ТҰсаукесер шарасы Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Шара барысында облыс бойынша бір мезетте 180 баланың, ал Семейде 40-қа жуық бүлдіршіннің тұсауы кесілді.
Абай облысында Наурыз мейрамына орай 300-ге жуық киіз үй тігілді. Мерекелік шаралар облыстың барлық ауданы мен қаланың барлық шағын ауданын қамтыды.
Облыс әкімі Берік Уәли орталық алаңдағы киіз үйлерді аралап, Наурыз мейрамының басты оқиғасы – тұсаукесер рәсіміне қатысты. Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай өңірде бір мезетте 180 бала жаңа өмірге қадам басты. Ал Семейде аймақ басшысы зиялы қауым, мәдениет, білім, спорт, кәсіпкерлік, басқа да сала өкілдерімен бірге 40-қа жуық бүлдіршіннің тұсауын кесті.
22 наурыз күні мерекелік шаралар облыстың барлық аудандары мен қаланың барлық шағын аудандарын қамтыды. Семей қаласы Наурызды кең көлемде атап өту үшін мазмұнды бағдарлама әзірледі. Орталық алаңда қолөнер көрмелері, ұлттық ойындар, спорттық жарыстар, фотоаймақтар дайындалды.
Мерекенің көркін келтірген шараның бірі – композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай жүз жас домбырашының сазгер шығармаларын бір мезгілде орындауы. Бұл жұртшылыққа музыка мен тарихи тағылымға толы ерекше атмосфера сыйлады.
Семейліктер мен қала қонақтары орталық алаңда қазақстандық эстрада жұлдыздары «Алашұлы», «МузАрт» тобы мен Ә.Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының, қалалық мәдениет сарайы әншілерінің өнерін тамашалады.
Кешкі бағдарлама аясында «Алашұлы» тобы, «Әдемі-ай» дуэті мен Қайрат Нұртас, жергілікті өнерпаздар өнер көрсететін болады.
Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі