Университетте төрт жыл бойы тек дәріс тыңдап, емтихан тапсырсам болды дейтін студент пен түрлі жобаларға араласқан, өзін жан-жақты дамытқан студенттің болашағы бірдей болуы мүмкін бе? Меніңше, жоқ.
Белсенді студент болу – табысты мансап пен жаңа мүмкіндіктерге апаратын маңызды қадам. Осы орайда біз студенттік жылдарын білім алумен қатар, тіл үйренуге, саяхаттауға, өзін дамытуға арнап жүрген Риза Даниярмен сұхбаттасқан едік.
– Мектеп бітіріп, қолға аттестат алу сәті жақындаған сайын әр түлек өз өмір жолына көз тастайды, ойланады. Арман қуып, студент атану үшін таңдау жасайтын уақыт та келеді. Бірі өзінің бала қиялы жетелеген жаққа бет бұрса, бірі ата-ана қойған талапқа сай шешім шығарады. Журналистика мамандығына қалай келдің? Неге журналистиканы таңдадың?
– Мен бала кезден айна алдында сөз сөйлеп, өзімді бағдарлама жүргізушісі сезінетінмін. Қолыма телефон түссе, камерасын қосып, үйдегілерге сұрақ қойып, өзім әлдеңені баяндайтынмын. Сондай қызығушылығымды байқаған бастауыш сынып мұғалімім мені қалалық байқауға жібереді. Менің болашағымды айқындаған байқау деуге болады. Мен бас жүлдені алмасам да, қазылар алқасының мүшесі болған Ләйлә Сұлтанқызының көзіне түсіп, фотограф ағай мені «Жайдарманға» ұсынып, ары қарай сахнада өнер көрсетуімді жалғастырдым. Мен журналистикаға оқуға түсуге дайындығымды бесінші сыныптан бастадым, себебі барлық сертификат, грамоталарымды университетке түсерде керек болады деп анам екеуміз портфолиоға жинақтағанбыз. Анам менің кез келген шешімімді қолдап, таңдау құқығын қашан да өзіме қалдырған. Осылайша, 11-сыныпта бір жыл үздіксіз ҰБТ-ға дайындалып, бала Риза таңдаған мамандыққа түсуді жөн көрдім.
– Оқу мен қоғамдық белсенділікті қалай үйлестіресің?
– Мен мектеп қабырғасында жүріп-ақ өзім үшін қатаң ереже бекіткенмін. Қандай түсірілім, шара, жетістік болмасын менің оқуымнан жоғары тұрмауы керек. Менің әлемімде сауатты болу – өте маңызды. Мен әрдайым ғылым, білімді алғы шепке қоятынмын. Менің жарқыраған күлкім, әдемі бейнем мен танымалдылықтың ілімсіз құны жоқ екенін ерте аңғарғандықтан, оқудан кейінгі уақытта ғана қоғамдық белсенділікпен айналысатынмын. Сабақ үшін түрлі ұсыныс, жобалардан бас тартқан сәттерім көп болды, себебі кейде екеуін қатар алып жүру қиындық тудыратын. Ал қазір барынша алдын ала жоспарлау арқылы ғана тепе-теңдікті сақтай аламын. Уақытылы орындау, алдын ала жоспар құру, жоспарға сәйкес әрекет ету.
– Шет тілін меңгеру сен үшін қаншалықты маңызды? Ағылшын тілін қаншалықты жетік меңгердің?
– Бірінші курста университетті аяқтамай тұрып, шетел көруім керек деген нақты мақсат қойдым. Қыдырып, саяхаттап емес, білім алуға немесе тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін бағдарламамен баруды қаладым. Уақыт тығыз болғандықтан, бұл процесс өте қарқынды және жүйелі болды. Күн сайын ағылшынша қарапайым сөйлемдер оқып, тыңдап, жазып, сөйлеуге тырыстым. Бастапқыда ағылшын тілін барынша жиі есту, оқу және қолдану дағдысын қалыптастыру маңызды екенін түсіндім. Грамматика, сөздік қор бойынша миллион кеңес беруге болады, бірақ менің түйгенім – ұялшақтық пен қателесуден қорқуды ұмыту. Тіпті, ағылшын тілін жақсы деңгейде меңгерген адамның өзін тежейтін қасиет – қорқыныш. Тіл үйрену бойынша ешқандай кеңес осы фундаментсіз жүзеге аспайды. Тілді енді үйреніп бастаған уақытта ақымақ болып көрінуге, қателік жіберуге, біртүрлі сұрақ қоюға өзіме рұқсат бердім. Мен қашанда практикаға аса мән беремін, сөздік қорыңызда бар он сөзбен сөйлем құрап, сөйлеп бастамасаңыз, ертең мың сөз білсеңіз де, сөйлемейсіз. Сондықтан практиканы бастауға қолайлы уақытты күтпеңіз.
Болашақта шетелдік саяхатшы достарыммен спикинг клаб ұйымдастыру жоспарда бар. Ағылшын тілін өз бетінше үйренуге арналған гайдымда барлық ресурс, ақпарат пен кеңес жазылған. Қазіргі уақытта бар назарым журналистикаға 11-сынып оқушыларын дайындайтын онлайн мектебімде, сондықтан ағылшын тілін үйрету мақсатымда жоқ. Себебі әр істің өз мамандары білім бергені дұрыс деп есептеймін. Мен өзімді ағылшын тілінің маманы есептемеймін, тек курс, мұғалімнен сабақ алуға мүмкіндігі жоқ немесе өзі жеке ізденіп, үйренгісі келетін жандарға көмек ретінде гайд шығардым. Өйткені әуелде өзімде де ұқсас жағдай болды.
– 16 мемлекетте болған екенсің, қай мемлекеттерге саяхаттауға немесе оқу-жұмыс барысымен бардың?
– АҚШ – өзім жалғыз барған алғашқы шет мемлекетім болды. Студенттерге арналған «Work and Travel» бағдарламасымен 3 ай жұмыс істеп, тәжірибе жинақтадым, ағылшын тілі деңгейімді әжептәуір көтердім. Толық қаржыландыру мен тегін оқу ұтып алып, Польшада оқыдым. Қалған елдердің барлығына тек саяхат мақсатымен бардым. Саяхатты ешқашан армандаған емеспін, Польшада жүріп, бір-біріне жақын орналасқан Еуропа елдерін аралаудан бастадым. Бұл қызығушылығым ары қарай арта түсіп, менің саяхатшы атануыма алып келді.
– Қай ел ерекше есте қалды?
– Әр ел өз ерекшелігімен есте қалады. Десе де, өмірге көзқарасым Испаниядан кейін қатты өзгерді. Әр күнді мерекеге айналдыруға болатынын, қарттық – өмірдің соңы емес екенін, эмоциямен дос болуды, көп жағдайды қиындатпай, жеңіл қарауға болатындығын испандықтар ұғындырды.
– Көргің келетін, міндетті түрде баруым керек дейтін жер бар ма?
– Мен барлық елге, ұлтқа, Жер шарындағы барлық мәдениетке қызығушылық танытамын. Сондықтан көргім келетін ел көп, ал міндетті баруым керек дейтін тізімде Индия, Непал, Ұлыбритания, Иран, Ауғанстан, Кения, Намибия мен Солтүстік Корея бар.
– Өз жерімізде жүріп кейде әлемді мінсіз деп қабылдаймыз, сен үшін мінсіз картина болған, кейін олай емес екен дейтіндей жайттар болды ма?
– Ерекше сұрақ. Мен бала кезден елдер туралы түрлі қызықты ақпарат оқуды ұнататынмын. Осылайша, Берлин мен үшін ең таза, ақ шұлықпен жүріп өтсең, кірленбейтін ел болып жадымда сақталып қалған. Берлинде үш рет болып, менің санамда қалып қойған көрініс қатты өзгерді. Дамыған елдердің көзқарасы мен ойлау деңгейі бөлек, олар барлығын сыйлап, құрметтейді деген ойым да шындық әлемімен бетпе-бет келгенде сынған жылтыр көзілдіріктей болды. Кемсітулер, расизм кез келген елде болатынына көзім жетті, әсіресе мен мүлде күтпеген елдерде оның деңгейі жоғары болып шықты.
– Белсенді студент болудың қандай артықшылықтары мен қиындықтары бар?
– Мен университетте студент ретінде мүмкін болған көп мүмкіндікті пайдаландым деп есептеймін. Белсенді болу арқылы, ең алдымен, өзіңнің жарқын болашағыңа жол ашасың. Сондықтан өзгеден алғыс, мақтаулар күтудің қажеті жоқ. Мақсат ондай болмағаны абзал. Келешекте жұмысқа тұрарда, оқуға тапсырарда студенттік шақтағы белсенділіктеріңіз көп көмегін тигізеді. Ал қиындық бойынша, өз басым энергияның көп кетуін атап өткім келеді. Сондықтан мақсатыңыз айқын студент болсаңыз, оған қосымша энергия табылады, тек жауқауланбаңыз!
– Әсерлі әңгімеңе рахмет!
Әңгімелескен
Сәния ИБРАЕВА