21-28 наурыз аралығында қазақстандық жастар делегациясы тәжірибе алмасу мақсатында Үндістанға сапарлады. Оларға Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Қырғызстаннан келген жастар да қосылды.
Кездесудің басты мақсаты – достық байланыстарды нығайту және жастарды Үндістанның мәдениетімен таныстырып, заманауи дамуын көруге мүмкіндік беру.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, іскерлік бағдарлама аясында қатысушылар жастар саясаты, спорт және цифрландыру салаларына жетекшілік ететін министрлермен кездесті. Сондай-ақ олар жергілікті атқарушы органдар мен Үндістанның жетекші оқу орындарының жұмысымен танысты. Туристік бағыт бойынша жастар Делиге, Гоаға және Аграға сапар шегіп, Тәж-Махал, Агра қамалы және басқа да тарихи орындарды аралады.