардың саны 44 пайыз ғана болатын, орыстар 42, қалғандары өзге ұлттар өкілдері. Ал қиын жағдайда аз ұлттардың орыс сепаратистері жағына кетіп қалуы мүмкін еді. Сондықтан жерімізді сақтап қалу үшін бізге асықпай қоя тұруға тура келді. Оның үстіне, территориямыз үлкен. Балтық жағалауы елдері секілді «біз бір халықпыз, жерімізге жібермейміз» деп Ресей басқыншыларына жолды бөгеп тұра алмаймыз. Сондықтан біздің Мемлекеттік тәуелсіздікті ең соңынан жариялауымыздың басты себебі – осы.

Екінші жағынан, біздің ішімізде Ресейден бөлініп шығуды құптамайтындар да болды. Неге десеңіз, әскер, өнеркәсіп, тағы да басқа көпшілік салаларда біз Мәскеуге тікелей бағынышты болдық. Сондықтан біз әліптің артын бағып, өзге елдердегі жағдайдың барлығын бақылай, зерттей отырып, өзіміздің жағдайымыз бен мүмкіншіліктерімізді ескеруге тура келді. Сол себепті біз жедел шешім қабылдауға мүмкіндігіміз аз болғандықтан, барлығын елеп-екшеп, таразылау керек болды.

Тәуелсіздікті жариялай салу оңай, ал оны ұстап тұру өте қиын. Осы тұста Президент Нұрсұлтан Назарбаев оң мен солды терең саралап, саяси сауатты қадамдар жасай отырып, көрегенділікпен қадам жасады. Себебі тәуелсіздікті бұдан ерте жарияласақ, еліміз үлкен саяси, экономикалық дағдарысқа ұшыраған болар едік. Сондықтан мен айтар едім, Қазақстан өз тәуелсіздігін дер кезінде жариялады.

АВТОР: Расымен де, тәуелсіздікке біздің қолымыз оңайлықпен жеткен жоқ. Үлкен саяси күрес жүрді. С. Батырша-ұлы да тәуелсіздік жолындағы күрестің бел ортасында өзінің білгірлігін танытты, тәжірибелі дипломат ретінде үлкен қадамдарға барды. Тәуелсіздік алуға бағытталған маңызды істерінің бірі дипломаттың сонау 1991 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы сессиясына қатысуы кезінде орын алды.

Яғни, ол 1991 жылдың қазан айында Совет Одағының делегациясы құрамында Қазақ ССР Сыртқы істер министрінің орынбасары ретінде Нью-Йоркте өткен БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы сессиясына қатысады. Дипломаттың әлемдік деңгейдегі басқосу аясында атқарған еңбегі, көрсеткен батылдығы біздің еліміздің тәуелсіздік алуына өзіндік ықпалын тигізді. Ол туралы кейіпкеріміз былайша баяндап берген еді.

С. БАТЫРША-ҰЛЫ: – Ол кезде мен Қазақ ССР Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқардым. Сол себепті Кеңес Одағы делегациясы құрамында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы сессиясына қатысуға мүмкіндік туды. Мен осы жағдайды сәтті пайдаланып қалуға тырыстым. БҰҰ мүше елдердің делегацияларымен жұмыс жүргізіп, Қазақстан туралы ақпарат бердім. Ең бастысы, мен АҚШ Мемлекеттік департаментінің Орталық Азия бөлімі басшысы Джонсон және Америка Конгресмені Джоунстқа Қазақстан басшыларының тәуелсіздікті көздеп отырғанын жеткіздім. 1991 жылы 22 қазанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Перес де Куэльярмен кездесіп, оған республиканың дербес саясат жүргізіп отырғаны және болашақта тәуелсіздікке баратыны туралы жеткізуім – үлкен саяси іс болды.

АВТОР: – Мұндай қадамға баруыңызды мен саяси көрегенділік әрі батырлық деп санаймын. Бұл әрекетіңіз үшін қызметіңізден қуылуыңыз да мүмкін еді ғой…

С. БАТЫРША-ҰЛЫ: – БҰҰ жанында тіркелген шетел тілшілеріне пресс-конференция өткіздім. Онда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған бағытымен Қазақстан толық мемлекеттік тәуелсіздікке барады, БҰҰ мүше болып кіреді деген мәлімдеме жасадым. Ол көптеген шетел мемлекеттерінің бұқаралық ақпарат құралдарына жан-жақты тарады. Сөйтіп, 1991 жылы 24 қазанда ТАСС (Совет Одағы телеграф агенттігі – мемлекеттік деңгейдегі ең ықпалды, елдегі басты саяси ақпараттық агенттік болатын) корреспондентіне берген сұхбатым «Егемен Қазақстан», «Жетісу», «Казахстанская правда» газеттерінде жарық көрді. Алайда осы мәлімдемем үшін мен қыспаққа алынып, жедел түрде Нью-Йорктен Алматыға шақырылдым. Сол кездегі министр А. Арыстанбекова Совет Одағынан шықпаймыз деп, менің жұмыстан кетуімді талап етті. Алайда Президент Н. Назарбаев тәуелсіздік жолындағы еңбегімді тура деп тауып, мені өз қызметімде қалдырды.

Президенттің маған көрсеткен қолдауы мен сенімінің арқасында қызметімді жалғастырып, әлі де сыртқы істер саласында еңбек етіп келемін. Еңбегімнің жемісі ретінде «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталдым.

АВТОР: – Қазақстанның тәуелсіздік алуына үлкен еңбек сіңірген тұлға – біздің тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Еліміздің дамуына ғана емес, күллі әлемге танылуына, тәуелсіздігіміздің нығаюына Елбасымыздың артқарған еңбегі өлшеусіз. Сол кезде Сіз Елбасының жанында жүріп, ел мұраты жолында бірлесе қызмет атқардыңыз, сан мәрте пікірлестіңіз. Жалпы қазақ азаматы ретінде, дипломат ретінде ел тәуелсіздігін нығайтудағы, Қазақстанның әлем алдындағы беделін арттыру жолындағы Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегі турасында әңгімелеп берсеңіз.

С. БАТЫРША-ҰЛЫ: – 1991 жылы КСРО ыдырағаннан кейін дүниежүзілік саяси картадан тағы бір империя жойылып, оның орнына он бес тәуелсіз мемлекет құрылды.

Совет Одағының христиан, славян республикалары Ресей, Украина, Белоруссия елдері 1991 жылы 8 желтоқсанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын өзінше құрды. Орта Азиядағы бес мұсылман, түркі республикалары жеке одақ құрса, екі саяси-экономикалық блоктың бір-біріне қарсы тұру қаупі төнді. Сол шиеленісті жағдайды болдырмау үшін 1991 жылы 21 желтоқсанда Қазақстан Президенті бұрынғы Кеңес Одағының құрамына кірген 11 тәуелсіз мемлекеттер басшыларын Алматыға жинады. Сол жиында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрамын кеңейтіп, 9 елді қосу туралы хаттамаға қол қойылды. «Алматы Декларациясында» ТМД-ның құрылуымен Советтік Социалистік Республикалар Одағы болмысы толығымен тоқтатылды делінген. Осымен бұрынғы СССР-ға соңғы үкім шығарылды.

Қазақстан ТМД құрылғаннан бастап Достастықтың тағдыры үшін айрықша жауапкершілік танытты. ТМД елдерімен тең құқылы, өзара тиімді қарым-қатынастарды орнату және дамыту Қазақстан сыртқы саясатының аса маңызды міндеттерінің бірі болды. Бұл тарихи айтулы оқиға еді. Нұрсұлтан Назарбаев осы жерде үлкен көрегенділік танытып, бұрынғы республикалар арасындағы үлкен соғыстың алдын алды. Тарихта алып империялар күйрегенде, оның құрамындағы халықтар бостандық үшін, жер үшін ұзақ жылдар бойы соғыстың орын алғаны белгілі. Біз сондай қауіптен аман қалдық.

АВТОР: – Тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда еліміздің сыртқы саясаттағы беделі артып келеді. Қазақстанды бүгінде әлем таныды. Көптеген халықаралық деңгейдегі шаралардың өтуіне ұйытқы болды. Бұдан бөлек, ішкі тұрақтылық, экономикалық даму бойынша да көп елдерге үлгі боларлықтай істер атқарылды. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

С. БАТЫРША-ҰЛЫ: – Бүгінде Қазақстан әлемдік қауымдастықтың барлық елдерімен достық және өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін барша әлемге паш етіп отыр. Мемлекет басшысының батыл бастамаларының арқасында тәуелсіз еліміздің мерейі мен беделі үстем болды. Қазақстан бүгінгі таңда жаһандық ядролық қарусыз әлем қозғалысының көшбасшысына айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде жариялау туралы Қазақстанның бастамасын қолдады. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің жұмысын ілгерілетіп жатырмыз. Халықаралық аренадағы соңғы жетістігіміз ретінде Қазақстанның БҰҰ 2017-2018 жылдардағы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын атап өтуге болады.

Тәуелсіз ел ретінде Қазақстан сыртқы саясатта белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Оның нәтижесінде 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында Астанада  Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше 55 мемлекеттің басшылары, сыртқы істер министрлері қатысқан Саммит өткізілді. Қазақстан Ислам ынтымақтастық ұйымының сыртқы істер министрлер Кеңесінің төрағасы болды. Осылайша, еліміз көптеген халықаралық деңгейдегі іс-шараларға белсенді үлес қосып келеді. Соның тағы бір айғағы, Қазақ елі таяуда ғана «ЭКСПО-2017»  халықаралық көрмесін жемісті аяқтады. Аталған көрме елімізді дүние жүзіне танытатын ауқымды шара болғаны анық. Сонымен қатар, 2017 жылдың 10-11 қыркүйегінде Астанада ғылым мен технология бағытында Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммиті де өтті. Міне, осы жұмыстардың барлығы Қазақстанның әлемдік аренада өз орнын тауып, әлем таныған мемлекетке айналуына Елбасы тарапынан жасалып жатырған батыл қадамдар, игілікті шаралар.

Бұдан бөлек, тәуелсіздік алғаннан соң мемлекет басшымыздың бастамасымен елдің дамуы, экономикамыздың, мәдени саламыздың жандандыру бағытында көптеген істер атқарылды. Елбасымыздың тікелей қолдауымен шет жерде тұрып жатырған миллионға жуық қандасымыз өз отанына оралды. Олар ел дамуына өзіндік үлес қосып, түрлі салада еңбек етуде. Бұл тәуелсіздіктің арқасында мүмкін болған басты жеңісіміздің, жетістігіміздің бірі.

Еліміздің дұрыс бағыт ұстанып, өсіп-өркендеуіне Президенттің жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдаулары айтарлықтай ықпал етуде. Әсіресе биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасы мақаласының маңызы тіптен ерекше. Жаңғырту дегенді біз жаңарту, өзгерту деп түсінбеуіміз қажет. Бәрін өзгертуге болмайды. Негізгі қазақтың ұлттық атын әдет-ғұрпы, дәстүрін сақтай отырып, жаңа идеямен дамуымыз керек. Ұлттық рухымызды сілкінтіп, дәстүрімізді, дінімізді, тілімізді, рухани байлығымызды бекемдеуге ұмтылуымыз қажет.

Латын әліпбиіне көшу мәселесі де қоғамды қызу талқылануда. Бұл бастамаға біз оң көзқарас танытып, латын әліпбиіне көшуге қолдау білдіруіміз қажет. Латын әліпбиі қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына мүмкіндік туғызады. Латынға қайта оралу арқылы орыстардың ықпалынан шығу жолы ашылады. Елбасымыз өз Жолдауында: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторларының – еліміздің мемлекеттік тілін, қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға күш-жігерімізді жұмсауымыз керек» деген еді. Сондықтан мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін бар мүмкіндікті қолданып, жағдай туғызуымыз керек.

АВТОР: Дипломатия саласындағы қызметімен қатар, С. Батырша-ұлы белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз ретінде де зор құрметке ие. Ол – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Қазақ гуманитарлық заң университетінде, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінде дәріс оқыды. Сондай-ақ, Қазақ ұлттық университетінде «Докторлық диссертация қорғау кеңесіне» мүше болып, көптеген ғалымдарды дайындады. 2002 жылдан Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры. Студент жастарға білім беріп, дипломаттар мен халықаралық қатынастар бойынша мамандар тәрбиелеп келеді.

Сондай-ақ, ол жүзден астам ғылыми еңбектер, мақалалар, оқулықтар жазды. «Развитие промышленности в развивающихся странах», «Индустриализация экономики стран Северной Африки», «Дипломатия тек сыртқы саясат емес» (Дипломатия – это не только внешняя политика») кітаптарының, «Дипломатиялық қызмет және халықаралық қатынастар» (2011) оқулығының және Қазақстанның саяси-экономикалық проблемалары жөніндегі көптеген мақалалар мен еңбектердің авторы.

Білікті ұстаз студенттерге халықаралық қатынастар саласын оқытып қана қоймай, тәуелсіздіктің құндылығын түсінуге жол ашатын «Тәуелсіздік шежіресі» тақырыбында үлкен аудиторияға лекция оқиды. Бұл болашақ мамандардың патриоттығын шыңдап, тәуелсіздіктің қадір-қасиетін бағалуға, түсінуге мүмкіндік береді.

Осы орайда, тәуелсіз елдің бүгінгі ұрпағы, жас буын туралы профессордың ойын білсек.

– Сіз әлі де еңбектен қол үзбей, Қазақстанның сыртқы саясатының дамуына өз үлесіңізді қосып, күш-жігеріңізді жұмсап келесіз. Жас дипломаттарға білім беріп, сыртқы саясаттың қыр-сырын меңгертудесіз. Бүгінгі жастарға қатысты сіздің көзқарасыңыз қандай? Жалпы, жас ұрпаққа ата буын өкілі ретінде не айтар едіңіз?

 С. БАТЫРША-ҰЛЫ: – Тәуелсіздікпен бірге өсіп-жетілген жаңа буын өкілдері өмірге келді. Бүгінде жастар өте белсенді. Көпшілік қазір жастар кітап оқымайды деп реніш білдіріп жатады. Онымен толықтай келісуге болмайды. Ия рас, бұрын радио, телевидение болатын болса, қазіргі жағдайда интернет пайда болды. Қазір жастарымыз керегін интернеттен іздейді. Ақпараттық кеңістікте интернеттің маңыздылығы жоғары. Сондықтан интернетті өз пайдамызға жарата білуіміз қажет. Өзіміздің тарихымызды, басқа да ұлттық құндылықтарымызды ғаламтор арқылы жаңғыртып, жас ұрпаққа жеткізіп отыруымыз керек. Тарихын білмеген адам мұз үстінде тайғанап жүргенмен тең. Сол себепті аяқтан нық тұру үшін тариыхымызды білу қажет. Өз ұлтымыздың өткен тарихын, салт-санасын терең меңгергенде ғана біз қазақтығымызды сақтап қала аламыз. Тілімізге баса назар аударған жөн. Бірнеше шет тілдерін меңгерген жастар бар. Алайда бірінші кезекте өз ана тіліміз тұруы қажет. Жастарымыз осыны ескерсін.

Сондай-ақ, жастар кім екендігін, қайдан шыққандығын ұмытпауы керек. Біз – азиятпыз, мұсылманбыз, түркі халқымыз, қазақ ұлтымыз. Жастар осыны естерінен шығармауы керек. Тағы қайталап айтамын, жас ұрпақ тарихынан қол үзбеу керек. Келесі кезекте, қазақ білімге, ғылымға ұмтылуы тиіс. Бізге өнеркәсіп, өндіріс саласының мамандары жетіспейді. Сондықтан жастарымыз техникалық мамандықтарды көптеп меңгеру керек.

Десек те, білім іздеген, талапты жастар көп. Қайда оқимын десе де өз еркі. Кеңес Одағы кезінде азаматтар Мәскеудің рұқсатынсыз шет мемлекетке шыға да алмайтын. Қазір шет елдерде оқуға болады. Білім аламын деген жастарға бар мүмкіндік қарастырылып отыр. Бұл әрине біздің тәуелсіздігіміздің арқасы. Сондықтан тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, қастерлей білуіміз қажет. Себебі тәуелсіздікті алу қандай қиындықпен келген болса, тәуелсіз мемлекетті сақтап қалу одан да қиын. Осыны естен шығармаған жөн.

Жалпы, жастардың болашағы жарқын болсын деп тілеймін.

АВТОР: – Жақсы тілегіңіз үшін, толымды әңгімеңіз үшін үлкен рахмет! Сіздің ел үшін, ұлт үшін сіңірген істеріңіз көпке үлгі. Ел ағасы ретінде ұрпақ тәрбиесінде атқарар еңбегіңіз, жазарыңыз, айтарыңыз әлі де көп болсын. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық тілеймін!

Венера ҒАЙНУЛЛИНА

Пікір жазу